Перейти к содержимому
Главная страница » Баспанамен қамту – басты міндет

Баспанамен қамту – басты міндет

Адам үшін баспананың маңызы зор. Баспана – тек паналайтын орын ғана емес, ол – отбасының берекесі мен бірлігінің, тыныштығы мен тұрақтылығының негізі. Өз үйінің табалдырығын аттау – әрбір жанның арманы. Сондықтан тұрғындарды баспанамен қамту мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі саналады.

Соңғы жылдары елімізде халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында салынатын тұрғын үй құрылысына айрықша көңіл бөлініп келеді. Әсіресе көпбалалы отбасыларды, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды және бюджеттік сала қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету ісі жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мұндай ауқымды жұмыс халықтың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпалын тигізуде. Осындай игі іс Балқаш ауданында да жалғасын табуда. Аудан көлемінде жыл сайын жаңа тұрғын үйлер салынып, қажетті инженерлік инфрақұрылымдар жүргізіліп келеді. Биыл да бұл бағыттағы жұмыс қарқын алып, жеке кәсіпкерлердің қаржысы есебінен бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл тұрғын үй кезегінде тұрған көптеген отбасының көптен күткен арманының орындалуына мүмкіндік бермек.
Құрылыс жұмысының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуы аудан басшылығының тұрақты бақылауында. Осыған сәйкес жауапты мамандар нысандардағы жұмыс барысын күнде­лікті қадағалап, әр кезеңнің құрылыс талаптарына сай орындалуына баса назар аударуда. Себебі сапалы салынған үй – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмірінің кепілі.
Бүгінде Бақанас ауылында көп­қабатты тұрғын үйлердің құрылысын жеке кәсіпкер Сәрсенбек Жолдасбеков жүргізіп жатыр. Өткен аптада құрылыс алаңына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. Құрылысшылар таңертеңнен кешке дейін тынымсыз еңбек етіп, біреулері кірпіш қалап жатса, енді бірі бетон құю, әрлеу, электр жүйелерін жүргізу және есік-терезелерді орнату жұмыстарын атқаруда. Құрылыс алаңындағы тынымсыз еңбек пен жоғары қарқын жұмыстың уақытылы аяқталатынына сенім ұялатады.
Құрылыс учаскесінің басшысы Мәдияр Жуанышевтың айтуынша, Бақанас ауылында әрқайсысы 12 пәтер­ден тұратын алты екі қабатты тұрғын үйдің құрылысы биылғы маусым айында басталған. Барлық нысанды қараша айында толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
– Құрылыс алаңында 68 адам еңбек етуде. Оның ішінде ауданның 15 тұрғыны бар. Құрылыс барысында сапаға ерекше мән беріп, барлық жұмысты белгіленген талапқа сәйкес орындап жатырмыз. Қажетті құрылыс материалдары уақытылы жеткізіліп, жұмыс кестеге сай жүргізілуде, – дейді ол.
Қазіргі таңда алғашқы тұрғын үйдің екінші қабатының кірпіші толық қаланып, инженерлік желілер жүргізілуде, есік-терезелер орнатылуда. Екінші және үшінші үйлердің бірінші қабатындағы кірпіш қалау жұмысы аяқталуға жақын. Қалған тұрғын үйлердің іргетасы құйылып, қабырғалары көтерілуде. Құрылыс қарқыны жоспарланған мерзімде барлық нысанды аяқтауға мүмкіндік береді.
Құрылыс алаңында еңбек етіп жүрген мамандардың тәжірибесі мен жауапкершілігі де көңіл қуантады. Әрқайсысы өз ісіне мұқият қарап, сапалы нәтиже көрсетуге күш салуда. Олардың адал еңбегінің арқасында жуырда ондаған отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп, қоныстойын тойламақ.
Халқымыз «Үйі бардың – күйі бар» деп бекер айтпаған. Сондықтан әрбір кірпіштің сапалы қалануы, әрбір жұмыстың талапқа сай орындалуы аса маңызды. Өйткені бүгінгі құрылыс – ертеңгі ұрпақтың игілігіне қызмет етеді.
Бақанас ауылында бой көтеріп жатқан жаңа тұрғын үйлер ауданның даму қарқынын, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Алдағы уақытта жаңа пәтерлердің кілті иелеріне табыс­талып, талай отбасының қуанышы еселенері сөзсіз. Бұл жоба тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, ауданның әлеуметтік дамуына тың серпін береді.
Баспана – адамның ең үлкен байлығы әрі отбасы берекесінің негізі. Сондықтан тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытын­дағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға баспаналы болу бақыты бұйырмақ.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Балқаш ауданы