Перейти к содержимому
Главная страница » Терроризм – қоғам қауіпсіздігіне төнген қатер

Терроризм – қоғам қауіпсіздігіне төнген қатер

Ұйғыр ауданы Дардамты ауылдық округіндегі мешітте жастармен «Терроризм және оның зардаптары» тақырыбында тағылымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың діни сауаттылығын арттыру, оларды радикалды идеологияның ықпалынан қорғау, сондай-ақ қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру болды.
Кездесу барысында қатысушыларға терроризм мен экстремизмнің қоғамға тигізетін зияны, оның адам өмірі мен мемлекет қауіпсіздігіне төндіретін қаупі туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде таралатын күмәнді, жалған және деструктивті ақпараттардың жастар санасына кері әсер етуі мүмкін екеніне ерекше назар аударылды.
Жастарға кез келген ақпаратты сын тұрғысынан бағалап, оның шынайылығын тексеру, дәстүрлі діни құндылықтарды ұстану және күмәнді діни ағымдардың ықпалына ермеудің маңыздылығы түсіндірілді. Сонымен қатар, бейтаныс адамдардың күмәнді ұсыныстарына сенбеу, заңға қайшы әрекеттерден аулақ болу және діни мәселелер бойынша тек білікті мамандар мен ресми ақпарат көздеріне жүгіну қажеттігі айтылды.
Кездесу барысында төтенше жағдайлар немесе террористік қауіп туындаған жағдайда өзін-өзі ұстау ережелері де кеңінен түсіндірілді. Қатысушыларға сабыр сақтап, дүрбелеңге бой алдырмау, құқық қорғау органдарының талаптарын орындау, күмәнді заттар мен адамдарды байқаса, бұл туралы дереу тиісті органдарға хабарлау жөнінде нақты кеңестер берілді.


Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы