Алматыда «HUMAN RIGHTS LAWYERS» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен мемлекеттік орган өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығы қатысқан «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және балаларға жасалатын қиянаттың алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Бұл шара тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қарсы қылмыстардың алдын алуға, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтарды өз құқықтарын қорғау тетіктерінен хабардар етуге, сондай-ақ отбасы мен балалық шақты қорғау ісінде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының бірлескен іс-қимылын нығайтуға бағытталған. Жиын барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары, балаларға жасалатын қиянат түрлері және олардың алдын алу жолдары, бала құқығын қорғаудың құқықтық тетіктері, жәбірленушілерге құқықтық және психологиялық көмек көрсету, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлесіп әрекет етуі, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және қауіпсіз орта қалыптастыру, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы ортақ жұмыстар кеңінен талқыланды.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған «HUMAN RIGHTS LAWYERS» қоғамдық қорының президенті Ләззат Рақышева алқалы басқосуға келген қонақтарға алғысын жеткізіп, соңынан күн тәртібіне қойылып отырған мәселе жөнінде ауқымды баяндама жасады.
– Біз қоғам үшін аса өзекті мәселені талқылап, оны шешудің нақты жолдарын бірлесіп қарастыру үшін жиналып отырмыз. – деді Ләззат Бекмұханбетқызы сөз басында. – Қор сүйемелдеген 1500 өтініштің ішінен 28 қылмыстық іске жасалған талдау қорытындысы зорлық-зомбылықтың алдын алу, жәбірленушілерді қорғау және сот төрелігіне қол жеткізу саласында жүйелі түйткілдердің бар екенін көрсетті.
Талдау көрсеткендей, зорлық-зомбылық жағдайларының көбі кенеттен бола қалмайды. Көптеген істе қылмыс ұзақ уақыт бойы жалғасады. Ал құқық қорғау органдарына алғашқы оқиғадан кейін айлар, тіпті жылдар өткен соң ғана мәлім болады. Бұл ерте анықтау және алдын алу тетіктерінің әлі де әлсіз екенін білдіреді.
Ең қауіптісі – қылмыс жасады делінгендердің дені бөгде біреулер емес, жәбірленушілердің өз әкесі, өгей әкесі, ағасы, туыс ағасы және басқа да жақын туыстары немесе жақын таныстары болып шығады. Бұл мемлекеттік деңгейдегі алдын алу жұмыстарын тек қауіпті бейтаныс адам ұстанымынан отбасыішілік зорлық-зомбылықтың алдын алуға қарай бұру қажеттілігін айғақтайды. Сонымен қатар топтық жыныстық зорлық-зомбылық деректері, әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар арқылы танысып, кейін қылмысқа ұласқан жағдайлар алаңдаушылық тудырады. Бұл балалар мен жасөспірімдердің цифрлық қауіпсіздігін күшейту қажеттігін көрсетеді. Өтініштер Қазақстанның әртүрлі өңірінен түскенімен, барлық жерде кездесетін мәселелер бірдей. Келеңсіз оқиғалардың көбі Түркістан, Жамбыл облысы, Шымкент пен Алматы қаласы мен Алматы облысынан келеді. Бұл істерде отбасы ішінде балаларға қарсы жасалған жыныстық зорлық, қылмысты кеш анықтау және деректерді ұзақ уақыт жасырып қалу жағдайлары басым. Анықталғандай, бірде-бір істі кенеттен болған деп атауға келмейді. Бұл түйткілдің басты себебі тек қылмысты тергеу барысында емес, сонымен қатар ерте анықтау мен алдын алу жұмыстарының әлсіз екенін көрсетеді.
Баяндамашы өз сөзінде балаларға жасалатын зорлық-зомбылықтың көп жағдайда жақын туыстарынан келетінін айта келіп, оның алдын алуға қатысты шаралардың жобасын ұсынды. Бұл жерде ата-ана мен құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелер мен психолгтардың бірлесе жұмыс атқаруы аса маңызды.
Баяндамашы сөзінің соңында мемлекеттік органдарға қылмыстың алдын алу үшін ата-аналарды жыныстық зорлық белгілерін тануға үйрету, мектептерге міндетті бағдарламаларды енгізу, балалардың цифрлық қауіпсіздігін күшейту, жәбірленушілерге тегін заңдық көмек көрсету, адвокат таңдау мүмкіндігін қарастыру, психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру, тергеу мерзімдеріне қатаң бақылау орнату, қылмыстық істердің негізсіз тоқтатылуын азайту, балаларға қарсы қылмыстарды тергеудің бірыңғай стандарттарын қамтамасыз ету, ведомствоаралық құрылымдардың өзара іс-қимылын күшейту қажеттігін ескертті.
Келесі болып сөз алған Алматы облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мәселелері жайлы айтып берді.
– Қазіргі қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі өзектілігін жоғалтпай, керісінше, әрбір адамның назарын аударуды талап ететін келеңсіз құбылысқа айналды. – деді ол өз сөзінде. – Бұл құбылыстың кең таралуы әлеуметтік, психологиялық және құқықтық салдарларды туындатып, қоғамның барлық деңгейіне әсер етуде. Зорлық-зомбылық тек физикалық қана емес, оның психологиялық, экономикалық және эмоционалдық түрлері де көп күттірмей, қоғамның сан қырлы мәселелеріне айналып отыр. Зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсету ғана емес, оның алдын алу шараларын іздестіру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
Осы орайда отбасыларға қауіпсіздік мәдениетін нығайту арқылы зорлық-зомбылықтың алдын алудың тиімді әдістерін анықтау аса маңызды. Статистикалық талдау, сауалнама жүргізу және сараптамалық бағалау әдістерінің нәтижелер көрсеткендей, қауіпсіздік мәдениетін арттыру үшін отбасы мүшелерінің құқықтық сауаттылығын көтеру және қоғамды ақпараттандыру маңызды рөл атқарады. Нәтижесінде, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін кешенді тәсілдер қажет екендігі анықталды. Бұл қауіпсіздік мәдениетін дамыту арқылы ғана мүмкін болмақ.
Алматы облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында нақты жұмыс атқарылып келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы, полиция департаменті, әлеуметтік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар, білім беру және денсаулық сақтау саласының өкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, түрлі форматтағы кездесулер, семинарлар, түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу күрделі, бірақ шешімін табуға болатын мәселе. Халықаралық тәжірибені зерттеу арқылы біз өз елімізде тиімді қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыра аламыз. Бұл үшін заңнамалық негізді күшейтіп, қоғамның барлық мүшелерінің белсенді қатысуы қажет.
Баяндамашы облыс аумағында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды айта келіп, өз ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында кешенді бағдарламаларды енгізу, қоғамның әрбір мүшесі бұл мәселені шешуге атсалысуы үшін ақпараттық насихат жұмыстарын күшейтіп, құқықтық реформалар мен қолдау қызметтері зорлық-зомбылықты анықтауды және алдын алуды жақсартып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үлес қосу, жүйелі білім беру, ауылдық жерлерде қызмет көрсету мүмкіндігін арттыру және агрессорларға арналған психологиялық бағдарламаларды кеңейту қажет.
Қазақстандағы психоанализ мектебінің негізін қалаушы, психоаналитик, Орталық Азия психоанализ институтының директоры Анна Құдиярованың осы саланың маманы ретінде айтары көп болды. Анна Мергенбайқызы отбасылық және балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың себебі мен салдары жайында ғылыми тұрғыда талдау жасап, зардап шеккендерге құқықтық және психологиялық көмек көрсетудің қолданыстағы жүйесін саралап берді. Сондай-ақ өзара тәжірибе алмасып, отбасы мен бала құқықтарын қорғау саласындағы мекемеаралық ықпалдастықты нығайту бойынша нақты ұсыныстарын жеткізді.
Алқалы жиында Алматы қалалық әділет департаментінің арнайы өкілі Шынар Әзілбек, Қарасай аудандық мәслихатының депутаты, «Отбасын қолдау орталығы» КММ директоры Анна Константинова күн тәртібіне қойылып отырған мәселе жөнінде нақтылы деректерді келтіре отырып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен жағдайды түзетуге қатысты ұсыныстарын айтты. Дөңгелек үстел отырысына келген өзге де қонақтар сөз алып, мәселеге қатысты өз ойларын ортаға салды. Соңынан «HUMAN RIGHTS LAWYERS» қоғамдық қорының президенті Ләззат Рақышева тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және балаларға жасалатын қиянаттың алдын алу бағытында жемісті еңбек етіп, қоғамға пайдалы істерге атсалысып жүрген белсенділерге Алғыс хаттар табыс етті.
Қуат Қайранбаев

