Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ресми түрде күшіне енуіне орай Ұйғыр ауданында «Ата Заң – қуатты Қазақстан!» тақырыбында актив отырысы өтті. Маңызды жиынға аудан әкімі Бота Серікқызы төрағалық етіп, мемлекеттік мекемелердің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, этномәдени бірлестіктер, зиялы қауым мен жастар қатысты.
Жиынды ашқан аудан әкімі жиналған қауымды жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен құттықтап, Ата Заң – елдің ең басты құжаты, мемлекетіміздің берік тірегі екенін ерекше атап өтті. Ол Конституцияның әрбір бабы халықтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғанын айтып, оның маңызын терең түсінудің қажеттілігіне тоқталды. Сонымен қатар, жаңа Конституцияның арнайы басылымдарын мекеме басшыларына салтанатты түрде табыстап, оның қағидаттарын халық арасында кеңінен насихаттау маңызды екенін жеткізді.
Жиын барысында сөз алған аудандық Мәдениет үйінің директоры, мәслихат депутаты Салтанат Ермұхамбетова жаңа Конституцияда мәдениет саласына ерекше мән берілгенін атап өтті. Ол ұлттық мәдениетті дамыту мен рухани мұраны сақтау – елдің болашағы үшін аса маңызды екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажет екенін жеткізді.
Өз кезегінде Ұйғыр этно-мәдени орталығының төрағасы Арлин Османов ел ішіндегі татулық пен бірліктің маңызына тоқталды. Ол Қазақстандағы этносаралық келісім – ең үлкен жетістіктердің бірі екенін айтып, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халықтың бірлігі мен тұрақтылығы – баршамызға ортақ құндылық екенін атап өтті.
Жиында сөз сөйлеген жас ақын Мұқағали Нұрсұлтанұлы да жастарға арнап жүрекжарды ойларын жеткізді. Ол ел болашағы білімді, отаншыл әрі заңды құрметтейтін жас ұрпақтың қолында екенін айтып, жастарды белсенді, саналы болуға шақырды.
Іс-шара соңында жаңа Конституцияның арнайы басылымдары мемлекеттік мекемелердің басшыларына табысталып, қатысушылар Ата Заңның қоғамдағы орны, ел дамуына қосар үлесі туралы ой бөлісті. Осындай мазмұнды кездесулер халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, ел бірлігін нығайтуға өз үлесін қосары сөзсіз.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы


