Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Кемел келешек – бірлік пен жауапкершілікте

Кемел келешек – бірлік пен жауапкершілікте

46 қаралым

Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында елдің болашағы, тәуелсіздікті нығайту және келер ұрпаққа қуатты Қазақстан қалдыру жөніндегі тұжырымдары аға буын өкілдерін де терең ойға жетелейді. Өйткені елдің ертеңін ойлау – тек бүгінгі күннің міндеті емес, әр ұрпақтың мойнындағы тарихи жауапкершілік. Біз азаттықтың қадірін, ел бірлігі мен тыныштығының бағасын жақсы білеміз. Сондықтан тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, мемлекетіміздің дамуына үлес қосу – баршамызға ортақ міндет деп санаймыз.

Бүгінгі таңда Қазақстанның өркендеуі үшін экономиканы нығайтумен қатар, білім мен ғылымды дамытуға, жастарға жол ашуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және қоғамдағы бірлікті сақтауға ерекше мән берілуі қажет. Әсіресе, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, еңбекқорлық пен адалдықты сіңіру маңызды. Өйткені елдің болашағы – білімді, тәрбиелі, жауапкершілігі жоғары жастардың қолында. Ал бұл бағытта отбасының, білім беру ұйымдарының және қоғамдық институттардың атқаратын рөлі зор.

Райымбек аудандық ақсақалдар алқасы ретінде біз ел ішіндегі татулықты сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастарға өнеге көрсету және қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстарды маңызды міндет санаймыз. Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, елдік мүддені бәрінен жоғары қоюға үндейді. Сонымен қатар әр азаматтың заңды құрметтеп, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі – тұрақты әрі әділетті мемлекеттің басты шарттарының бірі.

Мемлекет басшысы атап өткендей, келер ұрпаққа тек жоспар мен тұжырым емес, экономикасы қуатты, ғылымы мен технологиясы дамыған, заң үстемдігі орныққан мемлекет қалдыруымыз керек. Бұл мақсатқа жету үшін әрбір азамат өз орнында адал еңбек етіп, ел игілігіне үлес қосуы қажет. Туған жердің дамуына атсалысу, ауылдың бірлігін сақтау, ұлттық тәрбие мен ізгі дәстүрлерді жалғастыру да – Отанға қызмет етудің маңызды көрінісі.

Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз жарасымды болса, алдымызға қойған мақсаттарға да қол жеткіземіз. Сондықтан ел болашағы жолындағы ортақ іске әр азамат жауапкершілікпен қарап, Қазақстанның жарқын келешегі үшін бірлесе еңбек етуі тиіс.

Бірбаев Бекболат Ыбырайымұлы

Райымбек аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы

↑