Алматы облысының тумасы, көрнекті театр режиссері, актер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайға «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді. Қасиетті Алматы облысының топырағынан түлеп ұшып, қазақ өнерінің биігіне көтерілген Нұрқанат Жақыпбайдың бұл марапаты – жерлестері үшін де зор қуаныш, үлкен мерей. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда төрінде бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттап, елдің рухани-мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың еңбегін жоғары бағалады. Сол мәртебелі марапаттардың қатарында көрнекті театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға берілген «Қазақстанның халық әртісі» атағы да бар.
Нұрқанат Жақыпбай – саналы ғұмырын театр және кино өнеріне арнап, қазақ сахнасының дамуына жарты ғасырдан астам уақыт бойы қызмет етіп келе жатқан айтулы өнер иесі. Ол режиссер ретінде мазмұны терең, көркемдік деңгейі биік қойылымдарды сахналап, театр әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Сонымен қатар актер ретінде де көптеген пьесалар мен фильмдерде түрлі бейнелерді шебер сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Өнерді тек сахнамен шектемей, оның кейінгі буынға жалғасуына да айрықша мән берген Нұрқанат Жақыпбай талай жас таланттың шығармашылық жолына бағыт-бағдар беріп, шәкірт тәрбиеледі. Оның режиссерлік әрі ұстаздық қызметі қазақ театр өнерінің жаңа буынын қалыптастыруға елеулі ықпал етті. Астана Жастар театрының негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі ретінде де Нұрқанат Жақыпбайдың еңбегі айрықша.Жастар театрын қалыптастырып, жас өнерпаздарға үлкен сахнада өз мүмкіндігін танытуға жол ашқан режиссердің шығармашылық ізденістері театр көрерменінің жоғары бағасына ие болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттау рәсімінде Нұрқанат Жақыпбайдың театр және кино саласында жарты ғасырдан астам уақыт бойы еңбек етіп, төл мәдениетімізді дамытуға қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті.
«Көрерменнің көзайымы болған мазмұнды қойылымдарды сахналап, театр әлемінің нағыз майталманы ретінде танылдыңыз. Көптеген пьесалар мен фильмдерде түрлі рөлдерді шебер сомдап, халықтың ыстық ықыласына бөлендіңіз. Бүгінде жас таланттарды өнерге баулып, оларға бағыт-бағдар беріп келесіз», – деді Мемлекет басшысы.
Алматы облысы үшін Нұрқанат Жақыпбайдың жетістігі – аймақтың мәдени-рухани өміріндегі айрықша жаңалық. Сахна саңлағының елдің рухани-мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосып, абыройлы еңбегімен биік мәртебеге ие болуы – жерлестері үшін зор қуаныш, туған өлкенің мерейін асқақтатар мол мақтаныш. Өнерге адалдығы мен ел мәдениетіне сіңірген өлшеусіз еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланған Нұрқанат Жақыпбайды Алматы облысының жұртшылығы жаңа мәртебесімен шын жүректен құттықтайды. Туған жерден түлеген тұлғаның мерейі биік, шығармашылық жолы ғибратты болсын!
Құралбек СӘБИТОВ

