Перейти к содержимому
Главная страница » Құрылыс қарқыны артты

Құрылыс қарқыны артты

Талғар ауданы Нұра ауылында орналасқан №12 орта мектептің күрделі жөндеуі 4 жылдан бері аяқталмай келеді. Оған мердігердің жауапсыздығы себеп болған. Жақында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев нысанға арнайы барып, құрылысты қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды. Қазіргі таңда соған сәйкес тиісті жұмыс атқарылуда.

Бұл мектеп 1969 жылы салынған. Әбден тозығы жеткен ғимарат алғаш рет күрделі жөндеуден өтуде. Бірақ құрылысты жүргізген «Sheberbuld» және «Еңбек Өскемен» компаниялары жұмысты уақытында аяқтамаған. Қазіргі таңда екі мердігердің де ісі сотқа жолданып, айыппұл салынды. Ал оқушылар осы уақыт аралығында ауылдағы Мәдениет үйінде, әкімдік ғимаратында және көрші ауылдағы мектептерге қатынап оқуға мәжбүр болған.
Сапар барысында аймақ басшысы жұмыстың бұлай созбаққа салынуын қатаң сынға алып, жауапты мамандарға жұмыс барысын күнделікті қадағалауды міндеттеді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын қоғамдық бақылауға белсенді қатысуға шақырды.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, қазіргі таңда тексеруден кейін анықталған кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар атқарылуда. Ғимаратты әрлеу жұмысы 95%-ға аяқталған. Мектеп стадионы абаттандырылып, есіктер мен санитарлық тораптар ауыстырылуда. Сондай-ақ орындық, парта және өзге де қажетті құрал-жабдықтар әкелінуде. Бүгінде стадионды ретке келтіруге – 14, ал ғимараттың ішкі жұмысын жүргізуге 12 жұмысшы тартылған. Күрделі жөндеу 25 тамызға дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.

Гүлзат АЗАТҚЫЗЫ