Перейти к содержимому

ҚОЛӨНЕРДІ КӘСІП ЕТКЕН

17 қаралым

Қолөнер – қазақ халқының ұлттық болмысын барынша анық көрсетіп, ата-бабамыздың табиғатпен етене жақын болғанын, әрі айналасындағы әр нәрсенің мән-мазмұнына, сыр-сипатына терең үңіліп, қажетіне қарай орнымен жарата білгенін дәлелдей түсетін баға жетпес мұрамыз. Асыл тас қана емес, қарапайым қара тасты да, алтын мен күміс қана емес, басқа металдарды да, малдың терісі, жүні мен қылы, тіпті сүйегі мен мүйізін де кәдеге жаратып, тұрмысқа қажетті бұйымдар жасаған. Осы арқылы халқымыз табиғат байлығын ысырап етпей, оны тиімді пайдаланудың озық үлгісін қалыптастырған. Бұл шеберлікті атадан балаға мирас қылып, бүгінге дейін жалғап келе жатқан, әрі оны заманға сай түрлендіріп, кәсібінің нәсібін көріп отырған азаматтар арамызда баршылық. Солардың бірі – қолөнер шебері – Әлім Тұрсынбай.

Әлім Қытай елінде Іле облысы Мұңғылкүре ауданында дүниеге келген. Кішкентайынан атасы Тұрсынбай ақсақалдың қолында өскен. Өзі омарта болғанымен зергерлікті, темір соғу мен теріден бұйым жасауды кәсіп еткен қария бар білгенін балалары мен немерелеріне үйретіп өсірген екен.

«Үлкен әкеміз – Тұрсынбай қарияның бес баласы бар. Балаларының бірі елде белгілі ағашшы, енді бірі зергер, айыл-тұрман жасайтын шебер болған. Әкем – Шәріп негізінен мал шаруашылығымен айналысқанымен, ол кісі де ат әбзелдерін жасауды кәсіп етті», – деген Әлім: «Кезінде Қытайда үлкен шаңырақта теміршілікпен айналысатын шеберханамыз болды. Сол жерде атамыз бен әкелеріміздің жанында қолкөрік басып беріп, қайыс қиып, қамшы өре жүріп, қолөнердің қыр-сырына қанықтық. Үлкендердің самаурын жасап, күмісті отқа қақтап, жұп-жұқа қылып қолмен жазып, ауыздық, құйысқан, үзеңгілерге жапсырып отыратынын көріп өстік. Тоқымды үлкен әкем қолмен қайып шығатын. Әжем мақта жіпті ұршықпен иіріп береді. Айыл-тұрман, ноқта, жүген, ауыздық, құйысқан – бәрін көз майын тауысып, бар ынта-жігерін салып, қолмен істейтін. Ондай бұйымдар берік қана емес, шебер бар өнерін, жанын салып жасаған соң ерекше бөлек болады. Бала күнгі бұл көріністер әлі көз алдымызда. Сондықтан қазір әр бұйымды жасағанда қолғабыс қылып жанымда балаларым да бірге жүреді. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан істің негізін балаларым да меңгеріп өссе деймін. Ал негізгі көмекшім – келіншегім Айым. Барлық бұйымның қайсысы қалай тігілетінін, қандай ою-өрнек түсетінін осы көмекшім екеуіміз бірге шешеміз», – дейді көпбалалы әке, қолөнер шебері.

Әлім сөмке тігумен жеті жылдан бері тұрақты айналысып келеді. Осы уақыт ішінде шебердің қолынан шыққан бұйымдардың сапасына көз жеткізіп, сәніне қызыққан тұтынушылардың саны артқан. Әйелдер мен ерлерге арналған әдемі, әрі ыңғайлы былғары сөмкелер мен ықшамды әмияндарды заман талабына сай түрлендіріп, қазақы нақышпен өрнектеп тіккен шебер белдіктің де түр-түрін нарыққа ұсынып келеді. Бұйымның әралуандылығына қарай алушылардың да қатары көп екенін айтқан ол Алматы облысында өтетін көрмелер мен жәрмеңкелерге аудан атынан жиі шығып тұрады. Ал жақында Астана қаласында өткен «Алматы облысы: дәстүр мен креатив» атты жәрмеңкеге облыс атынан барған қырық шебердің қатарында болып, бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.

«Көрме мен жәрмеңке кезінде ұлттық нақыштағы бұйымдарға деген халықтың қызығушылығы қуантады. Халқымыздың ою-өрнегі салынған бұйымдарға сұраныс жоғары. Көрмеде тапсырыс аламыз, бұйымдарымыз да сонда сатылып жатады. Одан бөлек, қазір заман талабына сай әлеуметтік желілерге де жасаған дүниеміздің суреттері, жасалу процессі түсірілген видеоларды жариялап отырамыз. Барлығын қолмен жасап жатқан соң алушылар да сапасын жоғары бағалайды. Әр тігіс, әр өрнекке мән беріліп, барынша тиянақты орындалады», – деген Әлім кішкентай кезінде тігіншілікке қызыққан екен.

«Үлкен шешеміз тігінші болған. Біздің киім-кешегімізді, сабаққа барғанда ұстайтын сөмкелерімізге дейін қолдан тігіп беретін. Сонда тігінге назар салып, әр тігістің қалай түсетіні, қалай қиысатынына қарап жүруші едім. Аталарымыз айыл-тұрман жасап, терімен айналысқан соң мен де тері мен тігінді ұштастырып, тігіншілікке деген қызығушылығымды бүгінде кәсіпке айналдырдым. Сөмке тігумен айналысудан бұрын шеберден дәріс алып, бір жыл мәсі тіктім», – деген шебер сөмке тігуге қажетті шикізатты, яғни теріні Шымкент, Қордайдағы тері зауыттарынан алады екен.

Әлім аға-бауырларымен бірге 2015 жылы Еңбекшіқазақ ауданының Ақши ауылына көшіп келген. ««Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, қазынамыз – әке-шешеміз жанымызда. Бірге туған бір қыз, 6 ұлмыз. Бір бауырым Қытайда қалды. Қалғанымыз атамекенге келіп, әрқайсымыз әр салада еңбек етіп жатырмыз. Үлкен ағам – Ақши ауылының имамы, бір бауырым үй жиһаздарын жасаса, енді бірі саудамен айналысады, басқа бауырларым аспаздықты кәсіп еткен. Мен қолөнерді жаныма серік етіп, отандық өнімнің, ұлттық қолөнердің өріс алуына кішкене болса да өз үлесімді қосып жатқаныма қуанамын. Қазақтың қанында бар, сүйегіне сіңген өнер ешқайда жоғалмайды ғой. Тек оны дамытып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, заманауи бағытта жаңғырта білуіміз керек. Өйткені ұлттық өнер – халқымыздың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен дүниетанымын сақтайтын рухани қазына. Оны дәріптеу – өткенді құрметтеу ғана емес, келешек ұрпаққа аманат ету. Осы аманатқа қиянат жасамай, ұлттық өнеріміздің өміршең болуына үлесімізді қоса берсек деймін», – деген шебер әрбір қолөнер бұйымынан қазақ халқының эстетикалық талғамы, шеберлігі, дүниетанымы мен салт-дәстүрі көрініп тұратынын айтады.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ