Перейти к содержимому
Главная страница » «Қазақстан Барысына» жолдама алды

«Қазақстан Барысына» жолдама алды

Қарасай ауданында «Алатау арланы» облыстық іріктеу турнирі өтті. Бұл – Алматы облысының намысын республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінде қорғайтын үздік балуандарды анықтайтын басты дода. Енді жеңімпаздар 15 тамыз күні өтетін ел біріншілігінде бақ сынайды.

Турнирдың шымылдығын Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосов түрді.

– Қазақ күресі – халқымыздың тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрінің ажырамас бөлігі. Бұл спорт түрі адамды қайсарлықты, қарсыласқа деген құрметті, мінездің қайсарлығын және Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелейді. Бүгінгі турнир – күш пен шеберліктің мерекесі. Барлық қатысушыларға жоғары дайындықтарын көрсетіп, жеңіске деген жігер танытып, әдемі әрі әділ белдесулер өткізулеріне тілектеспін», – деді аудан әкімінің орынбасары.

Балуандар атой салған жарыс «Нұр-Аман» спорт кешенінде өтіп, оған абсолюттік салмақ дәрежесіндегі 29 үздік балуан қатысты. Боз кілемде жасы 18-ден асқан аудандық және қалалық іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары  белдесті.

Алғашқы белдесулерден-ақ бұл турнирде осал қарсылас болмайтыны белгілі болды. Әрбір балуан жеңістің бағасын жақсы түсінді. Себебі бәйге жүлдесінде елдегі ұлттық күрес турниріне жолдама тұрды. Ақтық мәреге дейін-ақ жанкүйерлер тартысты белдесулердің куәсі болды. Балуандар сан алуан әдіс-тәсілдер арқылы  жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Әсіресе ширек финал мен жартылай финал кездесулері аса тартысты өтті.

Турнирдің бас төрешісі Қапар Рауанов қатысушылар құрамын тәжірибе мен жастықтың үйлесімі деп бағалады.

–  Биылғы турнирдің деңгейі өте жоғары болды. Оның басты ерекшелігі – тәжірибелі шеберлерге жас әрі өршіл палуандардың лайықты бәсекелестік көрсетуі. Әрбір белдесу тартысты әрі қызықты өтті. Осындай жарыстар ғана нағыз мықтыны әділ анықтауға мүмкіндік береді, – деді Қапар Рауанов.

Турнирдің басты ерекшелігі – Қазақстан Республикасының спорт шебері, қазақ күресінен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Нұрғали Жолтаевтың сенімді жеңісі болды. Шешуші белдесуде Еңбекшіқазақ ауданының тумасы Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақ күресінен Әлем кубогының жеңімпазы Мәди Еділбаевты ойсырата жеңді.

–  Әрбір жеңістің артында күнделікті жаттығу, темірдей тәртіп және бүкіл команданың үлкен еңбегі жатыр. Маған сенім артқан жаттықтырушыларыма және қолдау көрсеткен барша жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Облыстық турнирдегі жеңіс – бұл тек келесі белеске бастар қадам. Ендігі басты мақсат – «Қазақстан Барысында» Алматы облысының намысын абыроймен қорғап, жерлестерімнің сенімін ақтау, – деді «Алатау арланы – 2026» облыстық іріктеу турнирінің жеңімпазы Нұрғали Жолтаев.

Жарыс қорытындысы бойынша Нұрғали Жолтаев турнирдің басты жүлдесі – символикалық «Алтын белбеумен», сондай-ақ 2 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды. Күміс жүлде мен 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық Мәди Еділбаевқа табысталды. Ендігі кезекте қос балуан Алматы облысының намысын республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінде қорғайтын болады.

Қола жүлдеге Қонаев қаласының тумасы Тәңірберген Бекнұр ие болып, ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.