Кездесу барысында ол ауданда инфрақұрылым желілерін тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
Марат Сұлтанғазиевтің сөзінше, Еңбекшіқазақ ауданында 79 ауылдың 71-і сапалы ауызсумен қамтылса, қалған 8 ауыл орталықтандырылған суға қосылмаған.
«Бүгінгі таңда құны 4,5 млрд. теңге болатын Нұра, Қызылжар және Бәйдібек би ауылдарын сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Оның құны 4,5 млрд теңге», – деді облыс әкімі.
Өңір басшысының мәліметінше, Шелек ауылында 2014 жылдан бері құрылысы аяқталмай келе жатқан кәріз желісі биыл іске қосылады. Жоба құны 2,4 млрд. теңгені құрайды.
Әкім аудандағы жол мәселесіне де тоқталып, жолдардың жалпы жағдайы жақсы екенін айтты.
«Ауданда жолдардың жағдайы жақсы және 89 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Былтыр 6 елді мекенде 205,2 шақырым облыстық жол және ауылдар арасындағы 16,8 шақырым жол жөнделді. Биыл ауданда жалпы ұзындығы 276 шақырым жол жөндеу жұмыстарына 5,5 млрд. теңге бөлінді», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Alatau News