Перейти к содержимому
Главная страница » ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҒЫНАН САҚ БОЛЫҢЫЗ!

ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҒЫНАН САҚ БОЛЫҢЫЗ!

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы адамдардың күнделікті өмірін жеңілдеткенімен, интернет алаяқтарының да әрекеті күшейіп келеді. Бүгінде алаяқтар азаматтардың жеке деректерін иемденіп, банк шоттарындағы қаражатты заңсыз иемденудің түрлі тәсілдерін қолдануда.

Алатау қаласында тұрғындардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Қала тұрғындарына күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу, жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу және интернеттегі қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде кеңінен түсіндіріледі.

Интернет алаяқтары көбіне өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі, ұялы байланыс операторы немесе мемлекеттік мекеме қызметкері ретінде таныстырады. Олар азаматтарды қорқытып немесе алдап, банк картасының нөмірін, SMS арқылы келген кодты, CVV кодын немесе мобильді банкингке кіру мәліметтерін сұрайды. Есте сақтаңыз: ешбір банк немесе мемлекеттік орган мұндай құпия ақпаратты телефон арқылы сұрамайды.

Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған инвестициялық жобалар, арзан бағамен тауар ұсынатын жалған интернет-дүкендер, жалған лотереялар мен сыйлықтар туралы хабарламалар жиі кездеседі. Мұндай ұсыныстарға сақтықпен қарап, тек ресми және сенімді ақпарат көздеріне ғана жүгіну қажет.

Өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін келесі қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз:

  • Жеке және банк деректерін ешкімге хабарламаңыз;
  • SMS арқылы келген растау кодтарын бөгде адамдарға айтпаңыз;
  • Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және белгісіз қосымшаларды жүктемеңіз;
  • Онлайн сатып алу кезінде тек сенімді интернет-дүкендерді пайдаланыңыз;
  • Банктік операциялар туралы хабарламаларды тұрақты бақылап отырыңыз;
  • Күрделі құпиясөздерді пайдаланып, екі факторлы аутентификацияны қосыңыз.

Егер интернет алаяқтарының құрбаны болсаңыз немесе күмәнді әрекеттерге тап болсаңыз, уақыт жоғалтпай банкке хабарласып, картаңызды бұғаттаңыз және құқық қорғау органдарына жүгініңіз.

Алатау қаласының тұрғындарын интернет кеңістігінде қырағы болуға шақырамыз. Ақпараттық қауіпсіздік – әр азаматтың жеке жауапкершілігі. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы өз қаражатыңызды, жеке деректеріңізді және отбасыңыздың тыныштығын қорғай аласыз.

Сақтық – интернет алаяқтарына қарсы ең тиімді қорғаныс!