Перейти к содержимому
Главная страница » Ақынның суретін салған кім?

Ақынның суретін салған кім?

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейінде мыңдаған жәдігер сақтаулы тұр. Әрқайсысының өз тарихы, айтар шежіресі бар. Солардың ішінде Абайдың портретінің орны ерекше.

Музей меңгерушісі Салтанат Жамбылова­ның айтуынша, жыр жампозының жұмыс бөл­ме­сіндегі қабырғада ілулі тұрған құнды дүние шамамен 1940 жылдан бері осында сақтаулы. Әдетте суретшілер өз картиналарының шетіне аты-жөндерін жазып қояды емес пе. Ал мына өнер туындысында ондай белгі жоқ. Майлы бояумен салынған өнер туындысының авторы кім екені белгісіз. Осыншама уақыт музейде сақталып келген жәдігер кімге тән екен деген сұраққа әлі күнге дейін нақты жауап жоқ. Жамбыл атамыздың «Абайдың суреті» деген өлеңі осы портретке байланысты туған болуы мүмкін деген ой келеді. Ауыз әдебиетінің алып өкілі ол өлеңін дәл осы портретке қарап тұрып шығарған болуы керек.
1936 жылы Мәскеу қаласында Қазақстанның өнері мен мәдениетінің онкүндігіне қатысқан соң атағы дүркіреп шығып, Жамбыл есімі аз уақытта әлемді шарлап кеткені белгілі. Бәлкім сол кезде одаққа танымал суретшілердің бірі арнайы келіп, ақын бейнесін кенепке түсіріп, өзіне сыйлап кеткен шығар? Әлде тума талант қазақ суретшілерінің бірінің жұмысы болды ма екен деген тағы бір үміт қылаң береді. Өнер туындысы сонысымен де ерекше. Құпиясын ішіне бүгіп, шамамен 80 жыл бойы міз бақпай музеймен бірге жасап келеді. Шынымен Жамбыл музейіндегі Абайдың портретін кім салды екен?

Серік ӘШІМБЕКҰЛЫ
Жамбыл ауданы