Перейти к содержимому
Главная страница » Электросамокат пайдалану тәртібіне өзгерді

Электросамокат пайдалану тәртібіне өзгерді

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда электросамокаттарды пайдалану тәртібіне қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Бұл өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
Жаңа талаптарға сәйкес, жалға берілетін (кикшеринг) электросамокаттарды тек 18 жасқа толған және жарамды жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана пайдалана алады.
Электросамокат жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, белгіленген жылдамдық режимінен аспай, өзге жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірмеуі тиіс.
Сонымен қатар, жалға берілетін электросамокаттарды тіркеу және сәйкестендіру жүйесі енгізіледі. Бұл құқық бұзушылық жасаған тұлғаларды анықтауды жеңілдетіп, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Заң талаптарын бұзу, оның ішінде жол қозғалысы ережелерін сақтамау немесе мас күйінде самокат басқару әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Осындай заң талаптарын Ұйғыр ауданы полиция бөлімі қызметкерлері аудан аумағында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе жас жеткіншектер мен кәмелеттік жасқа толмағандар, олардың ата-аналарына осы талаптарды егжей-тегжейлі түсіндіріп, ақпараттық парақшаларды таратты. Электросамокат – ыңғайлы әрі заманауи көлік құралы екені анық. Бірақ оны талапқа сай пайдаланбау оқыс оқиғаға ұрындырары сөзсіз. Сондықтан жаңа талаптарды түсіндіру жұмыстары барлық елдімекендерде жүргізілмек.


Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы