Перейти к содержимому
Главная страница » «Таза Қазақстан»: Байсерке ауылында 1000-нан астам тұрғын туған жердің тазалығы үшін жұмылды

«Таза Қазақстан»: Байсерке ауылында 1000-нан астам тұрғын туған жердің тазалығы үшін жұмылды

Бүгін Іле ауданының Байсерке ауылында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 1000-нан астам тұрғынның қатысуымен ауқымды сенбілік өтті.

Шараға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының өкілдері, жастар, еріктілер, кәсіпкерлер және ауыл тұрғындары белсене қатысты.

Экологиялық акция барысында Алматинка өзенінің жағалауы мен Байсерке ауылындағы зират маңы тазартылды. Жұмыстарды жүргізуге арнайы техника жұмылдырылып, сенбілік қорытындысы бойынша 45 тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы орындарға шығарылды.

Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықов «Таза Қазақстан» акциясы тек аумақтарды санитарлық тазартумен шектелмей, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениетін және азаматтардың жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

«Бүгін Байсерке тұрғындары тағы бір мәрте бірлік пен ұйымшылдықтың арқасында үлкен нәтижеге қол жеткізуге болатынын дәлелдеді. Мыңнан астам адам туған ауылдың көркеюі мен тазалығы үшін еңбек етіп, жайлы әрі таза өмір сүру ортасын қалыптастыруға өз үлесін қосты. «Таза Қазақстан» акциясы Іле ауданында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Әр бейсенбі сайын ауданның барлық елді мекендерінде санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар ауданның барлық ауылдарында кезең-кезеңімен тұрғындардың, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындардың, жастар мен еріктілердің қатысуымен ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылады. Тазалық – әрқайсымыздан басталады. Ортақ жауапкершілік пен тұрғындардың белсенділігі ғана елді мекендерімізді көрікті, жайлы әрі экологиялық таза етуге мүмкіндік береді», – деді Асқар Садықов.

Сенбілік аяқталғаннан кейін қатысушыларға ыстық палау ұсынылып, ақ дастарқан жайылды. Ауылдың ақсақалдары мен қариялары жиналған қауымға ақ баталарын беріп, елге амандық, бірлік пен береке тіледі.

Аталған іс-шара экологиялық акцияның бір бөлігі ғана емес, туған жердің тазалығы мен көркеюі жолында жұдырықтай жұмылған ауыл тұрғындарының ауызбірлігі мен ынтымағының жарқын үлгісіне айналды.