«Қиын кезең мықты адамдарды шығарады, ал мықты адамдар жайлы өмірді жасап кетеді» деген тәмсіл бар. Алдыңғы толқын, қазіргі аға буын өкілдерінің біразының өмірі, балалық шағы соғыстан кейінгі кезеңмен тұспа-тұс келіп, өмірдің қызығынан гөрі шыжығын көп көрді. Содан да болар, олар ерте есейіп, бұғанасы қатпастан еңбекке араласты. Өмір мектебінен өткен осындай адамдар кейін ел тізгінін қолға алып, өздері көрген қиындықты кейінгі ұрпақтары кешпеуі жолында қыруар еңбек атқарды. Осындай жандардың бірі – Кеген ауданының Жалағаш ауылында туып-өсіп, өмірін туған жеріне қызмет етіп, көркейтуге арнаған Нұрлыкүн Оразбекұлының ғұмырын соғыстан тәуелсіздіккке дейінгі кезеңнің шежіресі десек, артық айтпаған болар едік.
Нұрлыкүн Оразбекұлы 1942 жылы қазіргі Кеген ауданы Жалағаш ауылында дүниеге келді. Әкесі Аршабайұлы Оразбек анасы Несіпбала Шоқатайқызымен алғаш ұжымшар құрылысы басталған 1929 жылдан мал бақты. Тағдырдың жазуымен 10 жасында әкесінен, 16 жасында шешесінен айырылып жетім қалса да, Нұрлыкүн соғыстан кейінгі қиын кезеңде бауырмал үлкен әпкесі Күлжан мен жездесі Мәсімбай Кәдірұлының және әкесінің інісі Нұрбек Аршабаевтың қамқорлығын көрді. Әпке-жездесі өздерінің алты баласына қосып, жетеуін бірдей тәрбиелеп оқытты. Нұрлыкүн Жалағаш ауылындағы интернатқа 3-сыныптан бастап қабылданды. Бала күнінен зеректігімен көзге түскен Нұрлыкүнді аудандық оқу бөлімінің бастығы Самсалы Қожабеков пен интернат тәрбиешісі Қайыркүл Ахметова ерекше жақын тартты. 10-сыныпты аяқтаған соң оқу бөлімінің басшысы С.Қожабеков бірден оны Тұйық ауылындағы мектепке бастауыш сынып мұғалімі етіп жібереді. Төрт жыл Тұйық, Темірлік, Ақсай, Шырғанақ ауылдарының мектептерінде ұстаздық еткен Нұрлыкүн бала оқыта жүріп, институтқа түсуге дайындалады. 1964 жылы мамыр айында Алматы ауыл шаруашылығы институтына агроном мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1969 жылы оқуын аяқтап, диплом алып, Кеген ет-сүт кеңшарында алғашқы еңбек жолын бастайды.
Бір жыл ішінде егін егу, арам шөппен күресу, мол өнім алуда өзінің еңбекқорлығын көрсетіп, кеңшар басшысы, Социалистік Еңбек Ері Іңкәрбек Жұмағұловтың көңілінен шығады. 1970 жылы күзде көрші Бөлексаз ауылындағы мал бордақылау кеңшарына бас агроном болып ауыстырылады. Өмірден жинаған тәжірибесі мен оқыған-тоқығаны көп Әбдімүтәліп Әзімжанов басшылық ететін кеңшарда қызметін жалғастырады. Бұл жерде де топырақ өңдеу, астықтың тиімді сорттарын көбейту, мал азығына керекті шөптің көлемі мен өнімділігін арттыруда зор табысқа жетті. Ұжымның сый-құрметіне бөленді. Әсіресе, кеңшар директоры Ә.Әзімжановтың сенімді серігіне айналды. Кеңшар директоры өзі облысқа жиындарға кеткенде орнына Нұрлыкүнді қалдырып кететін. Екі жыл қатарынан мол өнім жинап, беделі көтерілді. Атағы облыстық треске жетіп, аудандық партия комитетінің назарына ілікті. 1972 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы бюроның қаулысымен Қызылту кеңшарының бас агрономы етіп ауыстырды. «Әбекең мені жібергісі келмей үш ай ұстады. Бір ай Болгария мемлекетіне озаттар тобына Қазақстан шаруаларынан баратын адамдармен 12 күнге сапарлап барып, сол елдің 12 қаласын аралап келген соң қимай-қимай орын ауыстырдым», – деп еске алады Нұрлыкүн Оразбеков.
Қызылту кеңшарында астықтың жақсы тұқымын және өзі үш жүйелі ауыспалы егіс тәжірибесін енгізу арқылы 1973 жылы мемлекетке 10 мың тонна астық тапсырып табысқа жетіп, «Еңбектегі Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Қара пар, көпжылдық шөп, күздік бидай жүйесін Кегеннен Нарынқолға баратын Құмтекей жазығындағы 170 гектар алқапқа енгізеді. Жайқалып шыққан астық пен көпжылдық шөп облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың назарын аударып, ол кісінің ыстық ықыласына бөленеді. 1986 жылы Жалағаш ауылының ауылдық кеңес төрағасы болып сайланып, кейін ауыл әкімі қызметін атқарып, 2005 жылы зейнетке шығады.
1991 жылы еліміз егемендік алған соң ел экономикасы құлдилап, жұмыс орындары қысқара бастағаны мәлім. Ауыл ауылда ұжымшар және ұжымшараралық құрылыс мекемесі, сауда жинақ банкі, байланыс бөлімшелері жабылып, жұмыссыз қалған халық жан бағып, күн көру үшін қалаға көшіп, ауылдың берекесі кете бастады. Сол кезде әкім Нұрлыкүн Оразбекұлы сыныптасы Амангелді Ермегияевтан ақыл-кеңес сұрап, Алматыдағы зиялы қауым – Қазтай Ұлтарақов, Әріпбай Алыбаев, Заманбек Батталханов, Марат Әміров сынды аға буын өкілдерін ауылға шақырып, елдің басын қосып, көшті тоқтаттырады. Астанадан арнайы келген ел ағалары халыққа егін егіп, мал өсіріп, өнімін саудалау керегін айтып, табыс көзі еңбекте екенін түсіндіреді. «Амангелді Ермегияев ағаш тілетін құрылғы, диірмен орнатып, бұрынғы елге қызмет көрсететін мекемеге аяқ киім, жеңіл киім тігетін материал жіберетін болды. Маған осы істің басы-қасында жүруді тапсырды. Сол көмегі елдің бағыты түзелгенше бізге үлкен демеу болды», – дейді бұл орайда Нұрлыкүн Оразбеков.
Жиырма жылға жуық Жалағаш әкімі болған кезінде ел игілігі жолындағы біраз іске ұйытқы болғанын ел-жұрт ұмыта қойған жоқ. Солардың кейбірін атап өтпеске болмас. 1950 жылдары ағаштан салынған учаскелік аурухана ғимаратының төбесі түсіп, керегесі құлап, дәрігерлер науқастарды қирамаған үш бөлмесінде қабылдап жүріпті. 1978 жылы қатты зілзаладан Жалағаш мектебі мен жатақханасы бүлініпті. Орыс мектебі де бұрынғы Александровтан қалған ат қорада тозығы жеткен тар бөлмелерде оқиды екен. Бұл мәселе бойынша әкім Нұрлыкүн Оразбеков тұрғындар атынан арыз жазып, облыс басшыларының алдына барады. «Өзіме емес, елге болсын» деген ниетін халыққа жанашыр Амангелді Ермегияев қолдап, облыс басшыларының қабылдауына ықпал етті. Үш жыл өткенде ауыл тұрғындарының талап-тілегі сол кезде Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет ететін Заманбек Нұрқаділовке жетеді. 1989 жылы сол кісінің тікелей араласуымен екі ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, мектеп те, жатақхана да іске қосылады. Аурухана да жөнделген жаңа ғимараттан орын алады.
Іскер Нұрлыкүн Оразбеков енді әкімшілік отыратын орынның мәселесін шешу үшін тағы да Амангелді Ермегияевке қолқа салып, Заманбек Нұрқаділовтің қабылдауында болады. Қабылдаудан соң 1991 жылы Жалағаштағы ауданаралық құрылыс мекемесі тарапынан екі қабатты әкімшілік үйінің жобасы жасалып, ғимараты салынады.
«Сол тұста Жалағаштағы қазақ орта мектебінің төбесінен су өтіп, едені шіри бастап еді. Мәдениет үйінің де қабырғасы қаусай түскен. 1990 жылы Амангелді Дінұлы өз есебінен құрылысшыларын жіберіп, оны да күрделі жөндеуден өткізіп берді. Алматы мен Кеген ортасындағы тас жол Жалағашқа бұрылатын тұсынан ары қарай әбден тозып, ой-шұңқыры көбейіп, жол қатынасын қиындатып жіберген еді. Жазған арыз, қатынас қағаздардан еш нәтиже болмады. Ауылдан шыққан журналист Жаңыл Мәмежанқызы бір күні телеарнаға эфирге шығарды. Сонда ауылдағы жанға батқан проблемалар – ауызсу, жол қатынасының қиындығын жеріне жеткізіп айтып едім, содан кейін ғана сең қозғала бастады», – деп сол күндердің қиындығын еріксіз еске алды Нұрлыкүн аға.
Ұжымшар-кеңшарлар тарап, қолында билігі бар адамдар бар мал-мүлікті бөлісіп алып жатқанда «Әкім болсаң, халқыңа жақын бол» деген қағиданы ұстанған Нұрлыкүн Оразбекұлы ауыл-аймақтағы 50-ге тарта отбасына жер бөліп бергені де әлі күнге ел есінде.
Кеңес одағы тұсында соғыс ардагерлері жыл сайын 9 мамырда сый-құрметке бөленіп келгені белгілі. Әйтсе де тәуелсіздік алған жылдары оларға құрмет көрсетуге ауыл әкімдігіндегі қаржы тапшылығы біраз қолбайлау болды. «Ұлы Отан соғысы ардагерлері жыл сайын сый-құрметке бөленіп дағдыланып қалған. Оларды елеп-ескермесек, тағы болмайды. Ол жайды да Амангелдіге айтамын. Ол өз есебінен 200-300 адамға сый-сияпатын дайындап, ардагерлерді құттықтауға адамдарын жіберіп, бәрінің басын қосып дастарқан жаюға қол ұшын беріп тұрды», – дейді Нұрлыкүн Оразбекұлы. 2005 жылы зейнетке кетерде ардагерлер бар, барлығы 400 адамның басын қосып, сый-сияпат көрсеткені тағы бар.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Нұрлыкүн Оразбекұлы өзін тағдыр бақ сыйлаған жан деп санайды. Бұлай деуіне өмірдің қандай қиындығына ұшыраса да, алдынан үнемі жанашыр, кеңпейілді жандар кездесіп, күрмеуі қиын сәттерде солардың қамқорлығына бөленуі себеп болыпты. «Анам Несіпбала Шоқатайқызы 13 құрсақ көтеріп, сол кездегі дәрігердің тапшылығы мен ашаршылықтан үш ұл, үш қыз ғана тірі қалыппыз. Бала кезімде әпкем Күлжан мен жездем Мәсімбайдың, әкемнің інісі Нұрбектің қамқорлығын көп көрсем, кейін үлкен өмірге қадам басқан күнінен бастап мейірімді, пейілдері кең адамдар кездесіп отырды. Мектепті жаңа бітіріп, бұрын бөтен ауылдарға шығып көрмеген кезім. Тұйық сегіз жылдық мектебіне мұғалім болып баратын болдым. Жаңа мекенде қайда тұрарымды білмей, қатты ойланып келдім. Қызылту қой кеңшарының бөлімшесі болған Тұйық фермасының меңгерушісі Қойбасов Қожа аға мен Тұнық әпкем бірге туған бауыры келгендей қуанып, «әке-шешеңнің қолынан талай дәм татып, сыйласып едік, біздің үйде тұр» деп көңілімді орнына түсірді. Бір жылдан кейін Шырғанақ бастауыш мектебіне ауысып барғанымда да ферма меңгерушісі Сұлтанғазиев Баянбай аға мен зайыбы Қаншайым тәте бұрын таныстығым жоқ болса да құшағын жая қарсы алып, туған аға-жеңгемдей болып кетті. Үнемі қол үзбей араласып жүрдім», – дейді Нұрлыкүн Оразбекұлы. Кейін Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтына оқуға түскеннен кейін соғыс ардагері, тарихтан сабақ берген ұстазы Әмірғали Асанов үнемі үйіне шақырып, туған ағасындай қамқор болған.
Нұрлыкүн Оразбекұлының өмір жолында сапарлас болып, көп дүниеге көзін ашқан, мектепте, институтта сабақ берген ұстаздарына деген құрмет, сағынышы да ерекше. Бастауыш сыныпта әріп танытып, білім берген ұстаздары Асқар Құсайыновты байсалды педагог, интернатта тәлім берген мұғалімі Қайыркүл Ахметованы мейірімді әрі турашыл жан, қазақ әдебиетінен сабақ берген ұстазы Күләй Жанұзақованы білімі ұшан-теңіз тұлға деп еске алады. Институтта білімі жан-жақты, даярлығы мол ұстаздардан білім алған Нұрлыкүн Оразбекұлы кейін қызметте де Кеген ауданындағы білікті басшылар – аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы Үмбетжан Нұрғазиев, партия аппаратындағы білікті мамандар Тұрсынкүл Мұқанқызы, Болат Қалжатбаев, Нұрпейіс Құттықожаев, Аманкелді Бұқабаевтың тәлімін алады, тәжірибе жинайды.
«Әр мықты азаматтың артында ақылды жар тұрады» деп бекер айтылмаған. Нұрлыкүн Оразбекұлының 57 жыл отасқан жары Раушан Бәкенқызы биыл 80-ге аяқ басты. Бір ауылда туып-өсіп, бір мектепте білім алып, институтта да бірге оқыған Нұрлыкүн мен Раушан институттың соңғы курсында үйленіп, бас қосты. Үш ұл, бір қыз өсіріп тәрбиелеп, олардан сегіз немере, төрт шөбере сүйіп отыр.
«Раушан өмірдегі серігім бола білді. Ұзақ кешкен тірлікте қай белдің астында жүрсем де, бір өзі тіреуім, қамқоршым болды. Менің арманымды өз арманы етті. Бірге тұрып келе жатқан 57 жылда кең дастарқаны мен дәмді асымен, жылы қабағымен қарсы алды. Ел, жер тануыма мүмкіндік ашып, үнемі қолдау көрсетіп отырды. Кейде шәлкес, кейде қия басып кете беруші едім. Ол жарыма еркелегенім болар. Ендігі қалған ғұмырымда айтар еш назым жоқ. Қызмет істеген өңірлерде көптеген қимас дос-жарандарымыз болды. Олардың арасындағы беделімнің биіктеуіне, еңбектегі абырой-атағымның баянды болуына Раушанның қосқан үлесі мол. Ағайын-туыстың бірлігін сақтауда атқарған еңбегі бір төбе», – деп, бірге мәнді ғұмыр кешкеніне шүкіршілік айтады.
Сексеннің үш белесін асса да санасы сергек, ойы тың Нұрлыкүн Оразбекұлы Жалағаш өңірінің тіршілігіне бейжай қарамай, ауыл жастарын кіндік қаны тамған жерге жақсылық жасауға үндеп отырады. Кейінгі ұрпақ, Жалағаштағы екі мектептен түлеп ұшқан азаматтар ел ағаларының осындай өсиетін жерге тастамай, ауылдың кіре берісіне жағалай шырша, тал-теректер отырғызып, сыртын қоршап, жыл сайын көлемін ұлғайтып келеді. Бұл да болса, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты сөздің қадірін ұқтырып тұрғандай.
Айбек БЕЙСЕбаев