Шарын ауылында өткен тазалық жұмыстары бұл жолы өзгеше сипат алды. Мәдениет қызметкерлері ауылдың кіреберіс бөлігін ретке келтіруді қолға алып, біраздан бері назардан тыс қалған аумақты тазартты.
Жол жиегіндегі қалың өскен шөптер шабылып, тікенектер алынып тасталды. Бұрын көзге оғаш көрінетін тұстар біртіндеп ашылып, айнала кеңейіп, жинақы кейіпке енді. Әсіресе ауылға кіре берістің тазалануы сырттан келген адамға да бірден байқалатын өзгеріс болды.
Жұмыс барысында әркім өзіне тиесілі бөлікті алып, бірлесе әрекет етті. Бірі шөп шапса, енді бірі жинап, тазалықты толық қамтамасыз етті. Осындай үйлесімді еңбектің нәтижесінде аумақ қысқа уақыт ішінде ретке келтірілді.
Бұл шара тек тазалық үшін ғана емес, ортаға деген көзқарасты өзгертуге бағытталған қадам болды. Себебі ауылдың кіреберісі – оның бет-бейнесі. Ал оны таза ұстау – сол жердің тұрғындарына байланысты.
Осындай істер арқылы мәдениет қызметкерлері айналасына үнсіз үлгі көрсетіп отыр. Көп сөз айтпай-ақ, нақты іс арқылы тазалықтың маңызын жеткізудің өзі үлкен тәрбие.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы

