Перейти к содержимому
Главная страница » «Таза бейсенбі»: Игі іс – жанашырлықтың жарқын үлгісі

«Таза бейсенбі»: Игі іс – жанашырлықтың жарқын үлгісі

Кеген ауданында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Таза бейсенбі» сенбілігі өтті.

Бұл бастама азаматтар арасындағы экологиялық мәдениетті нығайтуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталып отыр.

Тазалық шарасына аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, әкімдік қызметкерлері, мекеме басшылары, аудан тұрғындары, жастар қатысты.

Бұған дейін «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауданда «Көлсай көлдерінің», елді мекендер аумағында сенбіліктер ұйымдастырылған болатын.

Акцияның ашылу салтанатында  аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев аталған іс-шараның мән-маңыздылығына тоқталып өтті.

Бүгінгі күні ауданымыздағы 34 елді мекенде осы бастама жалғасын тауып жатыр. Табиғатымызды аялауға, тазалығын сақтауға, абаттандыруға үлес қосып жатқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін! Ауданымыз гүлдене берсін! – деді ол.

Экологиялық шарада аудан әкімінің орныбасары Кеңес Қабылбеков аудан көлемінде 730 адам сенбілікке шыққандығын  атап өтіп, сондай-ақ аудан тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды.

Бұдан әрі тазалық шарасы Жастар ресурстық орталығының  аумағында жалғасты. Экологиялық акцияға қатысушылар Жастар аллеясын қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Қаумалап өскен шөптерді орып, орындықтарды сырлады.

Жастар ресурстық орталығының  аумағында өткен сенбілік нәтижесінде аумақ қоқыстан тазартылып, табиғат аясы ретке келтірілді.

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да экологиялық акцияларды жалғастырып, тұрғындарды белсенді қатысуға шақырады.

 «Таза Қазақстан» акциясы – табиғатқа деген жауапкершілігіміздің белгісі. Бір күннің еңбегі  – мың күннің игілігі. Туған жерімізді таза ұстайық! Табиғатты аялау –  әр азаматтың парызы.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы