Қазақстан елінің шекарасында ізі сайрап жатқан аңыз тұлғалардың бірі, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, отставкадағы генерал-майор Құсайын Берқалиев туралы жазу кез келген журналист үшін оңай емес. Сондықтан, 15 тамыз күні тура 75 жасқа толатын сардар жайлы мақала жазуға тапсырма алған кезімде көңілімде қобалжу болды: «Шекараның ыстығы мен суығын өз басынан кешіріп, көргені мен түйгені мол ардагер туралы жеріне жеткізе жаза аламын ба?» деген ой мазалады. Алайда, көп ойлана келе қолыма қалам алдым. Өйткені, бүгінде елордамыз Астана қаласында еңбегінің зейнетін көріп, қоңыр тіршілік кешіп жатқан Құсайын Иманғалиұлы туралы айтарым бар еді.
Біз әдетте генерал Құсайын Берқалиевті 1992 жылдың 18 тамызында құрылған Шекара қызметінің қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткер тұлға ретінде көріп, барлық әңгіменің ауанын да, аумағын да осы төңіректен іздейміз. Әрине, нағыз қолбасшыға тән әскери тума таланты мен қызмет бабындағы, жұмыс барысындағы кез келген іске зеректік, алғырлық, сергектік, принцинтілік танытуын айтуымыз керек. Бұл заңдылық та. Менің ойымша генерал Құсайын Берқалиевтің әлемі бірізді дүниеден де күрделі. Ол шекара соқпағында өзінің берқалиевтік келбетін көрсеткен кемел офицер.
…Құсайын Иманғалиұлын бір кездері өзі басқарған шекара отрядындағы офицерлердің өзара «батя» деп атайтынын білетінмін. Бұл тарих қойнауына сүңгіген 90-шы жылдардың соңғы кездері болатын. Сонда осы жолдардың авторы, лейтенант: «Неге батя! Ұлы Отан соғысы жылдарында Бауыржан Момышұлын жауынгерлері «Батя» деп атағанын Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызынан» білемін. Темірдей қатал, қара қылды қақ жарған әділдігі үшін… Ал генерал Берқалиевті не үшін?» – деп ойға қалғаным есімде. Тек бұған сәл кейінірек ораламыз.
Ал Шекара қызметінің арда туған ардагерінің шекараға қалай келгені туралы айтсақ.
Құсайын Иманғалиұлы отбасында ортаншы бала болыпты. Балалық шағы мен жастық кезеңі Гурьевте өтті. Өзінің айтуынша, оқудан гөрі футбол, хоккей, көше қызықтыратын. 9-шы сыныптан кейін кәсіптік-техникалық училищеге түскен ол кешкі мектепте оқыпты. Бір қызығы, жас жігіт учлищені үздікке бітіріп, мектебіндегі ұстаздарын талайға дейін таңғалдырған көрінеді…
Әскери жолды неге таңдады?
Ол кезде жасы 19-ға толған еді. Енді ақыл тоқтатып, болашағына байыппен қарап, салмақты мамандық таңдайтын уақыт келген. Ал 60-жылдардың соңы мен 70-жылдардың басында әскери қызметті насихаттау жұмысы өте жақсы жолға қойылған болатын. Оның үстіне, ол кезде офицерлік қызмет беделді мамандық саналатын. Таңдау – шекарашы мамандығына түсті.
Осылайша, сонау батыстан сол кездегі астанаға ат терлетіп жеткен Құсайын шекарашылардың училищесіне түсіп кетті. Алайда, осында екі жыл оқығаннан кейін, Қ.Берқалиев білім алған курс толық құрамымен Мәскеудің іргесінде қайта ашылған Голицын шекара училищесіне ауыстырылды. Екі жылдан соң осы әскери білім шаңырағының алғашқы офицерлік түлектері атанды.
1918 жылы жасақталған Қызыл тулы Шығыс Шекара округі. Жолдамамен осында жіберілген ол Үшарал шекара отрядына қарасты «Покатиловка» шекара заставасы бастығының орынбасары болып тағайындалады.
Орталық аппараттың ағаштармен көмкерілген демалыс алаңында өткен сұхбат үстінде:
– Заставаға келген бойда, училищедегі ұстаздарымыз бізге не үйреткенінің бәрін бірден ұмытып қалдым, – дейді Құсайын Иманғалиұлы күлімсіреп. Бірақ шекарадағы өмір училищеде оқыған негізгі дүниелердің бәрін өте тез еске түсіруге мәжбүр етті: қызметтік-жауынгерлік іс-қимылды ұйымдастыруды да, жеке құраммен жұмысты да, жауынгерлік даярлықты да. Бәрі-бәрін.
Ал училище қабырғасында курсанттарға дәріс берген ұстаздар – ел шебінде қызмет атқарып, ыстығы мен суығына шыдамдылықпен төзе білген офицерлер еді. Олар курсанттарға болашақ әскери қызметтің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, өздерінің жауынгерлік тәжірибесімен де бөлісті. Сосын да болса керек, Құсайын Иманғалиұлының курсант кезінде бойына сіңірген дағдылары мен білімі генералдың жадында әлі күнге дейіін жаңғырып тұр…
… «Покатиловка» заставасында бір жарым жыл қызмет еткеннен кейін лейтенант Қ.Берқалиев Жоңғар Алатауының ашық қақпасына небәрі 100 қадамдай жерде тұрған «Шыңдалы» шекара заставасының бастығы болып тағайындалды. Осы заставаны төрт жыл басқарды. Шекараның бұл учаскесі үлкен әрі күрделі еді. Ол кезде қазіргі «Селті» мен «Сарыбөктер» шекара заставалары әлі ашылмаған. Сондықтан, қазір үш шекара бөлімшесі күзететін аумақты «Шыңдалы» шекара заставасының шекарашылары өз күштерімен жапты.
Генералдың айтуынша, сол жылдары Үшарал, Пржевальск және Шонжы шекара отрядтарында мынадай эксперимент жүргізілді. Офицерлер екі ай заставада қызмет атқарады да, келесі екі айды отрядта өткізеді. Заставада шекараны күзетумен айналысса, отрядта жауынгерлік дайындықтарын шыңдап, қарауыл қызметін атқарды. Офицерлер үшін бұл тәжірибенің өзіндік тиімді жағы болды. Олар заставаны да шебер басқара білді, қарауыл қызметін де меңгерді. Кейін бұл тәжірибе офицерлерге көп пайдасын тигізді.
Араға жыл салып, аға лейтенант Қ.Берқалиевтің ұжымы заставааралық сайыста үздік атанды. Офицер басқарған жылдардың ішінде застава осы биік межені деңгейінен түсірген жоқ.
Әрі қарай, офицердің өміріндегі ең қиын күндер мен шет-шегі жоқ іссапарлар басталып кете барған: алдымен Үшарал шекара отрядындағы қызмет, содан кейін Ауғанстан, Мургаб. Өйткені, 1979 жылы бұрқ ете қалған Ауған өртіне алғашқылардың бірі болып, біздің кейіпкеріміз де сұранған болатын…
Сосын Күршім шекара отрядындағы қызмет, В.И. Ленин атындағы академияда оқу… Содан кейін өзінің алғашқы офицерлік қызметі басталған жерге қайта оралды. Бұл жолы шекара отрядының бастығы болып.
Мен өзімнің журналистік мамандығымның арқасында қаншама шекарашымен сұхбат құрдым. Солардың ішінен өзінің өмірін шекарасыз елестете алмайтын офицерлер застава бастығы болып жүрген кезде-ақ, отряд бастығы болуды алдарына мақсат етіп қойғандарын айтатын. Ал сол офицерлердің дені өздерінің алғашқы шекарашылық жолдарын генерал Қ.Берқалиев басқарған шекара отрядында бастағандар. «Желдің қай бағыттан соғып тұрғанын» түсінген боларсыз, құрметті оқырман! Себебі мен Құсайын Иманғалиұлының да осы мақсатқа жеткенше тоқтамағанын білетінмін…
Офицер Үшарал шекара отрядын бес жыл басқарды. Оңай болған жоқ.
– 90-шы жылдардың бас кезінде – жаңа ғана құрылған Шекара қызметі ел шебіндегі өзекті мәселелермен бетпе-бет қалғаны рас. Бір жағынан, «…бөрі етектен алады!» дегендей, бүкіл Одақтан келген мамандардың шетке үдере ағылуы басталды. Білікті мамандар өз Отандарына қайтып жатты. Ал біздің міндет шекараның тыныштығын қалайда сақтап қалу болды. Ақыры біз өзіміздің діттеген мақсатымызға жеттік те. Бірақ қалай? Мамандығы тура келетін жастарды қатарымызға көптеп тарттық. Енді міне сондағы жас офицерлер бүгін аға буын ардагерлердің қатарын толықтырды. Застава тарландарының сапына қосылып жатқандары да бар.
Ал бүгінгі шекараның келбеті қандай? Қызығамын да мақтанамын. Жастардың қызметіне барлық жағдай жасалған. Тек, қызмет ет! Антыңа адал бол. Ендігі мақсат, шекарашылардың жүріп өткен Жауынгерлік Даңқ жолдарын өміршең ету. Мұнсыз болмайды. Өсіп келе жатқан жастарды шекарашы мамандығын қадірлеуге баулу – біздің міндетіміз. Әйтпесе, біз аға буын мен кіші ұрпақтың арасын жалғап тұрған алтын жіпті жоғалтып аламыз.
Ардагер – батыл мінездің адамы. Тура сөйлейді, Кесіп айтады. Өзінің ойға оралған естеліктері мен шекарадағы оқиғаларды тартымды етіп әңгімелейді. Жақсы әсерге жетелеп отырады.
Мен генералдан сұрадым:
– Жақсы нәтижелерге жету үшін бүгінгі командирлер не істеуі керек?
– Бастықтың креслосына отырған соң, сенің әлдеқашан қалыптасып, бәріне қол жеткізгеніңді, сондықтан офицермен телефон арқылы сөйлесе алатыныңды, ал заставаға келгенде кеңседен әрі қарай бір қадам да баспайтыныңды ойлаудың қажеті жоқ. Ал шын мәнінде өзіңді жұмыс істеуге, көп жұмыс істеуге мәжбүр ету керек.
… 1997 жылы шекара отрядының бастығы полковник Қ.Берқалиевке «генерал-майор» әскери шені берілгенін халық республикалық бұқаралық ақпараттары арқылы естіді. Әсіресе, шекара аймағындағы Құсайын ағамызды жақсы білетін, сыйласатын тұрғындар, қарапайым адамдардың қуаныштарында шек болған жоқ. Ал олардың қатары көп, өте көп болатын.
Менің шекара шебіне журналистік сапарларым 1998 жылдан басталды. Әлі есімде, Үшарал шекара отрядының қақпасынан кірген мені әскери тәртіп пен тазалық, әскерилердің бір-біріне сыйластықтары қарсы алған… Қазір ойлап қарасам, осының барлығы Құсайын Иманғалиұлын еске салып тұр екен. Сонда барып, мен үшаралдық шекарашылардың генералды неліктен «батя» деп атап кеткендерінің түп-төркінін түсіндім. Бұл үшін мен өзімнің журналист-әріптесім Лариса Дмитрюктің генерал туралы жазған мақаласынан үзінді келтіргім келіп отыр:
«Біздің отрядтың бастығы қатал командир еді, біз одан қорқатынбыз. Бейне бір әкемізден қорыққан секілді. Әйтсе де, қызметіне шаң жуытпайтын офицер ғана генерал Берқалиевтің алдына еркін кіре алатын. Ал егер бірдеңе бүлдірсең, онда бәрі бітті: командир ешқашан дауысын көтермейтін, ұрыспайтын, ол тек сенің көзіңе тура қарайтын. Бірақ сондай сәттерде оның көзқарасына шыдау мүмкін емес еді».
«Оған кез келген себеппен әрдайым жүгінуге болатын. Ол тыңдайтын, өз пікірін айтатын, сырт айналмайтын, міндетті түрде көмектесетін».
«Неге «батя» деп атайды? Ол сондай адамның өзі еді. Шекара отряды – үлкен отбасы, ал генерал Берқалиев біздің үлкен отбасымыздың басшысы болды, қарамағындағылардың әйелдері мен балаларының есімдерін жатқа білетін, оның есте сақтау қабілеті таңғаларлық еді. Ол біздің барлық мәселелерімізді білетін және әрдайым көмектесетін».
Осы жолдарды оқып отырып, мен: «Қап, Шекара қызметінің сапына тым болмағанда бір жыл бұрын келгенімде ғой?..», – деп өкініштен бармағымды «шайнауға» шақ қалғанымды несін жасырайын? Ал мен келгенде ол Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы болатын. Мұндай жоғары лауазым иесінің шаруасы қат-қабат болатыны, сондықтан, мен секілді әскери журналиске уақыт таба бермейтіні өз-өзінен түсінікті еді!
…Бүгін, яғни 15 тамыз күні біздің генерал Құсайын Иманғалиұлы 75 жасқа толды. Ал Шекара қызметінің құрылғанына, 18 тамызда 34 жыл. Десек те, екеуі де біз – шекарашылар үшін төл мереке! Менің не айтпағымды, ел шебінде, жел өтінде жүрген өз ісінің патриоттар түсінеді!
Тамара Дәулетбаева.
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы
