Перейти к содержимому
Главная страница » 95-тің тамызы

95-тің тамызы

       Қазақ тарихындағы ерекше күндерді атағанда, 1995 жылдың тамызына тоқталмай өте алмаймыз. Бұл оқиға несімен құнды? Соны қал-қадірімізше тарқатып көрелік.

Мемлекетіміздің заңдық тұғы­рын өркениетке сай жетілдіру баршаны ойландырды. Сондай мақсатта әлемдік дамудағы озық үлгілер қарастырылды. Бәрі тара­зы­ланып, оны қазақ өміріне бейім­деу жұмыстары басталды. Мем­лекеттік актінің сындарлы жоба­сын дайындауға қайраткерлер, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері белсене қатысты. Заңның өміршең болуы, ұлтқа қызмет ету сапасы ерекше ескерілді.
Бұл – егемендіктің төртінші жылын бастан өткеріп жатқан кез еді. Алғашқы Ата Заңның айналымға қосылғанына қара­мастан, төрт жылдың ішінде аса қажет саяси мәселелер қор­даланды. Бұрынғы қалып енді уақыт талаптарын толық қамта­масыз ете алмайтыны белгілі болды. Ненің қажет, ненің қажет еместігі електен өтіп іріктелуі тиіс. Әсіресе адам құқығы, оның қоғамдық қатынастағы шешуші рөлі, қоғам мүшелерінің ел дамуына еркін және белсене араласуы басты орынға қойылды. Мемлекет осындай мүмкіндіктерді жүзеге асыру арқылы бүкіләлемдік озық демократияның құрамдас бөлігіне айнала алатыны айтпа­са да түсінікті. Жаңашылдық принциптері Ата Заңның тарау­лары мен баптарынан берік орын алса деген сұраныстар пайда болды.
Сол кездегі деректерге көз салсақ, жобаны талқылуға 3 миллион 345 мыңнан аса адам қатысқан. Олар 31886 ұсыныс пен ескертулерді алға тартқан. Нәтижесінде жобаға 1100-ге жуық өзгертулер енгізіліпті. 98 баптың 55-і қайта жаңғырған. Тіпті Конституция жобасында көрсетілмеген тараулар мен баптардың пайда болуы жүзеге асқан. Жобаны ширату бойын­ша көптеген жүйелі жұмыс атқарылды. Мемлекеттің басты құжатын бекітуге қазақстандықтар түгел қатысты.
1995 жылы 30 тамызда Мемлекет басшысының Жарлы­ғына сәйкес, Қазақстан Респуб­ликасының жаңа Консти­туциясын қабыл­дау жөнінде Бүкілхалықтық референдум өткізілді. Оны 19 қоғамдық бірлестіктің мыңға жуық өкілі бақылады. Олардың арасында әлемнің түкпір-түкпі­рінен келген шетелдік бақы­лаушылар да аз болмаған.
Орталық сайлау комиссия­сының хаттамасына қарасақ, референдумға еліміздегі барлық сайлаушылардың 90,51 пайызы қатысқан. Дауыс берген­дер­дің 89,14 пайызы жаңа Конс­титуцияны жақтап, өз таң­дауын жасаған. Сөйтіп Ата Заңы­мыз қабылданды. 30 тамыз – мемлекеттік мереке, Қазақстан Республикасының Консти­туция­сы күні болып жарияланды.
Міне, содан бері отыз жыл өтті. Конституциямыз бағдар­шам ретінде жол көрсетіп, қазақ қоғамының ұлы көшін алға бастап келеді. Өзінің қуаты мен мазмұнын халықтың игілігіне арнады. Бұл – кешегі ізашар толқынның, бізге қалдырған аманаты. Мерекенің мәнін осылай ұқсақ, мерейіміз одан әрі асқақтайтын болады.

Болат Батықұлы