Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Сана жаңғыруы – ел дамуының негізі

Сана жаңғыруы – ел дамуының негізі

45 қаралым

«Жалпы, кез келген реформаны іске асыру үшін заңдарды жетілдіру, саяси институттарды нығайту жеткіліксіз. Ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауында осылай деді. Бұл қоғамдық өзгерістердің негізінде азаматтардың саналы ұстанымы мен жауапкершілігі жататынын көрсетеді.

Заңды құрметтеу, тәртіп сақтау, адал еңбек ету және қоғам алдындағы міндеттерді орындау күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанда ғана реформалардың нәтижесі айқын көрінеді.

Жолдауда білім мен ғылымға басымдық берілуі де қазіргі заман талаптарымен тығыз байланысты. Технологиялар қарқынды дамып, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері кеңейген кезеңде сапалы білім беру және ғылыми әлеуетті арттыру елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналды. Осы тұрғыдан алғанда, жоғары оқу орындарының міндеті тек теориялық білім берумен шектелмейді. Студенттердің сыни ойлау қабілетін дамыту, ақпаратты саралауға үйрету, ғылыми ізденіске баулу және жаңа технологияларды сауатты қолдану да маңызды. Сонымен қатар білім беру жүйесінде академиялық адалдық қағидаттарын сақтау мен кәсіби жауапкершілікті қалыптастыруға басымдық берілуі қажет. Өйткені білімнің сапасы меңгерілген ақпарат көлемімен ғана емес, оны тәжірибеде қолдану, дербес шешім қабылдау және қоғам игілігіне жарату қабілетімен де өлшенеді.

Елдің интеллектуалдық әлеуеті білікті ұстаздардың, ғалымдардың, инженерлердің, дәрігерлердің және өзге де кәсіби мамандардың еңбегіне байланысты. Сондықтан адами капиталды дамыту, ғылымға қолдау көрсету және еңбекке деген құрметті арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары болып қала береді.

Сана жаңғыруы – бір реттік науқан емес, қоғамның құндылықтары мен азаматтардың күнделікті әрекеттерінен көрініс табатын үздіксіз үдеріс. Білімге ұмтылу, адал еңбек ету, заңды құрметтеу және қоғамдық жауапкершілікті сезіну осы үдерістің негізгі құрамдас бөліктері саналады. Осындай қағидаттардың орнығуы елдің тұрақты дамуына және қоғамның болашақ сын-қатерлеріне бейімделуіне негіз болады.

Олжас НУРЖАКУПОВ,

Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті (UIB) әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы

Айнур АККУЗОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доцент міндетін атқарушы, PhD

↑