Перейти к содержимому
Главная страница » ӨЗ САЙЛАУ УЧАСКЕҢІЗДІ АЛДЫН АЛА АНЫҚТАҢЫЗ

ӨЗ САЙЛАУ УЧАСКЕҢІЗДІ АЛДЫН АЛА АНЫҚТАҢЫЗ

Сайлау – азаматтардың елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуының маңызды тетіктерінің бірі. Дауыс беру құқығын кедергісіз жүзеге асыру үшін әрбір азамат өзінің қай сайлау учаскесіне тіркелгенін алдын ала анықтап алғаны жөн.

Қазақстан бойынша азаматтарды нақты сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізудің негізгі шарты – сол сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тіркелуі. Сайлаушылар тізімдерін жергілікті атқарушы органдар қалыптастырады. Бүгінде цифрлық сервистер қажетті ақпаратты жылдам әрі қолжетімді түрде алуға мүмкіндік береді. Азаматтар өздерінің дауыс беру учаскесі туралы мәліметті онлайн форматта тексере алады.

2026 жылы eGov Mobile мобильді қосымшасы мен GOV.KZ порталында ЖСН және өңір туралы мәліметтерді енгізу арқылы дауыс беру учаскесінің нөмірін, орналасқан өңірі мен ауданын және нақты мекенжайын анықтау мүмкіндігі ұсынылды. Бұл мүмкіндік еліміздің барлық өңіріндегі сайлаушылар үшін дауыс беру күніне алдын ала дайындалуға, өз учаскесінің орналасқан жерін нақтылауға және сайлаушылар тізіміндегі мәліметтерін уақытылы тексеруге жағдай жасайды. Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сәйкес, сайлаушылардың тізімдері дауыс беру күнінен он бес күн бұрын азаматтарға өздері туралы деректермен танысу үшін ұсынылады. Әр азамат сайлаушылар тізімінде өзі туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеруге құқылы. Сондықтан сайлау күніне дейін өз учаскеңізді анықтап, қажетті ақпаратты алдын ала тексеру маңызды. Бұл дауыс беру процесін ұйымдасқан түрде өткізуге ғана емес, әр азаматтың конституциялық құқығын толыққанды жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Өз таңдауыңызды жасауға дайын болыңыз – сайлау учаскеңізді алдын ала анықтаңыз!

Риза САУРБАЕВА, Алатау қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы