Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Өлкетанудың өзекті мәселелері талқыланды

Өлкетанудың өзекті мәселелері талқыланды

34 қаралым

Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан Шелек тарихи-өлкетану музейінде республикалық семинар өтті. «Туған өңір өлкетануы: тарих, мұра және тағылым» атауымен ұйымдастырылған кездесуге ғалымдар, өлкетанушылар, Алматы облысындағы музейлердің қызметкерлері қатысып, өзара тәжірибе алмасты.

Туған жердің әр тасы – талай жылғы тарихтың куәсі. Бойына ел мен жердің ғасырлар қойнауына кеткен сырын бүгіп, туған өлкенің өмір-дастанын жасырып жатыр. Сондықтан кешегі күннің көрінісі, елдің мәдениеті мен әдебиеті, өркениеті, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпы, өңірдің өткен өмірі – бәрі-бәрі өлкетанудан бастау алады. Ал өлкетану – бүкіл елдің тарихын түзетін үлкен еңбектің басты қадамы, ұлт руханиятының алтын қазығы. Осы орайда әр ауылдың, әр елдімекеннің өзіне тән шежіресін, өзіне тән ерекшелігін, байырғы жер-су атауларында жасырынған сырды, оларды қоюдың мән-мағынасынан бастап терең зерттеу, көнекөз қариялардың жадында жатталған деректерді жинақтау, оларды ғылыми тұрғыда зерделеу – бүгінгі ұрпақтың маңызды міндеттерінің бірі. Әсіресе, тарихи-өлкетану музейлері үшін бұл – негізгі жұмыс реті.

Осынау маңызды міндеттің талапқа сай орындалуын, жұмыс ретінің жан-жақты жүйелі жүргізілуін мақсат еткен мамандар Шелек тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткен семинарға жоғары дайындықпен келіп, өзекті мәселелерді бірге талқылады.

Семинардың мақсатына тоқталған Алматы облыстық музейлер бірлестігінің директоры Талғат Келімбетов: «Тарихи жәдігерлерді жинақтау мен сақтау, оларды зерттеу жұмыстарын дамыту, музейлер арасындағы байланысты нығайтып, озық тәжірибелер турасында ой бөлісу саланың дамуына өзіндік үлесін қосары анық», – дей келе басқосуға жиналған жұртқа алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Өңіраралық тәжірибе алмасу үшін семинарға «Жетісу өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Қажет Андас арнайы келіп, баяндама жасады. Бірлестік мүшелері 2017-2023 жылдары бұрын тізімге алынбаған 500 нысанды анықтауға, олардың 69-ын жалпыұлттық және өңірлік маңызы бар қасиетті жерлер тізімдеріне енгізуге атсалысқан. «Бұл зерттеулер аяқсыз қалмай, бірлестік ресми тіркелген 2023 жылдан бері ары қарай да жалғасып келеді.

Сондай-ақ бірлестік мүшелері саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссиялардың жұмысына қатысып, архивтік зерттеулер жүргізіп жатыр. Аталған жұмыстардың барлығын қалың көпшілікке жеткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарынан да үнемі таратып отырмыз. Qandas.kz сайтында да тұрақты жарияланады. Сонымен қатар бүгінге дейін баспадан 64 кітап шығарып, оның 35-і электронды кітаптар тізіміне енгізілді», – деген «Жетісу өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Қажет Андас кездесуде өз жұмыстарын таныстырып, тәжірибесімен бөлісті.

Семинар барысында Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Меруерт Ермағамбетқызы өлке тарихын жас ұрпаққа насихаттаудағы музейдің орны туралы жан-жақты баяндап, музей педагогикасы тақырыбына баяндама жасады. Сондай-ақ Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Шамек Тілеубаев «Академиялық тарих ғылымы және өлкетану мәселелері: ерекшеліктері мен мүмкіндіктері» турасында сөз қозғаса, тарих ғылымдарының магистрі, археолог, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының аға ғылыми қызметкері Алпамыс Жалғасұлы «Үшқоңыр маңындағы тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің қорғалуы және зерттелу жағдайы» және тарихшы-генеалог Нұржан Сәдірбекұлы «Әсет Темірғалиев – өлкетанушы, картограф» деген тақырыптарда баяндама жасап, тарихшылар мен музей қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді. Семинар қонақтары музей жәдігерлері арқылы тамыры тереңге бойлаған Шелек ауылының мол тарихымен танысып, осы өлкеден түлеп-ұшқан азаматтар жайында кең мағлұмат алды.

Өткенін таныған ұрпақ бүгінгі күннің қадірін біліп, болашаққа бағдар жасай алады. Осы орайда өлкетану музейлеріне жүктелетін жауапкершіліктің жүгі де салмақты екені сөзсіз.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы

↑