Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Аграрлық салаға серпін беретін жаңа мүмкіндіктер

Аграрлық салаға серпін беретін жаңа мүмкіндіктер

31 қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауын мұқият тыңдап шықтым. Мұнда әлемде қалыптасқан саяси жағдайдан бастап, ел дамуының өзегі болатын ішкі жұмыстарға дейін егжей-тегжейлі жазылған екен. Бүкіл саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнап келе жатқан маман ретінде мені Президенттің осы маңызды сала туралы жоспарлары қызықтырды. Жолдауды тыңдай отырып, бұл мәселеге де айрықша мән берілгеніне көзім жетті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығының одан әрі қарқынды дамуына назар аудара келіп, жеткен жетістіктерімізге де тоқталды. – Былтыр бұл сала шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жетті. – деді Президент өз Жолдауында. – Жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Дегенмен шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек. Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет.Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміз белгілі бір белесті ойдағыдай еңсеріп алса, әлемдік ауқымдағы азық-түлік тапшылығы, яғни жаһандық ашаршылық туындаған жағдайда Еуразия азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі орталық болуы әбден ықтимал екеніне күмән келтірмеді. Бұл үшін еліміздегі ірі су көздеріне жақын орналасқан үлкен аумақты алып жатқан жер алқаптарын игеру өте маңызды. Сол жерлерді суармалы егіншілікке пайдалану дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2-2,5 есе көбейтуге ықпал етеді. Жаңа алқаптарды игеру кезінде су үнемдеудің озық тәсілдерін және агрохимиялық технологияларды қолдану аса маңызды.

Мемлекет басшысы: «Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән берген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта табысты жобалар бар. Мәселен, Қызылорда облысының шаруалары қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысады. Ал Түркістан облысында Қытай компаниясы суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр. Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, инвесторларға уақытылы қолдау көрсетуі керек», – дегені агроөнеркәсіп мамандарына ой салса керек.

Мемлекет басшысы заманауи тәсілдерді мал шаруашылығында да жан-жақты пайдалану қажеттігіне жеке тоқталды. Бұл жерде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басшылыққа ала отырып, елімізде 71 тауар-сүт фермасы іске қосылғаны, осы арқылы фермаларда жыл сайын 462 мың тоннадан астам сүт өндірілетінін, ал Ақмола облысында шетелдің озық тәжірибесіне сай ет кластері құрылып жатқанын да құлаққағыс етті.

Демек қолда бармен шектеліп қалмай, заман талабына сай жаңа технологияларды өндіріске енгізу арқылы өнімнің көлемі мен сапасын арттыру жолында еңбек етуіміз керек.

Жанат Исағұлов,

Қарасай аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы

↑