Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Тұрақты дамуға бастайтын темірқазық

Тұрақты дамуға бастайтын темірқазық

30 қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған әрбір Жолдауы – еліміздің ертеңін айқындайтын, ұлтымызды ұлы мақсаттарға бастайтын темірқазық. Еліміздің тұрақты дамуына жол ашатын «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасы жүзеге асатыны туралы айтты.

Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарының бірі – өңірлік теңгерімді дамыту. Елдің әрбір тұрғыны сапалы өмір сүру жағдайымен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл мақсатқа жетудің негізгі тетіктерінің бірі – инфрақұрылымды жаңарту және ауыл мен шағын қалаларда сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру екені анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлініп, көптеген елдімекенге газ және таза ауызсу тартылатынын баса айтты. «Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ.

Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ. Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе, өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін», – деген Мемлекет басшысы Үкіметке жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуді ұсынды. Мемлекет соңғы жылдары «Ауыл – ел бесігі», «Келешек мектептері» сияқты бірқатар бағдарламаларды іске асыру арқылы ауыл инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аударып келеді. Бұл бағдарламалар шеңберінде көптеген елдімекенде жолдар жөнделіп, мектептер салынды, интернет желісі тартылып, мәдениет үйлері мен спорт кешендері бой көтерді.

Алайда, әлі де болса, кейбір шалғай ауылдарда медициналық қызметке, интернетке немесе сапалы жолға қол жеткізу мәселесі шешілмей отыр. Әрине өңірлерді дамыту – бұл тек экономикалық емес, әлеуметтік әділеттіліктің де көрінісі. Ауылдағы бала қаладағы құрдасымен тең білім алуға тиіс. Сондықтан Мемлекет басшысының кезекті Жолдауындағы өңірлерді дамыту бастамасы елдің болашағы үшін жасалған елеулі қадам деп ойлаймын. Егер әр ауыл, әр аудан заман талабына сай дамыса, онда еліміз де алға жылжиды.

Амангелді БЕСПАЕВ,

облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы

↑