Алатау қаласы «Еңбек» шағынауданындағы орта мектептің мәжіліс залында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Келісім мен заң үстемдігі – тұрақты қоғам негізі» тақырыбында жиын өтті. Мақсаты – қоғамда заңдылық пен тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіру.
Басқосуды ашқан облыстық қоғамдық келісім және даму орталығы басшысының орынбасары Айымжан Тәңірбергенова қоғамның тұрақты дамуы мен қауіпсіздігі ең алдымен әрбір азаматтың заңға деген құрметінен, өз құқығы мен міндетін білуінен басталатынына көпшіліктің назарын аударды. Сондай-ақ заң талаптарын сақтау тек міндет қана емес, азаматтық жауапкершіліктің, құқықтық мәдениеттің көрінісі екенін де қаперге салды. Алғашқы сөз Алатау қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Айдос Молдағалиевке берілді.
– Біз құқықбұзушылық орын алғаннан кейін әрекет етуді емес, алдымен оның алдын алуды басты міндетіміз санаймыз. Осы бағытта Алатау қаласы аумағында профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Құқықбұзушылықтың алдын алу – тек рейд өткізу немесе әкімшілік шара қолдану ғана емес, халықпен ашық жұмыс істеу, түсіндіру, тыңдай білу және уақытылы көмек көрсету. Азаматтардың полицияға деген сенімі күнделікті жұмысымыздың нәтижесіне байланысты болғандықтан, біз әрдайым тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастарға заңды құрметтеуді насихаттап келеміз. Заң талаптарын сақтау – тек азаматтардан талап етілетін міндет емес, ең алдымен бізден басталатын қағида. Өзіміз үлгі болсақ, қоғам да заңға деген құрметін арттырады. Әрбір қабылдаған шешіміміз заң аясында, әрбір әрекетіміз әділ әрі кәсіби болуы тиіс, – деді Айдос Елдосұлы.
Келесі кезекте талдау және болжау орталығы басшысының орынбасары Марлен Бурашев сөз алып, өзі қызмет атқаратын мекеменің қоғамдық-саяси ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу, әлеуметтік үрдістерді зерделеу, қоғамдық көңіл-күйдің өзгеру динамикасын бағалау және өңірдегі тұрақтылыққа ықпал ететін факторларды анықтау бағытында жүйелі жұмыс атқарып жатқанын хабардар етті. Баяндамашының айтуынша, қоғамдық пікір қалыптастыруда цифрлық кеңістіктің ықпалы айтарлықтай күшейген. Халықтың басым бөлігі ақпаратты әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстар арқылы алады. Бұл бір жағынан ақпаратқа қолжетімділікті арттырса, екінші жағынан түрлі ақпараттық тәуекелдердің көбеюіне ықпал етуде. Сонымен қатар жергілікті деңгейдегі жекелеген мәселелердің бұрмаланған ақпарат арқылы кең қоғамдық талқылауға ұласып, әлеуметтік шиеленіс ошақтарының қалыптасуына ықпал ету қаупі де сақталуда. Жастардың цифрлық кеңістіктің ең белсенді аудиториясы ретінде түрлі ақпараттық ықпалдарға жиі ұшырап жатқанын алға тарта сөйлеген Марлен Әнуарұлы медиасауаттылықты арттыру, жауапкершілік пен заңға құрмет құндылықтарын қалыптастыру өзекті міндеттердің қатарында болатынын баса айтты. Сонымен қатар жалған ақпараттың таралуы, деструктивті интернет-ресурстардың ықпалы, қоғамдық пікірді манипуляциялау әрекеттері және сыртқы ақпараттық факторлар алдағы уақытта да белгілі бір тәуекелдер ретінде сақталуы мүмкін екенін де теріске шығармады. Сондықтан қоғамдық процестерге тұрақты мониторинг жүргізу, тәуекелдерді ерте кезеңде анықтау және оларды тиімді басқару тетіктерін жетілдіру маңызды болып қала беретінін тілге тиек етті.
Облыстық «Огни Алатау» газетінің редакторы, ҚХА жанындағы жетекші журналистер клубының төрағасы Забира Сайділдина бұқаралық ақпарат құралдарының құқықтық мәдениет пен қоғамдық сананы қалыптастырудағы рөлі туралы сөз қозғады. Сонымен бірге «Шаңырақ» жобасы жөнінде кең көлемде мағлұмат берді.
Келесі кезекте Іле аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, кәсіби медиатор Мақсат Сейдалиев сөз алып, Әділетті Қазақстанды құрудың, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырудың негізгі бағыты жайында ой бөлісті. Сонымен қатар интернет алаяқтықтың өршіп тұрғанына алаңдаушылық білдірді.
Алатау қаласында жиын соңында спикерлер шаһар тұрғындарының сан алуан сауалдарына жан-жақты жауап берді.
«Заң мен тәртіп» аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмысы одан әрі Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентінде жалғасты. Басқосуда қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіру, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Жиында сөз сөйлеген Іле аудандық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Бейбіт Әуелбеков заң талаптарын сақтау қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізгі кепілі екенін, құқықтық тәртіп әрбір азаматтың жауапкершілігі мен белсенді ұстанымнан қалыптасатынын айтты.
Жиналысты қорытындылаған Айымжан Кәріпжанқызы заңды құрметтеу, өз құқығы мен міндеттерін білу, өзара сыйластық пен келісім қағидаттарын сақтау әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін қаперге салды. Сөзінің соңында баршаны заң талаптарын сақтап, қоғамдық келісімді нығайтуға, ел дамуы мен болашағының жарқын болуына үлес қосуға шақырды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Алатау қаласы


