Перейти к содержимому
Главная страница » Жастарды қолдау жалғасады

Жастарды қолдау жалғасады

Қонаев қаласындағы Alatau Hub алаңында облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының ұйымдастыруымен көпшілік тыңдау өтті. Жиынға тұрақты комиссия төрағасы Сұлтан Нұрдәулетов төрағалық етіп, күн тәртібіне шығарылған мәселелердің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңыздылығына тоқталды. Басқосуға облыстық мәслихат депутаттары, басқармалар басшылары мен жауапты сала мамандары, жастар қатысты.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңдарға сәйкес өткен көпшілік тыңдаудың күн тәртібінде мемлекеттік жастар саясатын іске асыру барысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы білім беру ұйымдарының балансындағы пайдаланылмайтын 6 коммуналдық меншік және Іле ауданындағы денсаулық сақтау саласына қарасты 1 коммуналдық меншік нысанын сауда-саттыққа шығару мәселелері қаралды.
Алғашқы болып облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мәди Ахметов баяндама жасап, өңірде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, азаматтық жауапкершілікті арттыру және олардың әлеуетін елдің дамуына бағыттау жөніндегі тапсырмалары өңірде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда аймақта 432 мыңнан астам жас тұрады. Бұл – өңір тұрғындарының шамамен 28 пайызы. Сондықтан жастарды қолдау өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Баяндамашының мәліметінше, жастар саясатының негізгі көрсеткіштерінің бірі саналатын NEET санатындағы жастар үлесі соңғы жылдары айтарлықтай азайған. Егер 2023 жылы бұл санатта 45 мыңнан астам жас болса, 2024 жылы олардың саны 26 мыңға дейін төмендеген. Ал 2025 жылы 19 мыңнан асса, биылғы шілде айындағы мәлімет бойынша 16 мың 817 жасты немесе жалпы жастар санының 3,89 пайызын құрап отыр. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіштің шамамен 63 пайызға қысқаруы жұмыспен қамту шараларының, атаулы сүйемелдеудің және мемлекеттік қолдау бағдарламаларының нәтижесін көрсетеді. Осы орайда Мәди Абылайұлы өз сөзінде:
Жыл басынан бері белсенді жұмыспен қамту шараларымен 4 мың 934 жас қамтылған. Оның ішінде мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасса, 1 мың 483 азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілген. Сонымен қатар жүздеген жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, қысқа мерзімді кәсіптік курстардан өткен. 1 мың 347 жас жеке кәсіпкер ретінде өз ісін бастаған. Жастарды еңбекке баулуда дәстүрлі түрде жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасының да маңызы зор. Биыл аталған жобаға облыстық бюджеттен 130 миллион теңге бөлінген. Оның басым бөлігі жастардың еңбекақысы мен әлеуметтік төлемдеріне бағытталған. Бағдарлама аясында облыстың барлық аудан-қалаларынан мың жас маусымдық еңбекке тартылып, әрқайсысына 85 мың теңге көлемінде еңбекақы төлеу жоспарланған, – деді басқарма басшысы.
Баяндамашы өз сөзінде жастар инфрақұрылымын дамыту жұмысы да жүйелі жалғасып жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыстық, тоғыз аудандық және Алатау қалалық жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейді. Сонымен бірге 134 ауылдық округте жастармен жұмыс жөніндегі әдіскер-нұсқаушылар қызмет көрсетуде. Соңғы екі жылда Кеген, Балқаш, Райымбек және Қарасай аудандарында жаңа жастар ресурстық орталықтарының ғимараттары пайдалануға берілсе, Қонаев қаласында жаңа коворкинг орталығы ашылған. Бұдан бөлек, Іле, Ұйғыр және Талғар аудандарында жастарға арналған заманауи кеңістіктер іске қосылған. Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында да бірқатар жұмыс жүргізілген. Жыл басынан бері 125 іс-шара, 94 профилактикалық рейд және 25 семинар ұйымдастырылып, 4 мыңнан астам жас қамтылған. Антиграффити акциялары барысында есірткі жарнамасын насихаттайтын 1800-ден астам заңсыз жазу өшірілген. Өңірде волонтерлік қозғалыс та қарқынды дамуда. Қазіргі таңда үш мыңнан астам ерікті қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, олардың ұйымдастыруымен мың жарымнан астам қайырымдылық және әлеуметтік акция, сондай-ақ 75 экологиялық шара өткізілген. Басқарма басшысы биыл облысымызда алғаш рет «Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» республикалық семинар-тренингі ұйымдастырылғанын айтты.
Үш күндік оқыту барысында еліміздің әр өңірінен келген жастар ресурстық орталықтарының мамандары тәжірибе алмасып, мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың жаңа тәсілдерін меңгерді. Жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев семинар қатысушыларымен кездесіп, жастармен ашық пікір алмасты. Сонымен қатар өңірде халықаралық байланыстар да нығайып келеді. Астана қаласынан келген «Ұлттық волонтерлік желі» өкілдері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен волонтерлік қызметті дамыту мәселелерін талқыласа, Талғар ауданында өткен ІІІ қазақ-қырғыз жастарының форумында цифрлық трансформация, жастардың цифрлық сауаттылығы, лудомания мен нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жобалар таныстырылды. Қытайдың Шанхай қаласынан келген делегациямен және Ресейдің Омбы қаласында өткен жастар форумында да халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған нақты келісімдер жасалды, – деді.
Баяндамасын қорытындылаған басқарма басшысы алдағы 12 тамыз – Халықаралық жастар күні қарсаңында өңірде өтетін іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға депутаттар тарапынан қолдау көрсетуді сұрап, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру жұмысы алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева Еңбекшіқазақ ауданындағы пайдаланылмай тұрған коммуналдық меншік нысандарын сауда-саттыққа шығару жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, аталған нысандардың барлығы бұрынғы мектептер мен клуб ғимараттары. Жаңа білім беру ұйымдарының салынуына немесе оқушылар санының азаюына байланысты бұл ғимараттар бүгінде пайдаланылмайды. Көпшілігінің техникалық жағдайы ескіріп, жартылай қирағандықтан әрі қарай пайдалану мүмкін болмай отыр. Сауда-саттыққа шығаруға ұсынылған нысандар қатарында Алға ауылындағы бұрынғы Алға орта мектебінің ғимараты, Жаңашаруа ауылындағы бұрынғы мектеп пен клуб ғимараттары, Достық ауылындағы Қаратұрық орта мектебінің бұрынғы ғимараты, Ж. Қайыпов ауылындағы бұрынғы «Қазақстан» мектебі және Қайнар ауылындағы Қызыл Қазақ бастауыш мектебінің бұрынғы ғимараты бар. Барлық нысан бойынша құжаттар толық рәсімделіп, қажетті материалдар облыстық қаржы басқармасына жолданған. Осыған байланысты аталған алты нысанды заңнама талаптарына сәйкес ашық сауда-саттыққа шығару ұсынылды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайыржан Оңғаров сөз сөйлеп, Іле ауданындағы пайдаланылмай тұрған бұрынғы фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратын сауда-саттыққа шығару жайын таныстырды. Ынтымақ ауылында орналасқан бұл нысан 1975 жылы салынған. Ғимараттың техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз әрі жартылай қираған. Елдімекенде 2012 жылы жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілгеннен кейін бұрынғы ФАП өз қызметін тоқтатқан. Осыған байланысты аталған коммуналдық меншік нысанын белгіленген тәртіппен сауда-саттыққа шығару ұсынылды.
Көпшілік тыңдау барысында халық қалаулылары күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасып, қойылған сұрақтарға басқарма басшылары тарапынан жан-жақты жауап берілді. Нәтижесінде мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру, сондай-ақ пайдаланылмай тұрған коммуналдық меншік нысандарын заң талаптарына сәйкес сауда-саттыққа шығару жөніндегі ұсыныстар бірауыздан қолдау тапты. Көпшілік тыңдау қорытындысы мемлекеттік жастар саясатын одан әрі жетілдірумен қатар, өңірдегі пайдаланылмай тұрған коммуналдық мүлікті тиімді басқару бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын көрсетті. Бұл өз кезегінде мемлекеттік активтердің тиімділігін арттыруға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және жастардың әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермек.

Құралбек СӘБИТОВ