Бала құқығын қорғау – жас ұрпақты қорғау мен қамқорлық көрсету ғана емес, бүгінгі қоғамның рухани деңгейі мен адамгершілік өлшемін айқындайтын таразы. Мемлекеттің кемелдігі, ең алдымен әлсізді қалай қорғайтынынан, баланың дамуына қаншалықты сезімтал қарайтынынан байқалады.
Жаңа Конституция мен еліміздің заңдарында балалар құқықтарын қорғауды заңдық баптардың жай жиынтығы емес, ұлттың рухани құндылықтары мен гуманистік принциптерді қорғайтын биік меже деп түсінген дұрыс. Қазақстанның жаңа Конституциясының 30-бабында отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екені айқын көрсетілген:
- Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады.
- Неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы.
- Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті.
- Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті.
Ата Заңға жазылған құқықтық нормалар – қағаздағы құр сөйлем емес, мемлекеттік саясаттың өзегі болуға тиіс алтын арқау. Балаға қамқорлық жасау мен оны тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті болса, мемлекет сол отбасының берекесін бекітіп, баланың қауіпсіз, білімді, дені сау, намысы биік азамат болып өсуіне жағдай жасайды.
Бүгінде Қазақстанда 6,9 миллионнан астам бала бар, бұл халықтың үштен бір бөлігі. Демек, бала құқығы туралы сөз – ұлттың болашағы туралы сөз. 2026 жылғы 29 қаңтарда қабылданған 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы еліміздегі балалардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ұлттық стратегия болып саналады. Бұған дейін білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау салаларында бөлшектеніп кеткен бала құқығы, бала қамқорлығына байланысты мемлекеттік бағдарламалар бір жүйелі стратегиялық құжатқа біріктірілді. Басқа құжаттардан айырмашылығы – тұжырымдама жалпы идеялардан ғана тұрмайды.
Қазақстанда Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл институты ресми түрде 2016 жылғы 10 ақпанда енгізілді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын бақылайды, балалардың қауіпсіздігін нығайтып, оларды зорлық-зомбылықтан қорғайды. Соңғы жылдары елімізде 111 байланыс орталығының жұмысы, мектептердегі қауіпсіздік сабақтары, психологиялық қолдау орталықтары сияқты нақты механизмдер қалыптаса бастады. Бұның бәрі мемлекеттің қамқорлығын, бала тағдырына бейжай қарамайтын жауапкершілігін және алдын алу мәдениетіне бет бұрғанын білдіреді.
Жаңа Конституция бізге бір нәрсені еске салады. Мемлекет адам үшін қызмет етеді, өз азаматтарын қорғайды. Ал адамзаттың ең нәзік аманаты – бала. Бала құқығы қорғалған елде қорқыныш азаяды, болашаққа деген сенім күшейеді. Баланың қалауын ескерген, сөзіне құлақ түрген қоғам ертең әділетті, білімді, мейірімді ұрпақтың даусын естиді.
Ерзат АСЫЛ

