Перейти к содержимому
Главная страница » Жастар жемқорлыққа қарсы

Жастар жемқорлыққа қарсы

Ағымдағы жылдың 5 тамыз күні Ұйғыр ауданында Әл-Фараби атындағы аудандық кітапхананың мәжіліс залында “Біз жемқорлыққа қарсымыз” тақырыбында ашық сұхбат алаңы өтті. Бұл жолғы кездесудің ерекшелігі жастардың өзара еркін пікір алмасуына басымдық берілуі болды.

Шараны аудан жастарының жетекшісі Гүлшат Муртузаева жүргізіп, әңгіме тізгінін ұтымды ұстай білді. Жиынға жастар ресурстық орталығының өкілдері, әр салада белсенділік танытып жүрген жас мамандар және ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі нұсқаушылар қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар дайын баяндамамен шектеліп қалмай, өмірде кездесетін нақты жағдайларды талқылады. Бірі оқу орнындағы, енді бірі жұмыс барысында кезігетін жайттарды айтып, өз тәжірибесімен бөлісті. Әсіресе «ұсақ-түйек» болып көрінетін әрекеттердің өзі үлкен мәселеге айналуы мүмкін екені сөз болды.

Гүлшат Муртузаева өз сөзінде: «Жемқорлық тек үлкен деңгейдегі мәселе емес, ол кейде күнделікті әрекеттен басталып жатады. Жастар соны ерте түсінсе, көп нәрсенің алдын алуға болады. Ең бастысы – әркім өзінен бастау керек», – деп атап өтті. Сонымен қатар жемқорлыққа қарсы иммунитетті жастар қазірден бастап қалыптастырса, болашақта бұл мәселенің жойылуына ықпал етері сөзсіз екенін де жеткізді.

Сұхбат алаңында жастар тек мәселені айтып қана қоймай, оны болдырмаудың жолдарын да ортаға салды. Ашықтық, әділдік және жеке жауапкершілік жайлы пікірлер жиі айтылды. Кейбір қатысушылар нақты ұсыныстарын да білдіріп, осындай кездесулерді жиі өткізу қажеттігін жеткізді.

Жалпы, жиын еркін форматта өтіп, қатысушыларға ой салған мазмұнды кездесу болды. Осындай ашық алаңдар жастардың өз көзқарасын қалыптастыруға және қоғамдағы маңызды мәселелерге бейжай қарамауына ықпал етеді.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы