Перейти к содержимому
Главная страница » Креативті экономика: халықаралық концерттер өңір дамуына қалай әсер етеді?

Креативті экономика: халықаралық концерттер өңір дамуына қалай әсер етеді?

Көпшілік халықаралық деңгейдегі концерттердің аздығын әртістердің қызығушылығының жоқтығымен немесе көрермен тапшылығымен байланыстырады. Алайда мәселенің түп-төркіні мүлде басқа болуы мүмкін.

Freedom Events компаниясының бас директоры Виктория Торгунакованың пікірінше, Қазақстандағы мәдени индустрияның басты кедергісі – көрерменнің жоқтығында емес, өңірлердегі мәдени инфрақұрылымның жеткілікті дамымауында.

Бүгінде Алматы мен Астана ғана емес, Атырау секілді өңірлік орталықтар да ірі мәдени іс-шаралардың жаңа нүктесіне айналып келеді. Дегенмен көптеген қалада халықаралық деңгейдегі концерттер өткізуге қажетті жағдай әлі толық қалыптаспаған.

«Мәселе әртістердің өңірлерге барғысы келмеуінде емес. Ұйымдастырушылар жаңа қалаларда жұмыс істеуге дайын. Бірақ концерт залдарының техникалық мүмкіндігі, дыбыс пен жарық сапасы, қауіпсіздік талаптары және көрермен сыйымдылығы сияқты факторлар шешуші рөл атқарады» – дейді Виктория Торгунакова.

Оның айтуынша, мәдениеттің дамуы халықтың өмір сүру деңгейімен де тығыз байланысты. Қазақстандықтар табысының басым бөлігін күнделікті қажеттіліктерге жұмсайды. Ал театрға, концертке немесе басқа мәдени демалыс түрлеріне кететін шығын көлемі шамамен 3–4 пайыз деңгейінде қалып отыр.

Бұл көрсеткіш дамыған елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Мысалы, АҚШ пен Еуропа елдерінде адамдар бос уақыт пен мәдени демалысқа бірнеше есе көп қаражат жұмсайды. Сарапшылар мұны қоғамның экономикалық және әлеуметтік жетілуінің маңызды көрсеткіштерінің бірі ретінде бағалайды.

Виктория Торгунакованың пікірінше, мәдени шараларды тек ойын-сауық ретінде қабылдау қате. Бір концерт, театр қойылымы немесе көрме адамның дүниетанымын кеңейтіп, қоғамдық ортаға деген көзқарасын өзгертеді.

«Мәдениет – бұл жай ғана демалыс емес. Ол қоғамның сапасын қалыптастыратын құрал» – дейді ол.

Сонымен қатар мәдени индустрия экономиканың да маңызды қозғаушы күшіне айналып келеді. Бір ғана концерт немесе фестиваль қонақүйлердің, мейрамханалардың, такси қызметтерінің және шағын бизнестің табысын арттыра алады. Сондықтан көптеген мемлекеттер мәдениетке жұмсалған қаржыны шығын емес, инвестиция ретінде қарастырады.

Кейінгі жылдары Қазақстанда концерттер, театрлар, цирк қойылымдары, спорт жарыстары мен киберспорт төңірегінде жаңа нарық қалыптасып келеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл бағыттардың дамуы өңірлік туризмге, қызмет көрсету саласына және жергілікті экономикаға тың серпін береді.

Алдағы жылдары басты міндеттің бірі – мәдениетті адамдардың күнделікті өмірінің табиғи бөлігіне айналдыру. Өңірлерде заманауи концерт залдары мен мәдени кеңістіктер көбейіп, сапалы мәдени өнімдерге қолжетімділік артқан кезде ғана Қазақстанның мәдени нарығы жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін.

Өйткені мәдениет тек сахнадағы өнер емес. Ол қалалардың туристерді тарту мүмкіндігін арттыратын, экономиканы жандандыратын және қоғамның келбетін қалыптастыратын күш.

Алматы облысы қайта құрылып, облыс орталығы Қонаев қаласына көшкеннен бері event tourism (фестиваль, жарыс сияқты түрлі спорттық-мәдени оқиғаларға негізделген туризм) бағытында халықаралық деңгейдегі ірі іс-шаралар өткізіле бастады. Сарапшының сөзінше, event tourism-ді шоу-бизнес тілімен айтсақ, Қонаев қаласы қазір «болашақ жұлдыз» кезеңінен өтіп жатыр. Сахнаға шығуға дайын, енді тек үлкен хиттер керек.

«Негізінде, халықаралық концерт өткізу үшін үш нәрсе маңызды: локация, логистика және эмоция. Қонаевта осы үшеуі де бар. Бір жағында – іргедегі Алматының ресурсы мен халықаралық әуежайы, екінші жағында – Қапшағай жағасының ерекше атмосферасы. Әлемдік жұлдыздардың концерттері бүгінде тек үлкен ареналарда емес, ерекше локацияларда өтеді. Ал, Қонаевтың басты артықшылығы – дәл осы ерекшелігінде. Әрине, Қонаев қаласында инфрақұрылымды әлі де күшейтуге болады. Десе де, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, инфрақұрылым көбіне сұраныстан туындайды. Ал сұранысты тудыратын нәрсе – батыл идеялар мен халықаралық ауқымдағы іс-шаралар» — дейді Виктория Торгунакова.

Сондықтан Қонаевқа концерт өткізетін қала, әрі адамдар арнайы ұшып келетін эмоциялар қаласы ретінде қарауға болады. Егер дұрыс стратегия құрылса, болашақта халықаралық әртістердің саяхат кестесінде Алматы мен Қонаев бір пакет ретінде неге қарастыруға болады деп ойлаймын.

Назира Бурханова