Ұйғыр ауданына қарасты Рахат ауылында интернет байланысы жоқ. Дәл солай. Рахаттықтар бұл мәселені сан рет көтерді, сан рет арызданды. Жыл басында облыс әкімінің аудан тұрғындарымен кездесуінде де осы сауал көлденең шықты. Өңір басшысы тиісті орындарға тапсырма да берді. Бірақ мәселе әлі шешімін таппады.
Он шақты жыл бұрын Рахатта темір жол бекеті ашылды. Жаңа мектеп, медициналық пункт, тұрғын үйлер салынды. Рахаттың болашағы зор екені болжанды. Қалаға ауған жастардың біразы ауылға қайта оралды. Бірақ интернет пен ұялы байланыстың жоқтығы мұндағы ағайынның жанына батып келеді.
Жуырда ауданымыздағы Кепебұлақ ауылында интернет желісі тартылды. Жылдар бойы бұл мәселе де айтыла-айтыла жауыр болған еді. Ондағы тұрғындар қанша шағымданса да, Кепебұлаққа интернет тартудың сан кедергісі айтылып, сырғытпа сылтаулар көп болған. Бірақ жыл басында сол байланыстың жоқтығы кесірінен бір отбасы қара жамылды. Бір үйдің ер азаматы мен арыстай екі ұлы отқа оранды. Байланыс жоқ, тиісті орындарға дер кезінде хабарланбады. Үш жан бір сәтте ажал құшты. Осыдан соң дереу шешім қабылданып, Кепебұлаққа бір жылға жетпей байланыс орнатылды. Міне, осыны айтып, рахаттықтар да бізден де адам құрбан болуы керек пе деп ашынады. Мұны бір деңіз.
Енді Рахатта рахат еместігінің тағы бір дәлелі бар. Ол – ауызсу жайы. Биыл бюджеттен ауызсу жүйелерінің жаңа құрылысы мен қайта құру жұмыстарына 207 млн 624 мың теңге бөлінген. Қош делік. Бұл жобаның мердігері болып «Техноснаб 2002» ЖШС танылды. Жаз шыға сала жұмыс басталып кетті. Әу баста бәрі жақсы, бәрі керемет еді. Ұйғыр ауданына ең болмаса бір жауапты мердігер келіпті, жұмыс сапалы жүріп жатыр деп қуандық. Бірақ, ол да ұзаққа бармады. Бірер күн бұрын ғана аудандық мәслихат депутаттары мен «Аманат» партиясының Ұйғыр аудандық филиалына ауыл тұрғындары атынан шағым түсті. Мердігердің су құбырларын небәрі 70-90 см тереңдікте ғана көміп тастағанын, бүгінде құбырлардың бәрі суға толғанын айтты ауыл азаматтары.
«Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды». Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Алимжан Хусуров бастаған топ Рахатқа барды. Мердігер компания өкілі, техникалық қадағалау маманы, жобаның авторы да осы жерден табылды. Қарақұрым халық жиналды. Бәрінің айтар назы бір – сапасыз жасалған ауызсудың жайы.
Рахатта жерасты суы өте жақын орналасқан. Сондықтан да құдықтар суға толған. Мердігер компанияның өкілі Қайсар Ерсариев бәрі де сметада көрсетілгендей жасалғанын айтып ақталды. Ал жобаның авторы Еркін Иашев өздеріне шаң жуыта қоймады. Осылайша кінәні бір-біріне артқан мердігерлер халықтың алдында айтарға нақты сөз таппады да. «Техноснаб 2002» ЖШС-нің өкіліне халық бірқатар өкпесін айтты. Құбырлардың талапқа сай жабылмағанын, тереңдігі де тиісінше еместігін алдыға тартты. Бірақ компания өкілі оны жоққа шығарды. Қазып дәлелдеуден қашты. Ақыры ашынған азаматтар қолдарына күрегін алып, құбыр тартылған жерді қолмен қазуға кірісті. Небәрі 10-15 минут ішінде қазып, су құбыры салынған жерге жетті. Расымен, тереңдігі 1 метр ғана болды. Әлбетте бұл ешқандай талапқа сай емес. Техникалық қадағалау маманы да осындай кемшілікке жол бергенін мойындап, басын төмен сала берді. 1,7-1,8 метр тереңдікте жатуы тиіс құбыр, дәл осы қалпында қалса, қыстың қақаған суығында қатып қалары анық. Оны сол жерге барған мамандар да мойындап отыр.
Осы уақытқа дейін Ұйғыр ауданына қарасты Үлкен Диқан, Кіші Диқан, Шарын, Қалжат, Үлкен Ақсу, Қырғызсай ауылдарында ауызсу құбырын тартудағы былықтар кесірінен халық әлі күнге таза суға тұрақты түрде қол жеткізе алмай келеді. Бұл аз болғандай, енді олардың қатарына Рахат ауылы да қосылды. Рахаттықтар байбалам салмаса, қарапайым халық қан қақсамаса, жабулы қазан жабулы күйінде қалар ма еді, кім білсін? Оған қадағалау жүргізетін бөлім қайда қарап жүр? Нысанның кем-кетігін түзетіп, дер кезінде алдын алуы тиіс техникалық қадағалау мамандары ай қарап, жұлдыз санап отыр ма? Жерасты суының тым жақын екенін жоба авторлары білмеді ме? Білген жағдайда неге соған лайықты жоба жасамады? Айта берсек, мәселе көп. Тек бірінің де шешімі жоқ. Ал соңында осындай салғырттық пен жауапсыздықтан тағы да баяғы қарапайым халық зардап шегеді. Содан келіп мемлекетке, билікке деген сенімсіздік туады. Ал сенімсіздіктің салдарының қандай болатынын Қаңтар оқиғасы дәлелдеп берді емес пе?
Әзер дегенде тартылған су құбырының сапасыздығы салдарынан рахаттықтардың бойында тағы да сусыз қаламыз ба деген қорқыныш бар. Ол заңды да. Мемлекеттен қаражат жыл сайын бөлінбесі тағы анық. Ендеше, берілген қаржыны шашау шығармай, халықтың игілігіне жұмсау – аудан басшылығының міндеті. Ол міндет мінсіз атқарылса деңіз!
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы