Перейти к содержимому
Главная страница » Салауатты өмір – саналы таңдау

Салауатты өмір – саналы таңдау

Ішімдікке тәуелділік – бүгінгі қоғамның ең өзекті әлеуметтік мәселелерінің бірі. Оның зардабы тек денсаулыққа ғана емес, отбасының берекесіне, қоғамның тыныштығына, ұрпақ тәрбиесіне де кері әсерін тигізеді. Сондықтан маскүнемдікпен күрес тек медицина саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр.

Мамандардың айтуынша, алкогольге тәуелділік бір күнде пайда болмайды. Ол көбіне «аздап қана», «мерекеге орай» деген сылтаумен басталып, уақыт өте келе адамның күнделікті әдетіне айналады. Өкінішке қарай, мұндай тәуелділіктің соңы денсаулықтың нашарлауына, жұмысынан айырылуға, отбасындағы жанжалдарға, тіпті қылмысқа дейін алып келетін жағдайлар аз емес.

Құқық қорғау органдарының мәліметіне сүйенсек, көптеген құқық бұзушылықтар мен жол-көлік оқиғалары алкогольдік ішімдік ішкен күйде жасалады. Мас күйінде адам өз әрекетіне толық жауап бере алмайды, салдарынан өзі де, өзгелер де зардап шегеді. Әсіресе тұрмыстық жанжалдар мен отбасындағы зорлық-зомбылықтың басым бөлігі ішімдікке байланысты орын алатыны жасырын емес.

Алкогольдің адам ағзасына тигізер зияны да орасан. Ол жүрек-қан тамырлары ауруларының, бауыр циррозының, жүйке жүйесі сырқаттарының пайда болу қаупін арттырады. Сонымен қатар адамның ойлау қабілеті төмендеп, есте сақтау жүйесі әлсірейді. Ұзақ уақыт ішімдікке әуестенген адам өз денсаулығын ғана емес, өмірлік мақсаттары мен қоғамдағы орнын да жоғалтуы мүмкін.

Ішімдікке тәуелділік отбасының тыныштығын бұзады. Балалардың толыққанды тәрбие алуына кедергі келтіріп, олардың психологиялық дамуына кері әсер етеді. Әке-шешесінің маскүнемдігін көріп өскен бала қорқыныш пен күйзелісті бастан кешіреді. Мұндай жағдайлар кейін оның қоғамға бейімделуіне де әсер етуі мүмкін.

Мемлекет салауатты өмір салтын қалыптастыруға, алкогольдің зиянын түсіндіруге және халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған түрлі бағдарламаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Білім беру ұйымдарында профилактикалық кездесулер өткізіліп, жастар арасында спорт пен белсенді өмір салтын насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен бұл мәселеде ең басты жауапкершілік әр адамның өзіне және отбасына жүктеледі.

Маскүнемдіктің алдын алудың тиімді жолы – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен шұғылдануға жағдай жасау, мәдени іс-шараларға тарту және еңбекке баулу. Ата-ананың балаға көрсететін үлгісі де ерекше маңызды. Себебі бала ең алдымен өз отбасындағы тәрбиені бойына сіңіреді.

Қоғамның дамуы – дені сау, саналы әрі жауапкершілігі жоғары азаматтарға байланысты. Сондықтан ішімдікке әуестікке қарсы күрес тек заңмен ғана емес, қоғамдық көзқарас пен жеке жауапкершілік арқылы да жүзеге асуы тиіс. Әрбір азамат өз денсаулығын бағалап, отбасының амандығын бәрінен биік қоюы қажет.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ