Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «Қонаевқа – жасыл жол» іс-қимыл жоспарын әзірлеушілермен кездесті. Әуелі аталған жоспардың тұсаукесері өтіп, одан кейін жиынға қатысушылар облыстағы «Қонаевқа – жасыл жол» жобасын жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
«Қонаевқа – жасыл жол» – Алматы мен Қонаев аралығындағы жолды жиектей үздіксіз жүргізілетін рекреациялық және туристік инфрақұрылымы бар әртүрлі жасыл көшеттерден тұратын белдеулерді отырғызу жөніндегі жоба. Бұл жоба міндеттері ауқымды, көзделген мақсатқа қол жеткізу мерзімдері нақты сипатталған Жол картасы болып саналады. Жоба жұмыстары 2022 жылдың қыркүйек айында Орталық Азиядағы тұрақты ландшафттарды қалпына келтіру жөніндегі Дүниежүзілік банктің «Алматы қаласының жасыл желегін басқару және Алматы агломерациясының аймақтық жасыл дәлізін дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын жасау» (RESILAND CA+) бағдарламасы аясында басталған.
Кездесуге облыс әкімдігі мен басқарма өкілдері, атап айтқанда, облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов, Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ директорының орынбасары Нұржан Таңатаров, «Дүниежүзілік банк» жобасы жөніндегі кеңесші Салтанат Жәкенова, «Қазақстан-Неміс университеті» консультанты Виктория Крылова, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Әсет Наурызбаев, «Қазақстан-Неміс университеті» жобасының тақырыптық үйлестірушісі Ольга Романова шақырылып, жиын барысында Алматы – Қонаев қалалары арасындағы жол бойын көгалдандырудың басымдығы айқындалды. Аталған жобаның орындаушылары – халықаралық MLA+ компаниясы және Қазақстан-Неміс университеті (DKU).
MLA+ компаниясының қала нысандарын стратегиялық жоспарлау, жасыл инфрақұрылым, климаттық өзгерістерге бейімдеу, табиғатқа қатысты оңтайлы шешімдер шығару, тұрғын үй мен «ақылды қалалар» бойынша консультациялық жобалар ұсынуда тәжірибесі мол. Сондай-ақ көптеген елдерде өкілдіктері бар голландиялық компания «Қонаевқа – жасыл жол» жобасын да сәтімен орындайтындарына сенімді. MLA+ компаниясы Қазақстандағы жергілікті әріптесі Қазақстан-Неміс университетімен бірлесе отырып, облыстағы қала жоспарлау және қаланы дамыту саласында халықаралық және жергілікті пайым-түсінікті үйлестіріп, тәжірибелі сарапшыларды біріктіріп отыр.
Аталған жобаның жүзеге асуына облыс пен Алматы қаласының әкімдіктері мүдделілік танытқан. Сонымен бірге Алматы агломерациясының аумағын толық қамтитын «Жасыл дәліз» құру, қалаішілік орманды қалпына келтіру бастамалары да жаңа жобаның жандануына негіз болды. Бұл бағытта Алматы қаласы мен облыс әкімдіктеріне Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы тұрақты ландшафттарды қалпына келтіру жөніндегі бағдарламасы да (RESILAND CA+) оң әсерін тигізуде.
Аталған бағдарлама бойынша атқарылмақ шаруаларға тоқтала кетсек, бірінші кезекте тұрған шаруа – ауа сапасын жақсарту үшін көгалдандыру белдеуін қайта қалпына келтіру және күшейту, аймақтың көміртектік бейтараптығына үлес қосу. Сондай-ақ аймақтың туристік әлеуетін нығайту үшін Қапшағай су қоймасына барар жолдағы рекреациялық тұрғыдан тартымды бағытты құру жергілікті табиғи ландшафттардың сұлулығын автокөлік терезесінен де, велосипедпен кетіп бара жатып та тамашалап, бағалауға мүмкіндік бермек. Бұған қоса, Қаскелең өзені мен Қонаев қаласының маңындағы тоғайлардың арасында экологиялық дәліз қалыптастыру көзделген.
Жасыл дәліз, негізінен, автожолдың екі қапталын ені 20-80 метр аралығында көгалды белдеумен қамтуды мақсат етеді. Жобада гүлзарлар, рекреациялық нысандар, сондай-ақ, веложолдар бар. Жобада пайдаланудың әртүрлі жағдайларына арналған ассортименттің екі нұсқасы – құрғақшылыққа төзімді және тамшылатып суаруға арналған ассортименттер қарастырылған. «Сынақ түрінде отырғызылған көгалды 3-5 жыл өткеннен кейін бағалауға мүмкін болады», – дейді мамандар.
Жобаға бөлінген жер Қонаев қаласына бара жатқан жолдағы Қапшағай су қоймасына жақын орналасқан. Болашақ жасыл дәліз Қапшағай суына алып баратын аймақтық рекреациялық бағыт ретінде қарастырылып отыр. Жоба бойынша ағаш көлеңкесін бойлай өтетін веложол, су қоймасының панорамасын шолуға арналған бақылау алаңқайы, туристердің, велосипедшілердің мен автомобильшілердің де аялдап, демалатын орындары орналасатын туристік инфрақұрылым құру көзделген. Жобаны жүзеге асыру үшін мерзімдері, қаржыландыру көздері мен орындаушылар жазылып көрсетілген іс-қимыл жоспары жасалған.
Аталған жоспардың орындалуын бақылауға тиісті комиссия облыстық әкімдік тарапынан бүкіл жасыл дәліз жоспары бекітілгеннен соң құрылмақшы. Қазіргі таңда қаржыландырудың әртүрлі әдістерін қарастырылған. Нәтижесінде мамандар ықтимал үш әдіске тоқталып отыр. Оның алғашқысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, ESG арқылы немесе көміртектік несиелер арқылы қаржыландыру жолы қаралған.
Тарқатып айтар болсақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы қаржыландыру жасыл дәлізге деп бөлінген жер телімін мемлекет тарапынан жекеменшік әріптестің сенімді басқаруына өткізуді көздейді. Содан кейін 5 жыл толғаннан кейінгі мерзімде жекеменшік әріптес барлық қажетті жұмыстарды орындайды, ал мемлекет бастапқы жылдардағы инвестициялық және операциялық шығындардың өтемақысын қамтамасыз етеді.
ESG арқылы қаржыландыру дегеніміз – тұрақты даму мақсатында міндеттемелердің орындалуына мүдделілік танытқан жергілікті ірі компанияның осы жобаны қаржыландыруы.
Көміртектік несиелер арқылы қаржыландыру дегеніміз – жергілікті қоғамдастықты жасыл дәліздегі көгалдандыру материалдарын отырғызу мен өсіруге тарту, ал содан кейін көміртектік сертификаттарын халықаралық және қазақстандық компанияларға сатудан түскен қаражат түріндегі ақшамен шығынның өтемақысын өтеу. Міне, әзірге осындай бағыттағы шаруалардың оңтайлысын таңдау жүруде.
Жиыннан түйгеніміз, таяу болашақта «Кеңес кезінен бері әжептәуір өсіп, көрік беріп тұрған жол жиегіндегі ағаштарды отап кетті ғой» деп, налып жүрген халықтың күткен арманы орындалатын болды. Жол жиегін әсем ағаштар көркемдеп, әдемі гүлзарлар толықтырмақ. «Қонаевқа – жасыл жол» жобасының авторлары осындай уәде беріп отыр.
Бейбіт МЕКЕЕВ