Бүгінде ақпарат ағыны толассыз қарқын алып жатқандықтан, сенімді әрі сауатты ақпаратты сараптай алу маңызды. Бұл ретте жаңалық жаршысы болған журналистер қауымына қолұшын беретін – баспасөз қызметі. Осыған орай Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің жұмысымен жіті таныстық.
Олардың жұмысы таңғы 8-де басталғанымен, шын мәнінде тәулік бойы жалғасады. Өйткені ақпарат кеңістігі күндіз-түні қайнап жатады. Өңірде болған әрбір оқиғаға, тұрғындарды алаңдатқан кез келген мәселеге қатысты нақты әрі жедел ақпарат беру – баспасөз қызметінің басты міндеті. БАҚ өкілдерін аккредитациядан өткізу, облыс әкімі қатысқан шараларды басылымдар, сайттар мен телеарналарда насихаттау – күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі. Сондай-ақ «e-Otinish» қосымшасына, әкімдіктің әлеуметтік желілеріне түскен халық тілегін тиісті басқармаларға жолдап, жауапты мамандармен байланыстырады. Журналистердің сауалдарына жедел жауап беру, ақпараттың анықтығын тексеру, өңірде болған жаңалықтарға шолу жасау күн сайын жүргізіледі.
«Өңірге қатысты түрлі бағытта түсірілім жасап, облыс әкімімен сұхбат құрғысы келген тілшілерден өтініш жиі түседі. Біз сұхбат өтетін жерді, уақытын белгілеп, басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерінен дұрыс ақпаратты жинап, оны тілшілерге түсінікті етіп жүйелейміз. «e-Otinish» қосымшасына да журналистерден хаттар көп келеді. Оған бір аптаның ішінде жауап берілуі тиіс. Көбіне тілшілер өзімізге тікелей хабарласады. Ең бастысы, фотографтар мен операторлар кешікпей, сәтті кадрларды түсіріп үлгеруі керек. Ал тілшілер онда болып жатқан жағдайды қалт жібермей жазып алуы қажет. Оларда тек бір ғана мүмкіндік бар. Бұл ретте үйлестіру жұмысы, БАҚ өкілдеріне қолайлы жағдай жасау маңызды. Ең бастысы, уақытында, жылдам әрі талапқа сай жұмыс істеу керек», – дейді баспасөз қызметінің бас инспекторы Қарлығаш Арыстанбекова.
Қауырт қызметтің жүйесін түсіну үшін олардың бір күндік жұмыс барысын сұрадық. Бұл туралы Аяужан Сұлтанова айтып берді. «Мәселен, бүгін Алматы облысы мен «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының арасында жасалған меморандумға қол қою рәсімі өтті. Одан бөлек ведомствоаралық комиссияның екі бірдей отырысы ұйымдастырылды. Ал түстен кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, талап-тілектеріне құлақ түрді. Бұл маңызды шаралардың бәрінде БАҚ өкілдеріне пресс-релиз дайындап, әкімдік сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларға ақпарат жарияладық. Маған өз жұмысым ұнайды. Себебі еліміздегі, аймақтағы жаңалықтардан әрдайым хабардар болып, маңызды оқиғалардың куәсі болу мүмкіндігі бар. Бір күні әкімдікте биік лауазымды адамдармен, қоғам қайраткерлерімен, зиялы қауыммен жұмыс істесек, келесі күні шалғай ауылдағы шаруаның егін алқабында немесе мал қорасында түсірілім жасап жүреміз. Бұл – таным-түсінігімізді тереңдетуге таптырмас мүмкіндік. Экономикадан бастап, білім, медицина, туризм және өзге де бағыттар бойынша білімің күннен-күнге толысып, ой-өрісің де өзгеріске түседі. Менің міндеттерімнің бірі – облыс әкімдігінің парақшасын жүргізу. Күн сайын тұрғындар өздерін толғандырған мәселелері жайлы баяндап, хабарлама жібереді. Оны тиісті мекемелерге, басқармаларға жолдаймын, кейде байланыс нөмірлерін де беремін. Бізге келген өтініш-тілек ескерусіз қалмайды», – дейді ол.
Аймақтың ақпарат саясатын жүргізіп отырған баспасөз қызметі журналистер, халық пен билік үштағанын ұштастырып, байланыстырушы көпір ретінде еңбек етуде. Олардың қиын да қызықты қызметі облыстың оң имиджін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосуда.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
