Перейти к содержимому
Главная страница » Азаматтардың өмір сапасы сайлау күн тәртібінің басты басымдығы – «Sarap» сарапшылары

Азаматтардың өмір сапасы сайлау күн тәртібінің басты басымдығы – «Sarap» сарапшылары

2026 жылғы 14 тамызда Астана қаласында Қазақстандық қоғамдық даму институты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Адам және оның өмір сүру сапасы: сайлау күн тәртібіндегі басымдықтар» тақырыбында «Sarap» сарапшылар клубының отырысын өткізді.Іс-шараға денсаулық сақтау және білім беру жүйесі ұйымдарының, салалық және кәсіби бірлестіктердің басшылары мен өкілдері, академиялық және ғылыми-зерттеу қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ экономика және адами капитал саласындағы сарапшылар қатысты.

меткерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Бақытжан Тәжібай денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы мен медициналық қызмет сапасын айқындайтын факторларға назар аударды: «23 тамыз — еліміздің әлеуметтік даму бағытын айқындайтын шешуші сәт. Біз елдегі жеті саяси партияның денсаулық сақтау саласын реформалауға қатысты бағдарламалық құжаттарын талдадық. Медицина саласының негізгі сын-қатерлері мен міндеттері жөнінде қоғамда толық ортақ ұстаным қалыптасқаны анық байқалады. Азаматтық қоғамның бұл сұраныстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бағытымен толық үндеседі. Президент ауылдық медицинаны ауқымды жаңғырту, үдерістерді толық цифрландыру, медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру және олардың құқықтарын заңнамалық тұрғыдан қорғау жөнінде нақты міндеттер қойды».Денсаулық сақтау саласының сарапшысы Жаннұр Қалиғожин «Жаңа Конституция әлеуметтік күн тәртібін жүзеге асырудағы мемлекеттің рөлі мен жауапкершілігін едәуір күшейтеді. Қазіргі сайлау науқаны аясында жаңа конституциялық модельдің іргелі институттары қалыптасып келеді. Бұл ретте адами капиталды дамыту негізгі басымдықтардың біріне айналуда. Бүгінде қазақстандықтар үшін денсаулық сақтау саласына қанша қаражат бөлінетіні ғана емес, азаматтардың қолжетімді медициналық көмекті дер кезінде алуы, уақтылы тексеруден өтуі және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі де маңызды. Сонымен қатар медицина кадрларын сапалы даярлауға және олардың кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аудару қажет» — деді.Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығының зерттеуші, әлеуметтану бойынша PhD кандидат Азат Мұхамедиев «Жаңа конституциялық модельдің негізгі институттары қалыптасып жатқан қазіргі сайлау кезеңі қарқынды әрі серпінді өтуде. Бұған қоғамның кең қызығушылығын тудырған теледебаттар сериясы, партиялар арасындағы мазмұнды пікірталас және әлеуметтанулық зерттеулердің белсенді жүргізілуі ықпал етуде. Мұның барлығы сайлау үдерісінің ашықтығы мен бәсекелестігін арттырып, оны азаматтардың нақты сұраныстарына бағдарлауға мүмкіндік береді» — деп айтты.Алдағы саяси кезеңді талқылау барысында Еуразиялық интеграция институтының Әлеуметтанулық зерттеулер департаментінің басшысы Гүлден Емішева Қазақстанда және шет елдерде экзитпол жүргізудің ерекшеліктеріне тоқталды: «Экзитпол — дауыс беру күні азаматтардың электоралдық таңдауын анықтауға мүмкіндік беретін маңызды құрал. Ол алдын ала нәтижелерді жедел ұсыну мүмкіндігімен құнды әрі дауыс беру қорытындысын болжаудың тиімді әдісі саналады. Сонымен қатар экзитпол нәтижелері арқылы азаматтардың электоралдық мінез-құлқын жас, жыныс және этностық ерекшеліктер тұрғысынан талдауға болады. Бұған дейін институтымыз барлық әдіснамалық талаптарды сақтай отырып, үш ауқымды экзитпол өткізді. Олардың қатарында 2023 жылғы парламенттік сайлау, сондай-ақ 2024 және 2026 жылдары өткен екі референдум бар. Қазіргі уақытта 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына орай экзитпол жүргізуге дайындық жұмыстары жалғасуда».Тақырыпты жалғастырған Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев «Экзитполдардың рөлі ерекше. Бір жағынан, бұл әлемнің жетекші демократиялық елдерінде кеңінен қолданылатын, дауыс беру күні сайлаушылардың электоралдық таңдауын жедел анықтауға мүмкіндік беретін құрал. Екінші жағынан, экзитпол сайлау нәтижелерін бағалаудың балама көрсеткіші ретінде үдерістің ашықтығын арттырып, қоғамдық бақылауды күшейтеді. Сондықтан экзитполды Еуразиялық интеграция институты секілді кәсіби ұйымдардың жүргізуі аса маңызды. Өйткені мұндай сауалнамада ұсақ-түйек болмайды. Респонденттерді іріктеу, сауалнама географиясы және қатысушылардың психологиялық жайлылығы секілді әрбір фактордың маңызы зор. Бір күннің ішінде объективті деректер жинау үшін мол тәжірибе мен тыңғылықты дайындық қажет» — деп ой толықтырды.Кездесу қорытындысы бойынша сарапшылар саяси партиялардың азаматтардың әлеуметтік сұраныстарын жүйелі түрде ескеру, кері байланыс тетіктерін жетілдіру және қоғамдық-саяси күн тәртібін қалыптастыру барысында сенімді әлеуметтанулық деректерді пайдалануы қажет екенін атап өтті. Қатысушылар халықтың әл-ауқаты мен адами капиталды дамыту мәселелері бойынша ашық сараптамалық диалог жүргізу қоғамның нақты қажеттіліктеріне сай тиімді шешімдер қабылдауға ықпал ететінін айтты.