Қоғамның рухани дамуы мен ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесі қай кезеңде де өзектілігін жоғалтқан емес. Осы тұрғыдан алғанда құрылтай – елдің болашағына қатысты маңызды мәселелер талқыланатын, қоғамдық пікір мен тәжірибені тоғыстыратын мазмұнды алаң.
Мәдениет саласының өкілі ретінде құрылтайда тарихи мұраны сақтау, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жастар тәрбиесі мен ұлттық сананы нығайту мәселелерінің тұрақты түрде көтерілуін маңызды деп санаймын. Өйткені мәдениет – халықтың тарихи жадын сақтайтын, ұлттың болмысын айқындайтын басты құндылықтардың бірі.
Бүгінде жаһандану жағдайында ұлттық мәдениетті заман талабына сай дамыту ерекше мәнге ие. Бұл – өткенді ғана дәріптеу емес, тарихи мұраны бүгінгі ұрпаққа түсінікті әрі тартымды форматта жеткізу деген сөз. Мұражайлар мен тарихи-мәдени орталықтардың қызметі де осы мақсатқа бағытталуы тиіс. Жастардың туған ел тарихына қызығушылығын арттыру, ұлттық өнер мен салт-дәстүрге құрметін қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет.
Құрылтайдың басты құндылығы – түрлі көзқарастардың ортақ мақсат жолында тоғысуына мүмкіндік беруінде. Осындай пікір алмасулар қоғамның рухани дамуына тың серпін береді деп сенемін. Өйткені ұлттық мәдениетке деген жанашырлық пен тарихи мұраға деген жауапкершілік – елдің ертеңіне салынған маңызды инвестиция.
Дәулет ДӘРКЕМБАЙҰЛЫ, Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры

