Жамбыл ауданындағы Қарғалы №2 мамандандырылған лицейі – өңірдегі іргелі оқу орындарының бірі. Білім ордасы үшін биылғы жыл толағай табыстар мен жарқын жеңістерге толы болды. Оқушылар мен ұстаздар облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі беделді білім додаларында топ жарып, мектеп мерейін асқақтатты. Үлкен ұжымды алға жетелеп отырған парасатты басшы, білікті педагог – Жұлдыз Асқарова.
Жаратылысынан ізгілік пен еңбекқорлықты серік еткен Жұлдыз Асылбекқызы 2004 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын физика-информатика пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Жалпы педагогикалық өтілі 21 жылға жеткен ұлағатты ұстаз – өз ісінің нағыз шебері. Ол осы лицейде 2016 жылдан директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып, кейіннен басшылық қызметті қолға алды. Міне, 6 жыл бойы лицей директоры ретінде міндетін абыроймен атқарып келеді. Басқарушылық қабілеті мен аналық жүрегі әрбір оқушының талантын ұштауға, әрбір мұғалімнің шығармашылық шабытын оятуға бағытталған.
Мектеп деңгейінің басты көрсеткіші – оның түлектері. Былтырғы оқу жылында лицейді 41 түлек аяқтап, барлығы да мемлекеттік грантқа түскен. Олардың ішінде бір «Алтын белгі» және 5 үздік аттестат иегері болды. Бұл дәстүр биыл да жалғасын тапты. Үлкен өмірге қанат қаққан 65 түлектің 5-еуі «Алтын белгіге», ал 12 оқушы үздік аттестатқа үміткер. Бұл – ортақ мақсатқа жұмылған ұстаздар қауымының күндіз-түнгі еңбегінің жемісі.
Лицей тек білім ордасы ғана емес, рухани және мәдени орталыққа айналғандай. Мұнда Қарғалы ауылының терең тарихын дәріптейтін музей бар. Оны ардагер ұстаз, орыс тілі пәні мұғалімі Гүлмира Жылжақсынова ұйымдастырған. Сонымен қатар оқушылардың ұлттық кодын сақтау мақсатында арнайы ашылған Абайтану, Есенқұлтану, Жамбыл және Бауыржан Момышұлы кабинеттері жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейді. Ал лицей ауласында биология пәні мұғалімдерінің жетекшілігімен жылыжай жұмыс істейді. Бұл оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, теорияны тәжірибемен ұштауына мүмкіндік береді.
– Бала бойындағы зеректік пен ғылымға деген құштарлық ерте жастан байқалады. Лицей табалдырығын аттау 5-сыныптан басталады. Оқушылар мұнда «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының арнайы тапсырмалары мен емтихандары арқылы қабылданады. Бұл іріктеу кезеңі оқушының логикалық ойлау қабілетін, математикалық сауаттылығын және жалпы зейінін анықтауға бағытталған. Сынақтан сүрінбей өткен ең зерек, ең қабілетті балалар ғана лицей қатарына қабылданып, тереңдетілген білім алу мүмкіндігіне ие болады, – дейді лицей директоры Жұлдыз Асқарова.
Мұнда уақыт өте келе оқушылардың нақты ғылым саласына деген қызығушылығы айқындала түседі. Осы ретте, лицей өміріндегі ең маңызды кезең 7-сыныпқа өткендегі бейіндік іріктеу басталады. Оқушылардың екі жылдық білім көрсеткіші, бейімділігіі мен арнайы сынақ қорытындысы негізінде олар екі үлкен бағыт бойынша сыныптарға бөлінеді. Оның біріншісі – физика-математика бағыты. Бұл – техникалық салалар мен ІТ, нақты ғылымдарды серік еткен болашақ робототехниктер мен бағдарламашылардың, заманауи технократтардың мектебі. Ал екіншісі – химия-биология бағыты. Медицина, биоинженерия, экология және заманауи зерттеу салаларына қызығатын, болашақта адамзат саулығы мен ғылым төрінен көрінгісі келетін жас зерттеушілер осы бағытты таңдайды.
Оқушылар 11-сыныпты бітіріп, мектепті аяқтағанға дейін екі бағытта тұрақты әрі тереңдетілген бағдарлама бойынша білім алады. Соның нәтижесінде лицей түлектері мектеп бітірер сәтте өз мамандықтарының негізін толық меңгеріп шығады.
– Осындай жүйелі жұмыстың жемісін біздің оқушылардың халықаралық, республикалық және облыстық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында алған жүлделі орындарынан анық көре аламыз. Мысалы, жақында өткен «MatataLab» халықаралық робототехника олимпиадасы мен облыстық пәндік олимпиадада оқушыларымыз үлкен жетістіктерге жетті, – дейді білікті басшы.
Мұғалімдік – мамандық қана емес, адам жанын нұрландыратын ұлы миссия. Осы бір қасиетті жолда аянбай еңбек етіп, өз ісінің нағыз шебері екенін дәлелдеген ұстаздың бірі – Альфия Смағұлова. Ол заманауи білім беру кеңістігіндегі ерен еңбегі мен жаңашыл бағыты үшін «Үздік педагог – 2025» атағын иеленген. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» десек, шәкірт жүрегіне білім нәрін сеуіп жүрген педагогтер мен ізденімпаз оқушылар тағы бір белесті бағындырды. Бұл жеңіс – жүйелі жұмыс пен толассыз ізденістің шынайы көрінісі.
Мектеп атын шығарған мақтаныштарын да атап өткен жөн. Мәселен, Тұрсын Есжан – «Teacher’s Hackathon» республикалық хакатонында озық идеясымен оқшауланып, І орынды иеленді. Сол сияқты А.Нұрғалиева – «Олимп шыңы» республикалық олимпиадасында І орын тұғырынан көрінсе, М.Жұматова республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауында жүлделі ІІ орынға ие болды. Сонымен қатар «Олимп шыңы» олимпиадасында бақ сынаған А.Есенбекова мен Л.Садықанова, Б.Халимбетов ІІІ орынды еншіледі. Облыстық деңгейдегі бәйгелер де олжалы болды. А. Желдібаева «Авторлық бағдарлама» байқауында үздік шығармашылық жұмысы үшін І орын алды. Ұстаздар үштағаны – М.Жұматова, С.Азат және М.Пірімжарова бірлесе отырып, «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауында І орынды қанжығаға байлады.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында лицейде робототехника бағыты жаңа деңгейге көтерілді. Наурыз айында Қонаев қаласында өткен «Robotek Grand Tournament – 2026» облыстық чемпионатында 9-сынып оқушылары Асылбек Әлихан мен Нұрдәулет Қалықбекұлынан құралған «DARYN» командасы күміс медаль еншіледі. Жетекшісі – Альфия Смағұлова. Лицей үшін ең ғаламат жаңалық Қытайдың Уси қаласында өткен халықаралық «MatataLab Smart Sport Competition» робототехника олимпиадасы болды. Жаһандық додада лицей намысын қорғаған 7-сынып оқушылары Данил Анатолик пен Құндыз Қызтуған арнайы кубок, медальмен марапатталса, 5-сынып оқушылары Азамат Мұсаұлы мен Мәртебе Өміршат ІІІ орынды жеңіп алды. Жас дарындарды жарысқа дайындаған – информатика пәні мұғалімі Малика Пірімжарова.
Лицей шәкірттері тек жаратылыстану ғана емес, гуманитарлық және заманауи бағыттарда да алдарына жан салмайды. Торно Никита, Беклан Жақсылық, Рабиябану Көпешова, Гаухар Нұржұмақызы, Жансая Талғат, Әсел Нұрғалиева, Зере Ескелді – осындай оқушылар. Сонымен қатар республикалық «Алтын сақа» математикалық олимпиадасының облыстық кезеңінде де лицей қоржыны бос қайтпады. Онда Қыдырәлі Нығмет ІІ орын, Жандарбек Нұрабұлаев пен Зейнеп Айдар ІІІ орын иеленсе, Әсел Амантай ерекше жетістігі үшін марапатталды.
Лицей ұстаздары мен шәкірттері алдағы уақытта да талай белестерді бағындыра береріне нық сенімді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Қарғалы ауылы,
Жамбыл ауданы
