Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғаудың маңызды бағыттарының бірі. Осыған орай Алатау қаласында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында бірқатар кешенді жұмыстар атқарылуда.
Жыл басынан бері құқық қорғау органдарының, білім беру ұйымдарының, денсаулық сақтау мекемелерінің, жастар ресурстық орталығының және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, жастармен және қала тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін зияны, олардың заңсыз айналымы үшін көзделген жауапкершілік және нашақорлықтың қоғамға тигізетін кері әсері кеңінен түсіндірілді.
Білім беру ұйымдарында оқушылар мен студенттердің қатысуымен дөңгелек үстелдер, семинарлар, дәрістер және профилактикалық кездесулер өткізілді. Іс-шаралар барысында жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және зиянды әдеттердің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар қала аумағында есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталған ақпараттық акциялар ұйымдастырылып, тұрғындарға түсіндіру материалдары таратылды. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы есірткіге қарсы бағыттағы бейнероликтер мен ақпараттық материалдар тұрақты түрде жарияланып келеді.
Есірткі қылмыстарына қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болып табылады. Осыған байланысты ата-аналармен, жастармен және қоғамдық ұйымдармен бірлескен жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Азаматтардың белсенді ұстанымы мен қоғамдық жауапкершілігі есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Алатау қаласында есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Негізгі мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жастарды зиянды әдеттерден қорғау және салауатты қоғам қалыптастыру.
Салауатты өмір салтын таңдау – жарқын болашақтың кепілі.
