Перейти к содержимому

«БАЛАЛЫҚТЫҢ СОҢҒЫ ДӘМІ…»

49 қаралым

Шетел әдебиетінің жарық жұлдызы Рэй Брэдберри «Кітапты өртеуден де ауыр қылмыс бар, ол кітапты оқымау», — деген.

Мемлекет басшысы «Озық ойлы ұлт болудың төте жолы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру» деген болатын өзінің халыққа жолдауында. Осының негізінде қыркүйек айында «Кітап оқитын ұлт» жобасы іске қосылды. Осы арқылы қоғамдағыларды кітап оқуға қызығушылықтарын ояту және білімге жетелеу болатын. Осы жобаның аясында 27 қазан күні Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Сайын Мұратбектің «Жабайы алма» повесіне арналған кітап талқылау кеші өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, қазақ әдебиетінің құнды шығармаларын кеңінен насихаттау және жастардың рухани дүниесін байыту.

Шараға арнайы келген ғылым қайраткері, жазушы, драматург Әлібек Байбол келіп, жазушының шеберлік қырлары жөнінде сүбелі сөздерін айтып, студенттердің зияткерлік қабілетіне өз үлесін қосты. Кеш барысында оқырмандар Сайын Мұратбектің «Жабайы алма» шығармасының мазмұны мен көркемдік ерекшеліктерін талқылап, туындының негізгі идеясы мен тәрбиелік мәні туралы өз ойларын ортаға салды. Шығармадағы адамгершілік, туған жерге деген сүйіспеншілік және адам тағдыры секілді маңызды тақырыптар сөз болды.

Әдеби талқылаудың аясында оқырмандар Quiz форматындағы зияткерлік ойынға қатысты. Ойын барысында қатысушылардың әдеби білімдері, шығарманы меңгеру деңгейі мен тапқырлықтары сынға түсті. Қызықты әрі тартысты өткен сайыс нәтижесінде үздік қатысушылар анықталды. Ойын қорытындысы бойынша І орынды Қазақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясының студенттері иеленсе, ІІ орын Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық колледжінің студенттерінің қанжығасына байланды. Қазіргі таңда “Кітап оқитын ұлт” марафонын насихаттау мақсатында кітапханаларда көптеген іс-шаралар белсенді өткізіліп жатыр. Іс-шара оқырмандардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, кітап оқу мен пікір алмасудың, білімді зияткерлік ойын арқылы шыңдаудың маңызын көрсетті. Кеш барысында ұлттық әдеби мұраны дәріптеу мен оқырман мәдениетін дамытудың маңыздылығы тағы бір мәрте айқындалды.

Молдан Мерей Серікқызы

Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының қызметкері

↑