25 қазан – Республика күні мерекесі Алматы облысының орталығында кең көлемде атап өтілмек.
Солардың бірқатары бүгін ұйымдастырылды. Алдымен мектеп оқушылары “Қыран елім – Қазақстан” науқанының аясында 40 туды көтеріп, орта мектеп-гимназиядан бастап Д.Қонаев ескерткішіне дейін жүріп шықты.
Бұдан соң тұрғындар әскери оркестрдің сүйемелдеуімен еліміздің әнұранын шырқады. Сонымен қатар әскерилер сап түзеп, 25 санын бейнеледі. Аталғандардан бөлек, қаладағы тұрғын үйлерге 20 ту ілінді.
“Шеруді де тамашаладық, тулар да ілінді. Ғажап! Мерекенің жақындап келе жатқаны сезіліп тұр. Тулардың ілінуі қаламызға көрік берді. Жаңбырлы күнге қарамастан, шаралар ұйымдастырылды. Әрқашан аспанымыз ашық, туымыз көкте желбірей берсін!” – деді тұрғын Шолпан Уталиева.
Бүгінгі іс-шараларға барлығы 1500 адам қатысты. Салтанатты жиындар легі ертең сағат 16:00-де орталық алаңда өтетін концерттік бағдарламаға ұласпақ. Ал 25 қазан күні мерекені тойлау таңғы 9-да басталады. Орталық алаңда концерт өтіп, балаларға арналған ойын-сауық алаңы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады.