Алматы облысы Іле ауданының №13 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Күрті ауылдық округінің аумағында орналасқан су тоғандарында демалушылар мен балықшылар арасында профилактикалық жұмыстар өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың өрт қауіпсіздігі мен су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау деңгейін арттыру және төтенше жағдайлардың алдын алу.
Профилактикалық іс-шара барысында мамандар табиғат аясында демалу кезінде от жағу тәртібі мен өрттің алдын алу шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Азаматтарға құрғақ шөптер мен ағаштардың жанында от жағудың қауіптілігі, отты қараусыз қалдырмау және демалыс аяқталғаннан кейін оны толық сөндіру қажеттігі ескертілді.
Сонымен қатар демалушылар мен балықшыларға су айдындарындағы қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Қызметкерлер жабдықталмаған және рұқсат етілмеген орындарда суға түсу адам өміріне қауіп төндіретінін айтып, су жағасында сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігін жеткізді. Әсіресе балаларды қараусыз қалдырмау, мас күйінде суға түспеу және қауіпсіздік ережелерін бұзбау жөнінде кеңестер берілді.
Іс-шара соңында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі мен судағы қауіпсіздік ережелері көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратылып, олардың сұрақтарына жауап берілді.
Мұндай профилактикалық жұмыстар азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және жазғы кезеңде орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған. №13 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері тұрғындарды өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, белгіленген ережелерді қатаң сақтауға шақырады.
