Перейти к содержимому
Главная страница » Сахна саңлағына құрмет

Сахна саңлағына құрмет

Қазақ театр және кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Қазақстанның Халық әртісі Нүкетай Мышбаева биыл мерейлі 90 жасқа толды.

Сахна саңлағы 1936 жылы 9 наурызда Райымбек ауданы Нарынқол ауылында дүниеге келген. Анасы Шәлипа әнші әрі айтыскер ақын ретінде танылса, ағалары домбыра тартудың шеберлері болған. Отбасындағы осындай өнеге оны да өнер биігіне жетеледі. Алматы мемлекеттік өнер институтының актерлік факультетін тәмамдап, 1959 жылы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына қабылданады.
Нүкетай Мышбаева театр сахнасында жүзге жуық жарқын образ жасап, ұлттық драматургияның классикалық және заманауи туындыларында ерекше шеберлігімен танылды. Ол сомдаған Ақбала («Қан мен Тер»), Әлиман («Ана – Жер-ана»), Майра («Майра»), Марфуға («Құдағи келіпті»), Айсұлу («Беу, қыздар-ай») және басқа да кейіпкерлер қазақ театр өнерінің алтын қорынан орын алды. Кинематография саласында да кәсіби шеберлігімен көпшілікке танылды.
Шығармашылықтағы табысты еңбегі жоғары бағаланып, 1976 жылы Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, 1991 жылы Қазақстанның Халық әртісі атанды. Сонымен қатар «Парасат», III дәрежелі «Барыс» ордендері және басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінің «Тәуелсіздік» экспозициялық залында өңірден шыққан өнер саңлақтарына арналған экспозициялық кешен орналасқан. Музейге келушілер Нүкетай Мышбаеваның өмір жолымен, ұлттық мәдениетке қосқан зор үлесімен жан-жақты таныса алады. Халық әртісінің туғанына 90 жыл толуына орай «Сахналы ғұмыр иесі» атты тақырыптық экскурсия ұйымдастырылды.
Нүкетай Мышбаеваның өмір жолы – жас ұрпақ үшін еңбекқорлықтың, табандылықтың және өнерге деген адалдықтың жарқын үлгісі.

Индира Рамазанова,
Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінің
экскурсия жетекшісі