Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығын одан әрі қарқынды дамытуға күш-жігерімізді жұмсау керектігін атап өтті. Бұл – өте маңызды қадам. Әсіресе, азық-түлік қауіпсіздігі мәселеге айналған қазіргі уақытта отандық өнімдерді, оның ішінде азық-түлік өндірісін қолға алу қажет.
Осы орайда Еңбекшіқазақ ауданының әлеуеті зор екенін атап өткеніміз жөн. Ауданымыз – Алматы агломерациясының жыл сайын артып жатқан азық-түлікке деген сұранысын сапалы әрі тұрақты түрде қажетті өніммен қамтамасыз ететін негізгі аграрлық аумақтың бірі. Еңбекшіқазақ ауданының ең үлкен екі артықшылығы бар. Біріншісі – ауданның географиялық ерекшелігі. Мұндағы табиғи-климаттық жағдай, су ресурстары мен жер бедерінің әртүрлігі ауыл шаруашылығы саласының кез келген бағытын дамытуға қолайлы мүмкіндік береді. Ал екіншісі – қолжетімді нарық пен логистикалық қолайлы жағдай. Ауданның мегаполиске жақын орналасуы ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушыға қысқа мерзімде жеткізуге, үлкен нарыққа тікелей шығаруға мүмкіндік береді. Тоғыз жолдың торабында жатқан ауданымыздағы теміржол инфрақұрылымы да өзекті рөлге ие. Масақ ауылдық округінде теміржол стансасына жақын орналасқан «QazEcoDan» астық кешені іске қосылып, өнімді қабылдау, өңдеу және сақтау мүмкіндіктерін кеңейтіп, логистикалық артықшылықты күшейтті. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін Алматы облысы мен көршілес өңірлерге ғана емес, Қазақстанның өзге аймақтарына жеткізуге, сондай-ақ көршілес мемлекеттердің нарығына да шығаруға жол ашады.
Ауданның мұндай артықшылығын пайдаға асырып, шаруаларға мүмкіндік берілуі керек. Осы орайда Мемлекет басшысы: «Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек. Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет», – деп атап өтті. Бұдан бөлек, инвестор тартып, ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды көптеп енгізу де маңызды.
Совет Смадылов,
Еңбекшіқазақ аудандық ақсақалдар алқасының мүшесі

