Перейти к содержимому
Главная страница » Мамандар алғыс арқалады

Мамандар алғыс арқалады

Кеген ауданында Мемлекеттік қызметшілер мен Полиция қызмет­керлері күні салтанатты жағ­дайда аталып өтті. Бұл күні ел тыныш­тығы мен мемлекеттің жүйелі дамуы жолында қажырлы еңбек етіп жүрген жандарға құрмет көрсетілді. Аудандық әкімдікте өткен жиынға мекеме басшылары, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау саласының мамандары қатысты.

Қос мерекеде Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев жүрекжарды лебізін білдіріп, сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, ауданның өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарды марапаттады.
– Кез келген елдің дамуы, халықтың әл-ауқатының жақсаруы, ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің отаншылдық сезімі, ақыл-парасаты, кәсіби біліктілігі мен тәжірибесі арқасында жүзеге асады. Ал азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық тәртіптің сақшысы болу – қашанда абыройлы әрі жауапкершілігі зор міндет, – дей келе, аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы абыройлы қызмет атқарған және жұмыс барысында қол жеткізген табыстары үшін бірқатар мемлекеттік қызметкерге облыс әкімінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің Алғыс хаттарын табыстады. Сонымен қатар ішкі істер органдарының қоғамдағы бейбіт өмір мен тұрақтылықты сақтаудағы маңызын ерекше атап өтіп, сақшыларды да Алғыс хатпен марапаттады.
Салтанатты жиында Кеген аудандық полиция басқар­масының бастығы Ерлік Үркімбаев, аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Бағашаров ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жоғары кәсібилік танытып, қызметтік міндетін мінсіз атқарған полиция қызметкерлеріне облыстық полиция департаментінің Грамотасын табыс етті.
Кездесу барысында мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жыл еңбек еткен Сабыр Досымбеков сөз алып, кәсіби мерекеге орай ізгі тілегін білдірді.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы