Елдің келбетін келістіретін де, әлеуетін айқындайтын да маңызды сала – жол. «Азаматын көріп, елін таны». Жолына қарап та біраз нәрсені аңғару қиын емес. Дей тұрғанмен, «Жол азабын жүрген біледі», оған барша жұрттың елеңдейтіні заңды. Жол мәселесі қашаннан өзекті. Осыған орай кереге таулы Кеген өңіріндегі жол жағдайын саралап көрсек. Кейінгі жылдары аймақтағы жолдарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары біршама тиянақты жүргізіліп, тіршіліктің күретамыры жақсарып қалды. Атап айтқанда, Кеген мен Нарынқол арасындағы 74 шақырымдық жолдың сын көтермейтін күйге түскеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Жергілікті тұрғындардың жанайқайы жоғарыдағылардың құлағына жетіп, былтыр қажетті қаржы бөлініп, жолға асфальт төселе бастады.
Жетпіс жыл жөнделмеген
Жоба аясында ұзындығы 74 шақырым болатын «Кеген – Нарынқол» жолының 0-37 және 37-74 шақырым аралығы орташа жөндеуден өтті. Мердігер мекеме – «Нұрлы жол-7» ЖШС, ал техникалық қадағалауды «KZСтройэксперт» ЖШС жүзеге асырды. Осылайша, халық көптен зарыға күткен республикалық маңызы бар «Кеген – Нарынқол» автомобиль жолына, шамамен 70 жылдан соң, су жаңа асфальт жабындысы төселді. Яғни, жол жөндеу жұмыстарының бісмілләсі Кеген ауылының «Иін» аталып кеткен тұсынан (шығыс жақ) Сарыжаз ауылына қарай басталып, былтыр күз айында аяқталды. Биыл осы жолдың үстіне 5 см болатын ұсақ қиыршықталған асфальт жабындысы төселіп, күз айында толығымен ел игілігіне берілмек.
«ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК Алматы облыстық филиалы арқылы Кеген ауданынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына, яғни төрт нысанға жалпы ұзындығы 93 шақырым жолдың орташа және күрделі жөндеу жұмыстары мемлекеттік сатып алу порталына беріліп, мердігерлер анықталып, жұмыстар жүргізілді. Таратып айтатын болсақ, жөндеу жұмыстары «Көкпек – Кеген – Түп» 26-41 км аралығы, Жалағаш бұрылысынан Ақсай ауылына дейін – 15 км жол, «Көкпек – Кеген – Түп» 68-88 км аралығы, Кеген ауылының кіреберісінен Қарқара ауылына дейін 20 км жол, «Кеген – Нарынқол» 0-37 км аралығы, Кеген ауылынан Сарыжаз ауылына дейін – 37 км жол, «Жалағаш – Саты – Көлсай көлі» 3-24 км аралығы, Алғабас ауылының бұрылысына жетпей 21 км жол аралықтарында атқарылады.
Осыдан төрт ай бұрын еріген қар суынан су өткізу құбыры зақымданып, жолдың бір бөлігі шайылып кеткен «Кеген – Нарынқол» тас жолының 20-шақырымы, яғни су шайған көпір аумағы қайта қалпына келтірілді. Көпірге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында мердігер мекеме тез арада анықталып, бұзу жұмыстары және көпірге қажетті элементтер бірден дайындалды. Нысанның маңыздылығын ескере отырып, екі айдың ішінде құрылыс жұмыстары толық жүргізіліп, облыс әкімі Марат Елеусізұлының қатысуымен жаңа көпір пайдалануға берілді.
Айта кету керек, республикалық маңызы бар «Кеген – Нарынқол» автомобиль жолын жасаудың екінші кезеңі көктем айында Текес ауылынан бастау алды. Жолдың үстіне 5 см болатын ұсақ қиыршықталған асфальт жабындысы төселіп, жол жөндеу жұмыстары бүгінде Сарыжаз ауылына жетті. Күзге дейін Кеген ауылына дейінгі аралық жолға 5 см болатын ұсақ қиыршықталған асфальт жабындысы төселініп, меже толық орындалмақ.
Алғашқы асфальт
Аудан аумағында барлығы 775 шақырым жол бар. Оның ішінде 215 шақырым жолдың республикалық маңызы бар. Жақсы және қанағаттанарлық – 66%, (120 км), жөндеу қажет ететіні – 34%, (95 км). Облыстық маңызы бар – 240 шақырым, жақсы және қанағаттанарлық – 62 %, (125 км), жөндеу қажет ететіні – 38%, (115 км). Жергілікті маңызы бар – 320 шақырым, оның 288 шақырымы – ауылдың ішкі жолдары, 32 км аудандық жолдар, жақсы және қанағаттанарлық – 78%, (218 км), жөндеу қажет ететіні – 22%, (102 км).
Кеген ауданы «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің басшысы Жасұлан Нұрмұханұлы:
– Ауыл ішкі жолдарын маршруттық тәсілмен, орташа және күрделі жөндеу жұмыстарына 11 жобаға 2,8 млрд теңге бөлінсе, күрделі жөндеу жұмыстары Қайыңды көліне баратын жолға (10 км) 1,3 млрд теңге бөлінді. Мердігер мекемемен келісімшарт жасалып, жолдың негізі төселіп, 3 көпір орнатылды. Бүгінде су өтетін құбырлар толық орнатылып, асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Орташа жөндеу жұмыстарына 6 нысанға (34,3 км) 629,2 млн теңге бөлінді, – деді. Ол елдімекендерде көше-жол желілерін салумен қатар, жөндеу жұмыстары атқарылып жатқандығын тілге тиек етті.
Ұстаның ұстасы
Көлсай көліне баратын жол жасалынып, жолаушылар үшін қолайлы жағдай туғызылды. «Алматы – Нарынқол» тас жолынан Көлсайға дейінгі 80-100 шақырым жолды жөндеу үшін 2009 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жол қиындығы артта қалды. Жол сапасы жақсы, туристердің келіп-кетуіне ыңғайлы. Шынтуайтында, бұл – өте маңызды шаруа. Жаз айларында Көлсайға бет алған өкпек жолаушының саны арта түсетіні белгілі. Жолдың кеңейтілуі әрі бұрынғы ой-шұңқырынан арылып, сайрап жатуы өңірге ат басын бұратын туристер санының көбеюіне ықпал етпек. Жолдың жақсы болуы Көлсайдың туристік әлеуетін арттырып, өңірдің тартымдылығын күшейтуге септігін тигізетіні сөзсіз.
Саты ауылының тұрғыны Қаби Сақалов:
– «Табиғат – ұстаның ұстасы» деген рас. Бұл мекен – теңдессіз демалыс орны. Ауасы таза, суы тұнық. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелдерден де демалушылар көптеп келуде. Көлсай, Қайыңды көлін көрем деушілер саны күннен-күнге артпаса, кеміген емес. Жолақты жолдар жасалып, туризмнің дамуына жол ашылып жатыр, – деп өз әсерімен бөлісті.
Кеген аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметі бойынша, Саты ауылында (Көлсай маңындағы ауыл) қонақтарды қабылдайтын үйлер бар. Үстіміздегі жылдың 7 айында Көлсайға 257 933 турист келген.
Қайыңды жап-жақын
Сатының шығысында Қайыңды шатқалы бар. Онда Қайыңды деп аталатын шағын ғана бұлақ суы ағып жатады. Мұндағы Қайыңды көліне апаратын аудандық маңызы бар автомобиль жолы – күн тәрітібінде тұрған мәселе. Қазіргі таңда өрге қарай бағытталған ойлы-қырлы жол тегістеліп, негізгі жұмыстар тәмамдалды. Енді асфальт төсеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінге дейін жол бойындағы 42 дана су өткізгіш құбыр толық орнатылып, 3,5 шақырым жол асфальтталды. Жолдың жалпы ұзындығы – 10 шақырым. Бас мердігер – «Сервис НС» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Kaz Trans Building» ЖШС, авторлық қадағалаушы – «ОНТР НР» ЖШС. Жоба өткен жылдың қазан айында басталған. Жалпы құны – 2,43 млрд теңге. Биыл жол құрылысына жергілікті бюджеттен 1374,9 млн теңге қаржы бөлінген. Жоба өңірдегі көлік инфрақұрылымының талапқа сай болуына, жол сапасының жақсаруына септігін тигізеді. Жаңа жол пайдалануға берілгеннен кейін Қайыңды көліне қатынау едәуір жеңілдейді. Бұл өңірге келетін туристер санының артуына оң ықпал етеді. Осылайша, көрікті мекеннің сұлулығын тамашалауға асыққан қонақтар межелі жерге жылдам әрі қауіпсіз жете алады. Қайыңды көліне апаратын автомобиль жолы тамыз айында ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Түйін:
Жол – экономиканың күретамыры, байланыстың алтын арқауы.
«Бір жол бар жақын, жақын да болса
алыс» деп Жиренше шешен айтқандай, алысты жақын етіп, адамдардың қарым-қатынасына, барыс-келісіне әсер ететін жолдың сапасы кімді болса да бейжай қалдырмасы анық.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы





