Өз өнімдерімен еліміздің ғана емес, шетелдік тұтынушылардың да көңілінен шығып келе жатқан «Alsad Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бүгінгі жетістіктері отандық тауар өндірушілерге үлгі боларлықтай. Еліміздегі ірі құс шаруашылығының бірінен саналатын кәсіпорын жылына 210 млн. дана жұмыртқа шығарып, үздіктер қатарынан көрініп жүр.
2012 жылдың 4 қыркүйегінде «Алтын ай» компаниясының негізінде құрылған кәсіпорынның тарихы әріден басталады. 2008 жылы ел Президенті Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барады. Сол кезде Абу-Даби инвестициялық қоры мен Қазақстан арасындағы екіжақты келісімнің негізінде ауыл шаруашылығын дамыту бағыты бойынша қолға алынған жобалардың бірі осы «Alsad Kazakhstan» құс фабрикасы болды.
Әлемдік деңгейдегі білікті мамандардың қатысуымен, жоғары технологияларға негізделген құрылғылармен жұмыс істеп Еуропалық басқару үлгілерін меңгерген кәсіпорын экологиялық таза алқапта орналасуымен де ерекшеленеді. Жұмысты осылай ұйымдастырудың нәтижесінде сапалы өнім өндіруге қол жеткізіп отыр. Атап айтқанда, «Alsad Kazakhstan» ЖШС ЭКО және ISO сапа сертификаттарының иегері атанған. Оның сыртында мұнда өндірілген жұмыртқалар азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне кепілдік беретін СТ РК ИССО 2000-2006 талаптарына толықтай жауап береді.
Бүгінгі күні құс фабрикасында балапандарға арналған төрт және жұмыртқалайтын тауықтар тұратын 12 блок бар. Бұлардың барлығы өндірістің үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін технологиялық құрылғымен жабдықталған. Кәсіпорын корпустарында азық дайындайтын цех пен жұмыртқа сақтайтын қоймаларда әлемде мойындалған «Big Dutchman», «Sanovo», «MOVA», «Scafco», «STAALKAT INTERNATIONAL B.V» сияқты зауыттардың құрылғылары орнатылған.
Компанияның алғашқы өнімі тұтынушыларға 2013 жылы жол тартты. Аздаған уақыт ішінде жылына 165 млн. дана жұмыртқа өндіріп, өнім көлемін екі есе арттыруға қол жеткізді. Қазақстанда бірінші болып өз өнімдерін экспортқа шығарған да осы компания. Ал бүгінде мұнда жылына 210 млн. дана жұмыртқа өндіріліп, тауарлары Біріккен Араб Әмірліктеріне, Ауғанстанға, Ресейге, Тәжікстан мен Қырғыз еліне экспортталады.
Әлемдік жоғары технология бойынша жұмыс істейтін фабрикада Lohman LSL-Classic және Dekalb White тұқымды тауықтар өсіріледі. Ал, өнімнің саны мен сапасы ең алдымен азықтың құрамына байланысты екенін ескерер болсақ, бидай мен жүгерінің, өсімдік пен жануарлардың сұрыпталған өнімінен жасалатын азық түрлері әлемдік талаптарға сай жұмыртқа өндіруге мүмкіндік береді. Құстарға арналған азық қоспалары зертханада қатаң бақылаудан өткеннен кейін ғана пайдалануға берілуі – сапалы өнімнің тағы бір кепілі. Осының барлығы құс фабрикасында адам ағзасына пайдалы әрі экологиялық таза өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Фабрикада тауарлы жұмыртқамен бірге ай сайын 50 тоннаға дейін құс етін өндіру жолға қойылған. Былайша айтқанда, 50 мың тауық сойылып, тазаланып, саудаға шығарылады деген сөз. Бір тауықтың салмағы орта есеппен бір келіден асады. Құстың өзге де ағзалары тұтынушының талабына орай дайындалады. Арнайы тексеруші органдардың зерттеулері мұнда өндірілген жұмыртқа мен құс етінің сапалы әрі пайдалы екенін дәлелдеп отыр. Атап айтқанда, жұмыртқаның омега-3 пайдалы майы мен Е витамині екі есеге дейін артық екені дәлелденген.
Кез келген істің оңға басуы ең алдымен мамандарға байланысты екені белгілі. Кәсіпорында бүгінде 220 адам еңбек ететін болса, олардың көпшілігі фабрика орналасқан Мерей елді мекенінің тұрғындары. Компания өз қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру үшін жыл сайын елімізде және шет мемлекеттерде оқытып, тәжірибе алмасып отырады. Мұнда еңбек жағдайын жақсартып, жұмысшыларының әлеуметтік қорғалуына да жеткілікті көңіл бөлініп келеді.
Өндіріс алаңдарының бір-бірінен бөлек орналасуы, мамандардың бір ғана блокта еңбек етуі, жұмыстың барлығы қатаң санитарлық талаптарға сай атқарылуы құстарды сыртқы әсер мен түрлі аурудан сақтайды. Мұндай бақылау өндірілген өнімнің сапасы мен тазалығының кепілі болатыны да сөзсіз.
– Қазақстан мен шет ел нарығында «Alsad Kazakhstan» ЖШС сапалы өнім өндіруші ретінде өз орнын айшықтап алды, – дейді кәсіпорын директоры Оңдасын Тілеулиев. – Оны біздің тауарларға деген сұраныстың артуынан да байқауға болады. Алдағы уақытта біз жұмыртқа мен құс етін өндіруде еліміз бен шет мемлекеттерде сенімді әрі бәсекеге қабілетті кәсіпорын ретінде танылу үшін еңбек ететін боламыз!
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы