Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / «Алдымен – дауыс, кейін – той»: жас жұбайлар той көйлегімен дауыс берді

«Алдымен – дауыс, кейін – той»: жас жұбайлар той көйлегімен дауыс берді

74 қаралым

    Ақ көйлектегі қалыңдық пен классикалық костюмдегі күйеу жігіт 23 тамызда Өтеген батыр ауылындағы №1062 сайлау учаскесіне келгенде көпшіліктің назарын бірден аударды. Базарбек Нұрбек пен Асия Дәуренбекқызы той күнінің қарбаласына қарамастан, Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс беруге уақыт тапты.

    Жас жұбайлар сайлау учаскесіне той киімдерін ауыстырмастан келген. Асия ақ қалыңдық көйлегімен, ал Нұрбек классикалық костюммен дауыс берді. Ерекше образдағы жұпты учаске қызметкерлері мен дауыс беруге келген тұрғындар жылы қарсы алды.

    Жас жұбайларды сайлау учаскесінің төрағасы құттықтап, жаңа отбасына ақ тілегін білдірді. Учаскеде болған тұрғындар да ізгі тілектерін айтып, жас отбасының қуанышына ортақтасты.

     – Бүгін біз үшін ерекше күн. Тойдың арасында сайлау учаскесіне де келіп үлгердік. Шынымды айтсам, бір күні қалыңдық көйлегімен дауыс беруге келемін деп ойламаппын. Енді бүгінгі күннен осындай ерекше суреттер де естелікке қалады, – деді Асия.

     Жас жұбайлар үшін 23 тамыз екі бірдей маңызды оқиғамен есте қалмақ. Бір жағынан, бұл – шаңырақ көтеріп, жаңа өмірге қадам басқан күн. Екінші жағынан, елдегі маңызды қоғамдық-саяси науқанға қатысып, өз таңдауын жасаған күн.

     Дауыс беру рәсіміне бірнеше минут жұмсаған Нұрбек пен Асия кейін тойын жалғастыруға аттанды. Енді олардың 23 тамыздағы естелік суреттерінің арасында қалыңдық көйлегі мен күйеу жігіттің костюміндегі той кадрларымен қатар, сайлау учаскесінде түсірілген ерекше фотолар да сақталмақ.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ