Қазіргі қоғамда жеке мәліметтердің қауіпсіздігі қаржылық қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Жеке куәлік деректері, банк шоты туралы ақпарат немесе түрлі құжаттардың көшірмесі бөгде адамдардың қолына түскен жағдайда азамат үшін күтпеген мәселелер туындауы мүмкін. Сондықтан құжаттардың көшірмесін кез келген адамға немесе белгісіз ұйымға жібере беруге болмайды. Әсіресе әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы жеке ақпарат сұралғанда оның кімге және қандай мақсатпен қажет екенін анықтап алған жөн.
Интернеттегі қауіпсіздік тек банк картасын қорғаумен шектелмейді. Электрондық поштадағы, әлеуметтік желідегі және түрлі сервистердегі аккаунттардың құпиясөздерін қорғау да маңызды. Алаяқтар адамның жеке деректерін пайдаланып, оның атынан түрлі әрекет жасауға тырысуы мүмкін. Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттыру – қазіргі заманның басты талаптарының бірі. Өз дерегін қорғай білген азамат қаржысын да, жеке қауіпсіздігін де тиімді сақтай алады. Ақпараттың құндылығы артқан заманда оны қорғау да әр адамның жауапкершілігіне айналды.
Құралбек СӘБИТОВ

