«Ауылым – алтын бесігім» атты Мәдениет күні байқауы бұл жолы Қарасай жерінде жалғасын тапты. «Қонысы Қарасайдың құтты мекен» тақырыбымен өткен шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев пен аудан әкімінің орынбасары Жарас Қатубаев қатысты.
Ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған мереке сала қызметкерлері үшін сынға түсер мезгіл десе де болады. Аталған шара Қаскелең қаласындағы Мәдениет үйінде өтті. Ғимарат ішіне кіреберістен-ақ қонақтар аудандық кітапхана ұжымы ұйымдастырған көрмені тамашалады. Сөреде ауданның өткені мен бүгінінен мәлімет беретін ақпарат, елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар жайындағы деректер назарыңызға бірден шалынады. Бұл жерде Қарасай батырдан бастап, Ораз Жандосов, Тоқаш Бокин қатарлы танымал тұлғалар, ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов пен Серік Қалиев, сахна шебері Бақыт Әшімованың кітаптары орналасқан. Цифрлық Қазақстан бағдарламасына сай, аудан мерейтойына арналған «Қазыналы Қарасай» және «Қарасай – қасиетті атамекен» атты энциклопедиялық басылымдарды сандық форматқа көшіріп, QR код арқылы қалта телефоннан оқуға болатыны да жағымды жаңалық. Қонақтардың кейбірі ұялы телефондарына жүктеп алып, кітап беттерін парақтап жатқанына да куә болдық.
Бұдан әрі Мәдениет үйінің фойесінде түрлі көрмелер орын теуіпті. Онда Қаскелең мәдениет колледжі оқытушылары мен студенттерінің қолдарынан шыққан бұйымдар қойылған. Қазақтың қасиетті домбырасынан бастап, түрлі музыкалық аспаптар мен кәдесыйдың неше түрі көз жауын алады. Домбыраның күмбірлеген үніне құлақ түрген Данияр Абзалиденұлы шеберлердің жұмысына жоғары баға берді. Ал «Батыр бабалар» мемориалдық кешенінен әкелінген экспонаттар, әрине, бабаларымыздың ат үстінде күн кешіп, ауыздықпен су ішіп жүріп ел мен жерді қорғаған ерлігін паш етеді. Мұнда қойылған ер қаруы – бес қару – қылыш, найза, қалқан, айбалта мен садақ, «босмойын» аталатын шоқпардың бірнеше түрі, дулыға және басқа да ат әбзелдері рухыңды жанитындай.
Қарасай аудандық өлкетану музейі мен «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының ұжымы жасақтаған көрме де өзінің әсемдігімен, мазмұндылығымен ерекшеленеді. Қазақ халқының тұрмысына қатысты мұрағаттар жинақталыпты. Әжелеріміз пайдаланған қол диірмені, күбі мен астау, келі-келсап, сандық пен өрнектеп өрілген қамшы, ағаш пен сүйектен жасалған ыдыстар ұқыптылықпен сақталып, бүгінге жетіп отыр.
Бір кездері «Анаға құрмет» мұражайына жетекшілік еткен, бүгіндері зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстан шеткері қалмаған Аршагүл Тойбаева апайымыз қазақтың кимешегін насихаттап, еліміз ғана емес, шет мемлекеттерге де танытқанын жұртшылық жақсы біледі. Әр өңірдің кимешектерін жинақтап, олардың жаңа, заманауи түрін жасап жүрген шебер бұл жолы «Таңбалы тас» аспан асты музейіндегі суреттер бейнеленген кимешектер топтамасын жұртшылық назарына ұсынды. Формасы мен орындалу тәсілі бөлек, әсемдігімен көз тартатын аналарымыздың бас киімін бүгінгі қыз-келіншектер кисе де жарасып тұрғандай.
Осыдан кейін Қарасай аудандық ат спорты, ұлттық ойындар бірлестігіне қарасты Ахмет Өтегенұлы жетекшілік ететін садақ атудан отбасылық командамен танысудың реті келді. Байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап, қоржынымызға жүлде салып жүрген отбасының спорттың осы түріне деген ұмтылыстары сүйсіндіреді. Балалар асық ойынының үлгісін көрсетіп, балуандар боз кілемде күрес әдістерін жұртшылық алдында айшықтап берді. Мерекеге келгендер тоғызқұмалақ пен ұмытылып кеткен шіркемтас ойынын тамашалауға да мүмкіндік алды.
Қарасай ауданы ежелден ұсталар мен қолөнер шеберлерінің көптігімен ерекшеленеді. Бұл жолы Бекдайыр Қоңыр ұстаның отбасылық шеберханасынан шыққан әшекейлер, мүсіндер алыстан менмұндалайды. Бекдайырдың өзі арнайы төсте күміс білезіктің қалай жасалатынын жұртшылық алдында көрсетіп берді. Шеберханада ежелгі дәстүріміз бойынша түрлі асыл металдардан, сонымен қатар тері, жүн, сүйектен жасалған бұйымдар, тері мен жүннен салынған суреттер жұртшылық назарын аудартпай қоймайды. Ал елімізге белгілі киім шебері Анаргүл Жаманқұлқызының бастырылған жүннен тігілген киімдері сәнділігімен, жылылығымен, сонымен қатар тың шешімдерімен көрген жанды тәнті етеді. Әйтей ауылындағы орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Анар Битембаеваның жүн мен теріден дайындаған көркем картиналары да ерекше құрметке лайық.
Елтай ауылдық округінің ақ әжелер ансамблі қазақ халқының салтындағы ұзатылған қыздың төркіндеп келуі дәстүрін көрсетсе, кітапхана ұжымы ас әзірлеу номинациясы бойынша әркім біле бермейтін «бүрме қарын» тағамын комиссия талғамына ұсынды. Ал, аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған ақындар мен жыршытермешілер мектебінің шәкірттері қыз бен жігіт айтысының нұсқасын көрсетіп берді. Бұл күні Қаскелең мәдениет колледжінің «Үшқоңыр» ұлт аспаптар оркестрінің сазды әуендері бір тынған жоқ.
Көрермен залындағы концерттік бағдарлама аудандағы өнер ұжымдарының бірлескен биімен басталып, «Қарасай жастары» театрының қойылымында жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Қарасай батыр» атты пьесасымен жалғасын тапты. Әуелеген ән мен мың бұралған би шараға келген жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мамандардың жоғары бағасын алды.
Қуат Қайраңбаев,
Қарасай ауданы