Перейти к содержимому
Главная страница » Бопай ханымның қылышы

Бопай ханымның қылышы

Қазақ тарихындағы жаугершілік замандарда туған елі мен жерін жаудан қорғаған батыр бабалардың ерен ерліктері қашанда ұрпақ жадынан өшпек емес. Отан қорғау жолында отбасы, ошақ қасын тастап, елдің еркіндігі үшін атқа қонған батыр аналар да болғаны тарихтан мәлім. Осындай аналардың бірі, қазақтың ең соңғы ханы Кенесарының қарындасы – Бопай ханым.

Жоңғар шапқыншылығынан кейін патшалық Ресей қазақ жеріне отарлық саясатты үдете түсті. Аталмыш кезеңде әйгілі Абылай ханның жолымен бүкіл қазақтың басын біріктіру ісін қолға алып, жалпы ұлт-азаттық көтерілісті бастап, оның ұшқынын бүкіл қазақ даласына шашқан Кенесары Қасымұлы болатын. Ол 10 жыл бойы патшалық Ресейге қарсы тоқтаусыз шайқас жүргізіп, қазақ халқының дүниені дүр сілкіндірген әйгілі көшпенділердің ұрпағы екенін әлемге әйгілеп берді. Кенесары басқарған азаттықтың ақ таңы жолындағы ұлт-азаттық көтерілісі бүкіл қазақ даласын шарпып, оны хандық дәрежеге дейін көтерді. Кенесары – патшалық Ресейдің озбыр саясатынан титықтап, бір жағынан Қоқан мен Хиуа басқыншыларынан азап шегіп, басы бірікпеген қазақты бір тудың астына жиып, отарлық езгіге қарсы күреске жұмылдыра білген Абылай ханнан кейінгі тарихи тұлға болды.


Кенесарының көтерілісі көлемі жағынан ауқымды, сарбазының саны жағынан өте көп болуының басты себебі – әскер құрамында тек қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері, атап айтқанда татар, башқұрт ұлттарынан бөлек, қарақалпақ, түрікмен, қырғыз және өзбектердің болуында еді. Бұл халықтар да отарлаушы елдің езгісіне түсіп, жер тапшылығының қасіретін тартқан болатын. Хан Кененің тек қазақ халқын ғана емес, өзге ұлттарды да біріктірудегі қолданған көреген әдісі, біріне бірі сай келетін ұлттық мүдделерді шебер пайдалана білуінде еді.
Елді біріктіруді алғашында өз руластарынан бастаған Кенесарының қасында інісі Наурызбай мен қарындасы Бопай ханым да болып, азаттық жолында отаршылармен көтерілістің соңғы күніне дейін күрескені тарихтан мәлім. Кенесары көтерілісі мен оның қатысушылары туралы деректер бірқатар зерттеушілердің еңбектерінде кездеседі. Ал нақты Бопай туралы Кенесары көтерілісіне «Ұлт-азаттық» деп баға бергені үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылып, жер аударылған тарихшы Ермұхан Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деп аталатын ғылыми еңбегінде айтылады.
Аталған еңбекте Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісі кезінде өзінің әскери ерліктерімен Кенесарының қарындасы Бопайдың да даңқы шыққаны жайында баяндалады. Ол көтерілістің алғашқы күндерінен-ақ атқа қонып, ағасының сенімді серігіне айналады. Бопай ханым күйеуі Сәмеке мен оның туыстары сұлтан Сартеке және Досан Әбілқайыровтарды да көтеріліске қатысуға шақырады. Алайда олар келісім бермеген соң, 1837 жылы Бопай күйеуі мен оның туыстарын тастап, алты баласын алып, көтерілісшілер қатарына біржола қосылады. Көтеріліс кезіндегі Бопай зекет жинап, көтеріліске қосылмаған сұлтандардың мүлкі мен азық-түлігін тартып алатын 600 адамдық ерекше топты басқарған. Мәселен, Бопайдың Арғын руына зекет жинауға келгені туралы Патшалық Ресейдің жансызы болған Самрат Мамаевтың: «Кенесары төлеңгіттерімен бірге Кенесары ісіне қатысуымен қырға кең танылған, оның қарындасы  Бопай да келді», – деп баяндауы оның көтерілістің белсенді мүшесі болғанын көрсетеді.
Бірқатар тарихи еңбекте Бопай Кенесарының барлық ірі шайқасына қатысып, өзі де жау тылына партизандық жорық жасағаны туралы жазылады. Сонымен қатар Бопай жиындарда сөз сөйлеп, өз ойын ортаға салып отырған, ал Кенесары оның ақыл-кеңесіне үнемі құлақ асқан. Демек, әйгілі Хан кененің жаужүрек қарындасы да азаттықтың ақ таңы жолында ағасының қасында иық тірестіріп бірге жүрген. Кенесарының патша үкіметіне берілген қазақ сұлтандарының ауылына толассыз жасаған шабуылдарын сенімді әрі тиянақты атқарған Бопай ханым болған.
1837 жылдан 1847 жылға дейін, 10 жылға созылған Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісі қазақ даласындағы отаршылдыққа қарсы күрестердің ең ауқымды әрі маңыздысы болды. Отаршылар бұл көтерілісті баса алмай, құйтұрқы саясат қолданып, қазақтың соңғы ханы Кенесарының тағдыры қасіретті де, қайғылы аяқталғаны тарихтан мәлім. Ал Бопай ханым көтеріліс жеңіліс тапқан соң, еліне қайтып, Ырғыз өзені бойында дүние салған деседі. Жерленген жері – қазіргі Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында «Бопай ханша» деп аталатын ауылдың маңайы.
Жаугершілік замандарда Алтайдан Атырауға дейін созылған ұлан-ғайыр қазақ жерін басқын­шылардан қорғаған батыр бабалардың ерен ерлігі мен қиын-қыстау кезеңде ел басқарған тарихи тұлғалардың сарабдал саясатын насихаттайтын «Батыр бабабалар» мемориалды музейінде «Ер қаруы – бес қарудың» толық түрі сақталған. Бес қару түрлерімен бірге экспозициядан орын алған Бопай ханымның ұстаған қылышы – музейлік мәні зор, бірегей артефакт болып саналады.
Бопай ханымның қылышы.
Қор коллекциясынан

ХІХ ғасырдың ортасында жасалған Бопай ханымның қылышын музейге 2018 жылы Айдар Тастеміров тапсырған. «Батыр бабалар» мемориалды музейінің қару-жарақ коллекциясы қатарында сақтаулы қылыштың басынан ұшына дейін сыртқа қарай орташа қайқыланған. Беріктігін арттыра түсу үшін, ұзындығын бойлай үш қатар терең бедер жүргізілген. Сабы берік ағаштан жасалып, қолды қорғап тұратын «балдағының» бір ұшы, қылыш басына қарай иіліп, шығыршықтала тұйықталған. Алқым тұсында «Санктъ Петербугъ», «Шафъ и Сыновья» деген жазу және патшалық Ресейдің мемлекеттік Елтаңбасы – басында тәжі бар, екі басты самұрық құстың бейнесі бедерленген.
Тапсырушының айтуына қарағанда, бұл қылыш әйгілі Кенесарының қарындасы – Бопай ханымға тиесілі болған. Бізге мәлім мәліметтер бойынша қылыш неміс суретшісі әрі қару-жарақ танушысы, металл бетіне өрнек түсіріп, алтын жалатушы Германияның Золинген қаласында, кейіннен Ресейдің ­Санкт-Петербург қаласында тұратын, әкелі-балалы Вильгельм Николай Шаф (әкесі) пен Вильгельм Людвиг Шафтардың (баласы) шеберханасында жасалған.
Қазіргі таңда «Батыр бабалар» мемориалды музейі қоры коллекциясындағы Бопай ханымның қылышы экспозициядан лайықты орын алып, келушілердің қызығушылығын арттыруда.

Қыдыр НҰРҒОЖА,
«Батыр бабалар» мемориалды музейінің ғылыми қызметкері
Қарасай ауданы