Перейти к содержимому
Главная страница » Сала мамандарына құрмет

Сала мамандарына құрмет

Облыстық әкімдікте Құрылысшылар күніне орай салтанатты шара өтті. Онда ел игілігі жолында елеулі еңбек етіп жүрген құрылысшылар құрметке бөленіп, көп жылғы адал қызметімен ерекшеленген үздіктер марапатталды.

Айтулы шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, құрылыс саласы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының тірегі екенін атап өтті.
– Сіздердің тынымсыз еңбектері­ңіздің нәтижесінде жаңа тұрғын үйлер, заманауи мектептер мен ауруханалар, сәулетті мәдениет және спорт ошақтары, дамыған инфрақұрылым нысандары бой көтеріп, халқымыздың тұрмыс сапасы артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылысшы мамандығын экономиканың негізгі іргетасы және жасампаздық жолы ретінде айрықша бағалап, еліміздің инфрақұрылымын дамытудағы үлесін әрдайым ерекше атап өтеді. Сіздер – ел ертеңінің берік негізін қалап жатқан нағыз майталман мамансыздар, – деген аймақ басшысы жыл өткен сайын бұл сала қарқынды дамып келе жатқанын айтып, өңір жетістіктері мен алдағы уақытта іске асырылатын жобаларға тоқталды. Атап айтқанда, биыл жалпы құны 122,9 млрд теңге болатын 106 нысанның құрылысы жоспарлануда. Жыл басынан бері тұрғын үй көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 221 мың шаршы метрге артып, 843 мың шаршы метрді құрады. Бұл – халықты жайлы баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Қонаев қаласын жаңа әкімшілік орталыққа айналдыру жұмысы жалғасуда. Биыл Ұлттық қауіпсіздік комитеті, экономикалық тергеп-тексеру, облыстық сот, департаменттер үйі, полиция департаменті және облыс әкімі аппаратына қарасты ұйымдардың жаңа ғимараттарының құрылысы басталды. Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен Достық үйі мен дене шынықтыру-сауықтыру кешені сияқты маңызды әлеуметтік нысандар бой көтеруде.
Білім беру саласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 26 жаңа мектеп ашылды. «ЕРС+F» тетігі арқылы тағы 5 мектептің құрылысы жоспарланған.
Көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Қапшағай – Күрті» және «Алматы – Бішкек» автожолдарын қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ «Алматы – Бішкек» авто­жолының 19-27 шақырымын 8 жолаққа дейін кеңейту жобасы басталды.
Денсаулық сақтау саласында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 37 медициналық нысан пайдалануға берілді. Ал энергетика және инженерлік инфрақұрылым бағытында Қонаев қаласында тәулігіне 30 мың текше метр суды сүзгіден өткізетін кәріз кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
– Мұның барлығы – құрылыс­шылардың кәсіби біліктілігі мен адал еңбектеріңіздің жемісі. Сіздер тұрғызған әрбір тұрғын үй, мектеп, аурухана, әкімшілік ғимарат, жол мен инженерлік нысан облыстың өркендеуіне және тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына қызмет етіп келеді, – деді Марат Елеусізұлы. Сонымен қатар құрылыс саласында сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. Айтуынша, биыл біліктілік талаптарына сәйкес келмеген 149 құрылыс компаниясының лицензиялары тоқтатылған. Сондай-ақ заңнама талаптарын бұзған 15 сарапшының аттестатының қолданысы уақытша тоқтатылып, техникалық қадағалау саласындағы 2 сарапшының аттестаты кері қайтарылды. Бұл шаралар жауапкершілікті күшейтуге және салынып жатқан нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыт­талған.
Марат Сұлтанғазиев шара барысында құрылыс саласына қосқан үлесі үшін «УКС» ЖШС-ның техникалық қадағалау сарапшысы Берік Белтаевқа, «Mega Build Kazakhstan» ЖШС-ның учаске бастығы Ғалым Шәрәпиұлына және Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Жансұлтан Оңалбаевқа «Құрметті құрылысшы» төсбелгісін табыстады. Сондай-ақ бірқатар азаматты Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттады.
Жиында сала ардагері Анатолий Рябинин құттықтау сөз сөйлеп, әріптес­терін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Құрылыс саласы ғимарат салып, инженерлік желілерді орнататын мамандардан ғана тұрмайды. Олардың қатарында сәулетшілер, дизайнерлер, жобалаушылар, сарапшылар, техни­калық және авторлық қадағалау мамандары, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы бар. Аталған қызметкерлер жұмыла жұмыс жасағанда ғана сапалы құрылыс бой көтереді.
Бүгінде ауыз толтыра айтатын жетістіктеріміз де, ойланатын мәселе­леріміз де бар. Мемлекет басшысы өңірдің дамуына, болашақ қалаларды қалыптастыруға қатысты міндеттер қойды. Әрине, бұл – өте үлкен жауапкершілік. Сондықтан алдымызда күш-жігерді қажет ететін ауқымды жұмыс күтіп тұр.
Құрылыс саласы ардагерлерінің абыройлы еңбегін ерекше атап өткім келеді. Бар білімі мен тәжірибесін елдің өркендеуіне арнаған олардың өмір жолы қашанда құрметке лайық. Еңбек ардагерлеріне көрсетіліп жатқан құрмет үшін алғысымды жеткіземін, – деді ол.
«Мойнақ» ГЭС-інің салынуына ұйытқы болған инженер-энергетик, I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Стахан Белғожаев та жылы лебізін арнап, құрылыс саласының қоғамдағы рөлі жайлы сөз қозғады. Әрі қарай шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Осылайша, сәулеті келіскен қалалар мен зәулім ғимараттарды тұрғызып, халықтың жайлы өмірі үшін тер төккен құрылысшылардың мерейі тасыды.

Гүлзат БАЙҚОНЫС